Қазір біздің экономиканың ашық алаңында ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін сыртқы нарыққа тәуелділік байқалатын секілді. Бір жағынан тиімсіз саналғанмен, екінші жағынан алып қарағанда жаһан елдерімен иық тірестіріп, «сақал күзей» алатынымызды да дәлелдейтін осы сауда саласы секілді. Әйтпесе, жерден тергенін елден асырып, қыруар пайдаға кенеліп жатқан түгіміз жоқ. Соның өзінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдермен қарым-қатынас орнату үшін дипломатиялық шабадан алып шапқылаймыз. Онсыз да Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық ымырамыз ыңғайлы, көшбасшылық қасиетіміз серпінге ие. Одан бөлек, БҰҰ, ШЫҰ, ЕЫҚҰ, ЕАЭҰ, ДСҰ секілді ұйымдардың келісімшартында Қазақстанның экономикалық құжаты сақтаулы. Бұл ұйымдармен қандай қатынас орнатып келеміз деген басты сауалдың жауабы да дайын, әрине, сауда-экономикалық байланыс. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан жыл басынан тамыз айына дейін ТМД елдерімен 14 976 952,3 мың, ал ЕАЭҰ елдерімен 12 027 419,2 мың, әлемнің өзге елдерін қосқанда 55629478,1 мың АҚШ долларына тең тауар айналымы саудасын жасаған. Ал пандемия кезінде қандай көрсеткіштер төмендеді? Жалпы, әлем сахнасында сауда қатынасында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Әлемдік экономиканың жай-күйі қандай? Осы және өзге мәселелер Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының қатысуымен онлайн өткен саммитте айтылды.
Іскерлік қарым-қатынас тетігін жетілдіру, экономиканы сауықтыру, сыртқы сауда саласын біріктіру және басқа мәселелерді қамтыған саммитті бұл жолы Ресей президенті Владимир Путин ұйымдастырды.
– Біздің ұйымның экономикалық күн тәртібіне келетін болсақ, Ресейдің төрағалығы біздің қауымдастықтың барлық елдері іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сауда, өнеркәсіптік өндіріс, цифрлық экономика, инновациялар мен жоғары технологиялар, азық-түлік, көлік және энергетика салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты құруға мүдделі екендігіне байланысты болды. Коронавирус пандемиясы әлемдік экономикаға ауыр соққы беріп, әлемдік рецессияға әкелді. Әрине, қиындықтар біздің ұйымды да айналып өткен жоқ. Болжамды мәліметтерге сенсек, 2020 жылы ШЫҰ-ға мүше елдер экономикасының орташа құлдырауы 3,2 пайызды құрайды. Сонымен бірге ШЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы да азайды. Осылайша, қаңтар-тамызда Ресейдің басқа мүше елдермен саудасы 7 пайызға төмендеді, – деді саммит барысында Ресей президенті В.Путин.
Осы жайттарды ескерген ШЫҰ-ға мүше елдер жағдайды түзету бойынша бірлескен шаралар кешенін жасады. Атап айтқанда, 2019 жылы бекітілген мүше мемлекеттердің 2035 жылға дейінгі көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруды талқылады. Бұл өзара саудадағы жағымсыз тенденцияларды жоюға, инвестициялық ынтымақтастық, қаржы-банк салаларында, өнеркәсіп, энергетика, көлік және басқа да салалардағы байланыстарымызды едәуір нығайтуға бағытталған.
– Мұндай жағдайда «Азаматтарымыздың мүддесі жолында Шанхай ынтымақтастық ұйымын күрделі жағдайға қалай бейімдейміз?» деген секілді өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға тиіспіз. «Шанхай рухы», сондай-ақ, қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп ұтымды жауап іздеудегі мол тәжірибе, түптеп келгенде, осы ауқымды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте «ұжымдық иммунитетіміздің» күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі деп білемін, – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саммит барысында тек ұйымға мүше елдердің ғана емес, әлемдік қауіпсіздік мәселесі де назарға алынды. Соңғы уақыттары болған саяси санкциялар, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауы, өзге де елдердің геосаяси тұрғысынан келісімге келе алмауы да бүкіл әлемнің жанын шүберекке түйіп қойғандай.
– Жаһандық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ахуал күрделеніп барады. Халықаралық терроризм мен есірткінің заңсыз айналымы әлі күнге дейін үлкен қауіп төндіріп отыр. Киберқылмыс айтарлықтай өсті. Стратегиялық тұрақтылық жүйесі төмендеуін тоқтатар емес. Өкінішке қарай, ШЫҰ-ның сыртқы шекараларында және көршілес облыстарда аймақтық қақтығыстар орын алып, жаңа шиеленіс ошақтары пайда болды. Сондықтан ШЫҰ жұмысының маңызды бағыттарының бірі – дағдарыстарды бейбіт, саяси және дипломатиялық жолмен шешуге ықпал ету, жанжал мен қатерлерді тоқтату, – деді В.Путин.
Бұл тұрғыда жиынға онлайн форматта қатысып отырған Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де өз пікірін білдірді.
– Қытайдың дамуы мен әлемнің өркендеуі өзара байланысты және бөлінбейді. Біздің еліміз дамудың жаңа архитектурасын қарқынды түрде қалыптастыруда, ол ішкі айналымға баса назар аударып, ашық экономиканың жаңа даму деңгейіне жету үшін ішкі және сыртқы айналымның өзара әрекеттесуімен ерекшеленеді. Қытай өзара тиімділік пен жалпыға бірдей тиімділік қағидаттарына негізделген сыртқы ашықтық стратегиясын берік ұстанады. Біздің серіктестер Қытайдағы жаңа даму мүмкіндіктерін пайдаланып, бізбен ынтымақтастықты тереңдете берсе, біз қуаныштымыз, – деді.
Дәл қазіргі кезде әлемнің әр тұрғынына қауіп төндіріп тұрған сепаратизм, терроризм және экстремизмге қарсы күрестің қажеттігін ұйым мүшелері де қолдады. Жиын соңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санайтынын айтты.
Айта кетейік, ұйым құқықтық жағынан Жер бетіндегі халықтың 40 пайызын және әлемдегі ішкі жалпы өнімнің үштен бірін қамтитын кеңістікте ынтымақтастық пен өзара сенімнің тиімді құралы ретінде бағаланады. Бірақ коронавирус пандемиясы әлемдік қоғамдастық үшін қатаң сынақ болып отыр. БҰҰ-ның деректерінше, әлемдік экономиканың құлдырауы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 пайызға жетеді, халықаралық туризм деңгейі 70 пайызға төмендейді және тікелей инвестиция тарту көлемі 40 пайызға дейін құлдырайды. Ал бұл дегеніңіз – әлем экономикасына үлес қосып отырған жекелеген мемлекеттер үшін сынақ басталады деген сөз.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!