Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

26.11.2020, 9:00 365 0

КРЕСЛОЛАР  ҒАНА

Бізде тек креслолар ғана алмасады, өзгереді. Ал бөксе ауыстыры­п отыратындар сол баяғы он шақты адам…

КЕРМЕК

Әйелдің мәселесін шешпеген еркектің күні де – кермек, түні де – кермек…

ӘЙЕЛДЕР  –  ӘДЕМІЛЕР

Біреуінің күлгені әдемі… Біреуінің жүргені әдемі… Біреуінің көзі әдемі… Біреуінің өзі әдемі… Біреуінің жылағаны әдемі… Біреуінің­ бірдеңе сұрағаны әдемі… Біреуінің «жоқ» деп таңдайын­ қаққаны әдемі… Біреуінің ақ сазандай боп ақ көрпеде жатқаны әдемі…

Әйелдер барда айналамыздың бәрі әдемі!

МОДАНЫҢ   МӘНІ

Етектегі жырық – еркектерге құрық.

МҮМКІНДІК   БЕРУ

Жаздың шыжыған ыстығында басекеңдер костюм киіп неге қабызданып жүреді десем, костюмде қалта көп екен ғой. Біреулерд­ің ретін тауып салып жіберуіне берілген мүмкіндік деп түсін.

ОСЫЛАЙ  БОЛЫПТЫ

Сұрыптала-сұрыптала сұрқиялар ғана қалыпты.

САРКАЗМ

Анда-санда шай ішетін бір «үйің» болсын. Алда-жалда бәйбішеңмен шәлкем-шалыс келіп қалсаң, бас тіреп барып бірер күн жыныңды басқанша баратын төркінің жоқ қой…

«АЙТҚЫШ»

«Мен сендерге осыны айттым ғой» дегенді айту үшін айналасындағыларға үнемі ағыл-тегіл «ақыл» айтып жол көрсетіп, жөн сілтеп  жүреді.

РЕФОРМАЛЫҚ  ӨЗГЕРІС

Бұрын «Оқы, оқы және оқы» дейтін. Бүгінде мектепте «Талда­, талда және талда» дейтін болыпты…

ҚҰБЫЛЫС

Ақша көрсе ақшаңдап кетеді, екі көзі аспандап кетеді…

ЫҢЫРАНҒАНДАР

Біреу әсем сазға ыңыранып жүр. Біреу өлең-сөзге ыңыранып жүр. Біреу қызметтің буына бөгіп ыңыранып жүр. Біреу стақандап құйып, ішіп-төгіп ыңыранып жүр…

ШЫНЫ – СОЛ

Біздің бастық – бастық емес сияқты, біздің директор – директо­р емес сияқты, біздің әкім – әкім емес сияқты, біздің министр­ – министр емес сияқты, біздің депутат – депутат емес сияқты… деп айта алмайсың.

МҰРТТЫЛАР  КЛАСТЕРІ

Мұртын шиырып жүргендер бар. Мұрты майланып жүргендер бар. Мұртын сипап жүргендер бар. Мұртының жүні мұрнына­ кіріп, міңгірлеп жүргендер де бар…

ҮЙ  мен  МОЛА

Өмірінде бір бөлмелі үйге қолы жетпей зар болып өткендердің өзіне алыс-жақын ағайындары ауызбіршілік танытып, әжеп­тәуір етіп төрт құлақты, еңселі мола салып береді…

ІШТЕГІ  ОРЫН

Біреудің ішінде шабалаңдаған ит жатыр. Біреудің ішінде мияулаға­н мысық жатыр. Біреудің ішінде сұп-суық сұр жылан жатыр­. Біреудің ішінде сұм сайтан жатыр.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Жалғасы  бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: