Бүкіл әлемді «үйқамаққа» алған карантин қай саланың болмасын аяғынан шалып, алқымынан алып жатқаны баршаға аян. Әсіресе, кәсіпкерлердің кеңірдегі қысылып, қарыздың астында қалды. Оның үстіне сол карантинді сылтауратып, солардың қалтасын қағатындар да толып кетті. Негізсіз тексеріс, толассыз айыппұлдан шаршаған олар өздерін қылкөпірде тұрғандай сезініп жүр. Сондықтан да кәсіпкерлердің құқығын қорғау – жауапты органдардың алдында тұрған басты міндет. Осы тұрғыда, Қызылорда облысы прокуратурасымен аймақтағы бизнес ахуалды жақсарту мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда.
«Шағын бизнесті өлтіріп алуымыз мүмкін». Сарапшылар осылай дабыл қағуда. Кәсіпкерлер қарызға батып, кәсібін құтқарып қалу үшін шырылдап жүргені жасырын емес. Ел экономикасының негізін құрайтын орта және шағын кәсіп иелеріне қолдау жүйелі болуы тиіс. Осы орайда мобильдік топтардың жұмысы күшейтіліп, оларға шағым беру тәртіптері және сенім телефондары туралы мәліметтер прокуратураның, кәсіпкерлер палатасының ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде жаңартылып орнатылды. Соңғы уақыттағы қиын жағдайға байланысты жергілікті кәсіпкерлердің прокуратураға сенімі артқан. Оған дәлел өткен жылы бар болғаны 13 арыз-хабарлама келіп түссе, 2021 жылдың бастапқы 3 айында ғана 17 арыз-хабарлама түскен. Бұл кәсіпкерлерді қорғау жұмысының жүйелі екенін білдіреді.
Ағымдағы жылы бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 13 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 87 кәсіпкердің құқығы қорғалды. 12 тұлға тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылды. Кәсіпкерлер жалпы сомасы 360 485 теңгені құрайтын айыппұлдан босатылды. Мысалы, «QazBuilndings» ЖШС-нің директоры Н.Денеевтің арызын қарау кезінде Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беруден екі рет негізсіз, заңмен көзделмеген талап қойып бас тартылғаны анықталып, басқарма басшысына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Тиісінше, шенеунікке 61 257 теңге айыппұл салынды.
Кәсіпкерлерді мазалайтын басты мәселе – карантиндік шектеулердің қатаңдығы. «Еркін жұмыс істеуге кедергі келтіреді» деп шағымданады олар. Түскен арыздардың басым бөлігі де осы бағытта. Бұл жағы да ескерусіз қалмады. Облыстық прокуратураның наразылығына сәйкес, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіліп, көптеген кәсіпкерлік субъектілерге белгіленген жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып, жекелеген бизнес субъектілерінің жұмыс уақыты ұзартылды. Карантин талаптарының сақталуы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органымен бір кәсіпкерге екі рет заңсыз тексеру жүргізілгені анықталып, тексеру тағайындау, тексеру нәтижесі туралы актілердің және ұйғарымдардың күші жойылды.
Мемлекеттік кірістер органының 2 кәсіпкерге қатысты 5 және агроөнеркәсіп кешеніндегі уәкілетті органның 3 кәсіпкерге қатысты заңсыз толтырған 3 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларының күші жойылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 млн теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етілді. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 9 кәсіпкердің жалпы сомасы 5,3 млн теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылды.
Сондай-ақ, шет аудандар да назардан тыс қалған емес. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ШЖҚ «Қазалы ауданаралық ауруханасы» КМК тарапынан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу шарттары бойынша фармацевтикалық компаниялар алдында қалыптасқан 87,4 млн теңге қарыздың төленуі қамтамасыз етілді.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғауды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жүктеген еді. Қазіргі таңда президент тапсырмасы мүлтіксіз орындалуда әрі одан ары жалғаса береді дейді прокуратура өкілдері. Ел үшін орта және шағын бизнестің өміршеңдігі маңызды. Пандемия ықпалынан елімізде көптеген кәсіпорындар жабылғаны да белгілі. Сол үшін олардың құқығын қорғау күн тәртібінен түспегені абзал.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!