Қазақстан әскерінде сарбаздарға ағылшын тілін оқыту қолға алынып жатыр. Бұл туралы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, қазір Қауіпсіздік Кеңесі мен Қорғаныс министрлігі сарбаздардың күнделікті тұрмысына, тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отыр.
«Жауынгерлердің күнделікті тұрмысына да үлкен мән беріліп жатыр. Бір жақсы жаңалықтың шетін айтайын: әскерде ағылшын тілі сабағы да енгізіліп жатыр.
Қазір Қауіпсіздік Кеңесі мен Қорғаныс министрлігі әскердегі мәселелердің түпкі себептеріне назар аударып отыр. Ол мәселелердің тамыры Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген сөзінде жатыр.
Мен мұны Мәжілісте жүргенде де айтқанмын. Қоғамдық бақылау туралы заңды қарастырған кезде де осы мәселені зерттедік. Егер сарбаздар әскери жарғыға сай өмір сүріп, онда белгіленген күн тәртібі мен талаптарды толық орындаса, кешке бір-біріне әлімжеттік көрсету түгілі, әңгімелесуге де шамасы келмей, шаршап ұйықтар еді.
Ал осы талаптар тиісті деңгейде қадағаланбағандықтан, жоспарланған жұмыстар орындалмағандықтан, әскерде «өзім білемдік» көбейіп кеткен.
Қазір біз тек ағылшын тілін оқытумен шектелмей, салалық министрліктермен бірлесіп, басқа да бастамаларды қарастырып жатырмыз. Оған толық мүмкіндік бар», — деді Ринат Зайыт.
Оның айтуынша, қолға алынған өзгерістер сарбаздардың уақытын тиімді пайдалануына, білім алуына және әскери ортадағы тәртіпті жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, Ринат Зайыт қазан айының басында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалған болатын.
Дәурен ОМАРОВ
Фото: adaladam.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!