Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық мереке ұлықталған күн

24.10.2026, 19:55 50

HALYQLINE.KZ

Арал ауданында 25 қазан – Республика күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Тұғырлы туған елім – Қазақстан» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Ұлттық мерекенің маңызын айшықтап, елдік пен бірлікті, отаншылдық пен патриотизмді дәріптеген іс-шара барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев алдымен аудандық орталық кітапхана ұйымдастырған мазмұнды кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен жарқын болашағын баяндайтын құнды еңбектер қойылды.

Мерекелік жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің ел өміріндегі айрықша орнына тоқталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде атап өтті.

Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қоғамның түрлі саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген азаматтар да мерекеде лайықты құрметке ие болды. Игі іс-шарада бірқатар азамат облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік іс-шара мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Ұлттық өнер ұлықталған кеште күмбірлеген күй төгіліп, Отанға деген сүйіспеншілікті, елге деген құрметті арқау еткен патриоттық әндер шырқалды. Өнерпаздардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің мәнін аша түсті.

Елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен Республика күні – бірлік пен ынтымақтың, отансүйгіштік пен ортақ мақтаныштың мерекесі. Осындай тағылымды іс-шаралар туған елге деген құрметті арттырып, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық рухты қалыптастыруға қызмет етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: