Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл қойылым бұрынғыдан өзгерек…

20.11.2020, 16:40 1129

Сыртта қытымыр қыстың ызғары сезілсе де, театр сахнасында қызыл оттың жалыны шарпып тұрды. Қаламыздың басты театрында өткен «Нашақор жайлы новелла» спектаклінің премьерасын суреттеу керек болса, осы сипат көз алдыма бірінші келер еді. Осыдан тура 18 жыл бұрын қойылған «Қандыөзек» спектаклі естеріңізде болар? Рахымжан Отарбаевтың пьесасына арналған бұл қойылым сол уақытта көптің көңілінен шығып, сарапшылардың да оң бағасына ие болған. Қоғамды қан қақсатқан есірткі туралы туынды талайды тебіренткені анық. Арада қаншама уақыт өтсе де, театрдың айналасында жүрген жандардың есінен әлі кетпеді бұл қойылым. Сол уақыттың басты мәселесіне айналған бұл тақырып бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Есірткінің етегінде кеткендер өте көп. Олай болса, жастар арасында бұл дерттен аулақ болуды насихаттайтын тәлімді туындыға неге қайта жан бітірмеске? Міне, осы сұрақ соңғы уақытта театр жағалап жүрген жұрттың жанына маза бермеді. Нәтижесінде, ескі қойылымды жаңашыл көзқараспен шығаруды шешіпті. «Бұл қойылым бұрынғымен мүлдем жанаспайды». Спектакль режиссері Залипа Төлепова қойылымға осындай баға берді.

– Бүгінгі қойылым – Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» пьесасынан алынған спектакль. Бұның алдында бірнеше жыл бұрын Оңталап Нұрмаханов ағамыздың режиссерлығымен қойылған болатын. Ол кезде біз сол сахнада артист болғанбыз. Мен Камилланың рөлін ойнасам, Бақытбек шефтың рөлін сомдады. Міне, араға бірнеше жылдарды салып, ұстазымыз Хұсейін Әмір-Темірдің ұсынысымен сол спектакльді қайта қоюды жөн көрдік. Басында бойымызды қорқыныш билеп, уайымдап жүрдік. Дегенмен, қойылым жас артистердің шеберлігімен, театрымыздың жас мамандарының біліктілігімен көркемдік кеңестің жақсы деген бағасына ие болды. Тіпті, репетиция кезінде жүрегім ауырып, шыдай алмай шығып кеткен кездер де болды. Бұл көрерменнің де жүрегіне жол табатыны анық. Халықтың көңілінен шығады деген үміттеміз,- деді қойылым режиссері Залипа Төлепова.

Есірткінің қоғам алдындағы қатерін «тайға таңба басқандай» көрсеткен бұл қойылымның айтары көп. Спектакль сюжеті отбасында жалғыз өскен ерке бала Жалқытайдың нашақорлармен кездесіп, тәуелділігінің кесірінен өзінің ғана емес қаншама өмірдің астан-кестен болуына себепші болғаны көрсетіледі. Ата-ананың балаға деген махаббаты, Тоқжанның кіршіксіз сезімі мен бозөкпелердің бейнесі сәтті шыққан. Ойындағы жас артистердің шеберлігін залда отырған көрерменнің көз жасына ерік бергенінен анық байқауға болады. Есірткіге елтіген Жалқытайдың бұл жолғы тағдыры басқаша құбылмақ. Оған себеп болған – қойылымның қос режиссері Залипа Төлепова мен Бақытбек Темірбеков. Режиссерлар халықтың жүрегінде қалған қойылымды қайталап көрсетудің қажеті жоқтығын түсінген. «Керісінше, көрерменге жаңашыл дүние сыйлауды жөн көрдік» дейді олар.

– «Қандыөзек» спектаклі – көрерменнің көзайымына айналған ерекше туынды. Ол өзін мамандар алдында да дәлелдеп, талай жүлдені иеленген болатын. Ал енді бүгінгі қойылымға келсек, бұл спектакль мүлдем бөлек. Бұрынғыға ұқсамайды. Құрам толықтай жаңарған. Жаңаша көзқараспен қаралған. Артистердің аузына қазіргі заманның, қазіргі жастардың сөзін салдық. Атмосфераны заманауиландырдық. «Қандыөзекте» көрген дүниелеріңіздің бірін де бұл сахнадан көрмейсіз. Қазіргі замандағы ата-ана мен бала, жастардың арасындағы махаббатты ашып көрсетуге тырыстық. Бағасын көрермен береді,- деді режиссер Бақытбек Темірбеков.

Бұрындары сахнаны сөйлеткен сақалар бүгінде режиссер есебінде залда отыруы – қалыпты құбылыс. Есесіне, арқаға артқан ауыр жүкті жас артистер алып шыға білді. Басты рөлде Жалқытайдың рөлін сомдаған қос өрен Данияр Сабыров пен Мағжан Жақсылықтың қойылым барысында орын ауыстырғанын байқамай да қаласың. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, тура жолдан адасқан Камилланың рөлінде болған жас артис Зарина Кенжеәлінің шеберлігі бөлек әңгіме. Тізіп айта берсең, шегіне жетпейсің. Бұл жас артистердің өнерге һәм театрға, образға деген адалдығы деп түсінеміз. Қойылымнан алғанымыз көп. Жасындай жарқылдаған жастарымыз бар кезде Сырдың театр өнеріне алаңдаудың қажеті жоқ екенін түсініп қайттық.

Алдағы уақытта театр репертуарындағы Мұхамедқали Қасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай» комедиясы мен «Абылай ханның арманы» тарихи драмасының премьерасын ұсынбақ. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген артистердің бұл қойылымдарда да көрермен көзайымына айналатынына сенеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: