Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алаш» партиясының құрылу тарихы: Ұлттық мүдде мен асқақ арман

25.02.2021, 9:30 2379

«Алаш» партиясы туралы білмейтін қазақ баласы жоқ шығар… Тіпті, ауқымды жиындарда, халықаралық басқосу шараларында өзімізді зор мақтанышпен «Алаш жұрты» деп таныстырамыз. Ал, осы атаудың мән-мағынасына тереңірек үңіліп, Алаш қозғалысының ерекшелігі неде, оны алға бастырған қайраткерлер кім болғанын білгілеріңіз келе ме?

Тарихшы Оливье Руаның айтуынша, «Алаш» қозғалысы Орта­лық Азия аумағындағы тұңғыш кәсіби түрде құрылған партия болатын. Партия идеялары мен тұжырым­дарын қырғыз бауырларымыз да қолдап, қосылған-ды. Және де, өзде­ріңіз білетіндей, «Алаш» партиясының құрамына еліміздің бетке ұстар азаматтары кірген.

Расында да, «Алаш» қозғалысы о баста ұлттық рух пен ұлттық мүдде жолында құрылады. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық күресі кезеңінде «Алаш» қозғалысы пайда болды. Оның басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс және 1917 жылы Ресейдегі Ақпан және Қазан төңкерістері Қазақ ұлттық зиялыларының байырғы халықтың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін жандандырды. Қазақ ұлттық партиясын құру бойынша алғашқы қадамдар бірінші орыс рево­люциясы кезеңінде жасалды. 1905 жылдың аяғында Оралда Қазақ­станның бес  облысы өкілдерінің «делегат съезі» шақырылып, онда Қазақ ұлттық партиясын құру туралы алдын ала шешім қабылданып, оның негізінде кейіннен «Алаш» партиясы пайда болды.

1917 жылғы 21-28 шілде аралы­ғында Орынбор қаласында өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясын ұйымдастыру ресімделді. Партия бағдарламасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және т.б. қайраткерлер  әзірледі, бағдарлама 10 параграфтан тұрды және «Қазақ» газетінде жарияланған болатын. Съезде мемлекеттік басқару, авто­номия, Құрылтай жиналысына қатысу, саяси партия құру, жер, халық милициясы, білім, сот және басқа да мәселелер қаралды.

«Алаш» партиясының ұйымдас­тырушылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұха­медов және либералдық-демократия­лық бағыттағы қазақ зиялыларының басқа да өкілдері болды, ал ол жалпы­қазақ ұлттық-демократиялық ұйымы еді. Сондай-ақ, партияға ғылыми және шығармашылық зия­лы қауым өкілдері М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев және т.б. кірді. Партия төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. «Қазақ» газеті партияның ресми органы болып  танылды.

Алаш автономиясының үкіметі 1917 жылдың желтоқсанында құры­лып, 1920 жылға дейін қызмет етті.

1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда «Алаш» партия­сының Екінші жалпықазақ съезі өтті. Оның ұйымдастырушылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ, И.Ома­ров, С.Қадырбаев, С.Дощанов болды. Съезд төрағасы қызметіне Б.Құлманов тағайындалды. Шақырылғандардың арасында Түркістан автономиясының басшысы Мұстафа Шоқай  да  болды.

Съезде Қазақ халқының саяси тағды­рына қатысты маңызды құжат­тар қабылданды. Ең бастысы, авто­номия және оның үкіметін құру мәселесі болды. Съезд «Алаш» деп аталатын Қазақ автономиясын құру туралы мәлімдеді. Съезде «Алаш Орда» (Алаш автономиясының үкіметі) деп аталатын уақытша Халықтық кеңес-үкімет құрылды. Съезд Қазақ автономиясының құ­рамына қазақтар тұратын Бөкей Орда­сы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары, Каспий сырты облысының аудандары және Алтай губер­ниясы кіруі тиіс деп қаулы етті. Алаш Орда автономиясының орталы­ғы болып уақытша Семей қаласы жарияланды. Алаш Орда үкіметін Әлихан Бөкейханов бас­қарды. Съезд өңірлік уездік Кеңес­тер мен комитеттер ұйымдастыруға қаулы етті, Алаш Ордаға «қазақ халқының барлық атқарушы билігін дереу өз қолына алуды» тапсы­рады. Қазақ халық милициясын құру жоспары жасалды. Халық мили­циясының қатар­ына әскери қызметке жарам­ды 20-35 жас аралығындағы ер адамдар шақырылды. Милицияны қарумен және оқ-дәрімен қамтамасыз етумен Алаш Орда ұлттық қоры айна­лысқан. Алаш Орданың Батыс бөлімшесінің басшылары Жанша Досмұхамедов пен Халел Дос­мұхамедов «Комуч» (Самара) үкіметінен 600 мылтық пен пулемет, Торғай бөлімшесінен 300 мылтық пен 20 мың патрон алды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы А.И.Дутовтың көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полк құрылды. 1918 жылдың тамызында Алашорда әскери бөлімінің командирі Хамит Тоқтамышев Қазақстанның түрлі аудандарында Кеңес өкіметіне қарсы ұрыс қимылдарына қатысатын құрамында 750 сарбаз және 38 офицер бар Алаш полкінің, Жайсанда, Павлодар­да, Қарқаралыда, Өскеменде халық  милициясының бөлімшелерінің құрылуы  туралы  баяндап  берді.  1919 жылы ақпанда Қызыл әскерге қарсы Азамат соғысы майдандарында соғысқан  Алаш  автономиясы  милициясының саны 5000 адамға жетті, Алаш автономиясы таратылғаннан кейін Алаш милициясы да тара­тылды.

«Алаш» партиясының тарихы 1917 жылғы төңкеріспен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде қазақ қоғамының түрлі жіктерінің саяси бірігуі жеделдеді, жаңа ұрандар пайда болды: демок­ратиялық федерация шеңберінде Ұлттық-аумақтық автономия құру; халықтың түрлі жіктерін әлеуметтік  қорғау және т.б.

Автократия құлағаннан ке­йін  1917 жылдың аяғында «Алаш» қозғалысы партия құрылысы проб­лемаларынан ұлттық автономия құру әрекетіне көшті. Алаштықтар 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жау­лап алуды дәйекті қорғап, Ресей жұртшылығының жалпыдемокра­тиялық талаптар арнасында сөз сөйледі, «Алаш» қозғалысы тарихының соңғы кезеңі ішінде (1918-1920 ж) оның басшылары толық автономия идеясының қиындығын, ең алдымен аумақтың шашыраңқы орналасуы мен қазақ қоғамының экономикалық дамуының әлсіздігіне және әскери-саяси жағдайға байланысты жақсы түсінді.

Кейін «Алаш» партиясының жаңа үкіметпен қарым-қатынасы тұрақты байланыстар мен ымыраға көшті. Алаш басшылары жағдайды тиянақ­ты бағалап, кеңестік әскери-саяси басшылық талап еткен шарттарды қабылдады. А.Байтұрсынов В.И.Ленин­мен кездесуден кейін 1919 жылы төтенше өлкелік орган – Қырғыз Әскери-революциялық комитетінің (КирВРК) құрамына кірді, алайда оның билігі, көбінесе тек атаулы болды. Іс жүзінде басқаруды Түркістан майданының органдары, содан кейін партия комитеттері жүзе­ге асырды, олардың жетекші рөлін орталықтан іссапарға жіберілген большевиктер атқарды.

Азаматтық соғыстағы жеңіс­тен кейін Кеңес өкіметі Алашорда үкіметін таратып, кейінірек Алаш­орда қайраткерлері сталиндік режим­нің қуғын-сүргініне ұшырады. Қозғалыстың басты қайраткерлері өлім жазасына, қалғандары қуғынға ұшырайды. Осылайша, «Алаш» партиясы бір жылға жуық уақыт ішінде ғана қызмет етіпті. Дегенмен, осынау қысқа мерзімнің өзінде ел тарихына терең еніп, тіпті бүгінге күнге дейін жарарлық тұжырымдардан тұратын бағдарлама жасақтап үлгерді. Әттең, саяси ұйымның өмірі тым қысқа болды. Әйтпесе, кім білсін, өз идея­ларына, мақсат-армандарына жетсе, қазіргі хал-жағдайымыз әлемдік көшбасшыларынан да кем емес болар ма еді?! Кім білсін…

Қалай болғанымен де, ел болашағын күні-түні ойлаған ата-баба­ларымызды саналы ұрпағы зор алғыспен еске алып келеді. Алаш қайраткерлерінің есімдері әр қаланың басты нысандарына беріліп, отандық тарихына алтын әріппен жазылды. Және де «Алаш» қозғалысының асқақ арманын бүгінгі мұрагерлері шындық етер деп үміттенеміз. Лайым, Алаш арыстарының ел мүддесі жолында құрбан еткен өмірлері зая кетпей, жарқын болашағымыз негіздемесі болып қаланса екен!..

Алтын  САДЫРҚЫЗЫ,

Қызылорда  қаласының  қала  тарихы  музейінің  қызметкері,  экскурсовод

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: