КРЕСЛОЛАР ҒАНА
Бізде тек креслолар ғана алмасады, өзгереді. Ал бөксе ауыстырып отыратындар сол баяғы он шақты адам…
КЕРМЕК
Әйелдің мәселесін шешпеген еркектің күні де – кермек, түні де – кермек…
ӘЙЕЛДЕР – ӘДЕМІЛЕР
Біреуінің күлгені әдемі… Біреуінің жүргені әдемі… Біреуінің көзі әдемі… Біреуінің өзі әдемі… Біреуінің жылағаны әдемі… Біреуінің бірдеңе сұрағаны әдемі… Біреуінің «жоқ» деп таңдайын қаққаны әдемі… Біреуінің ақ сазандай боп ақ көрпеде жатқаны әдемі…
Әйелдер барда айналамыздың бәрі әдемі!
МОДАНЫҢ МӘНІ
Етектегі жырық – еркектерге құрық.
МҮМКІНДІК БЕРУ
Жаздың шыжыған ыстығында басекеңдер костюм киіп неге қабызданып жүреді десем, костюмде қалта көп екен ғой. Біреулердің ретін тауып салып жіберуіне берілген мүмкіндік деп түсін.
ОСЫЛАЙ БОЛЫПТЫ
Сұрыптала-сұрыптала сұрқиялар ғана қалыпты.
САРКАЗМ
Анда-санда шай ішетін бір «үйің» болсын. Алда-жалда бәйбішеңмен шәлкем-шалыс келіп қалсаң, бас тіреп барып бірер күн жыныңды басқанша баратын төркінің жоқ қой…
«АЙТҚЫШ»
«Мен сендерге осыны айттым ғой» дегенді айту үшін айналасындағыларға үнемі ағыл-тегіл «ақыл» айтып жол көрсетіп, жөн сілтеп жүреді.
РЕФОРМАЛЫҚ ӨЗГЕРІС
Бұрын «Оқы, оқы және оқы» дейтін. Бүгінде мектепте «Талда, талда және талда» дейтін болыпты…
ҚҰБЫЛЫС
Ақша көрсе ақшаңдап кетеді, екі көзі аспандап кетеді…
ЫҢЫРАНҒАНДАР
Біреу әсем сазға ыңыранып жүр. Біреу өлең-сөзге ыңыранып жүр. Біреу қызметтің буына бөгіп ыңыранып жүр. Біреу стақандап құйып, ішіп-төгіп ыңыранып жүр…
ШЫНЫ – СОЛ
Біздің бастық – бастық емес сияқты, біздің директор – директор емес сияқты, біздің әкім – әкім емес сияқты, біздің министр – министр емес сияқты, біздің депутат – депутат емес сияқты… деп айта алмайсың.
МҰРТТЫЛАР КЛАСТЕРІ
Мұртын шиырып жүргендер бар. Мұрты майланып жүргендер бар. Мұртын сипап жүргендер бар. Мұртының жүні мұрнына кіріп, міңгірлеп жүргендер де бар…
ҮЙ мен МОЛА
Өмірінде бір бөлмелі үйге қолы жетпей зар болып өткендердің өзіне алыс-жақын ағайындары ауызбіршілік танытып, әжептәуір етіп төрт құлақты, еңселі мола салып береді…
ІШТЕГІ ОРЫН
Біреудің ішінде шабалаңдаған ит жатыр. Біреудің ішінде мияулаған мысық жатыр. Біреудің ішінде сұп-суық сұр жылан жатыр. Біреудің ішінде сұм сайтан жатыр.
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!