Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Анталия форумында БҰҰ реформасын қажет деп мәлімдеді

18.04.2026, 13:50 49

17 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда өткен Анталия дипломатиялық форумында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімділігі мен беделін күшейту қажет екенін айтты. Президент халықаралық шиеленістердің ушығып, маңызды келіссөздердің көп жағдайда БҰҰ алаңынан тыс өтіп жатқанын ұйымның ықпалы әлсірегенінің белгісі ретінде бағалады. 

Тоқаев өз сөзінде: «Ұйым 80 жыл бұрын құрылды. Оны ескірді, тіпті құлдырап барады деп айтатындардың жөні бар», деді. Оның айтуынша, бүгінде әлемдік тәртіп өзгерді, ал соған сай халықаралық институттар да жаңаруға тиіс. Президент әсіресе БҰҰ Жарғысындағы «жау мемлекеттер» туралы ережеге назар аударып, мұндай ұғымдардың қазіргі халықаралық ахуалға толық сай келмейтінін меңзеді. 

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне де тоқталды. Оның сөзінше, реформаны бәрі қолдағандай көрінгенімен, нақты өзгеріске келгенде саяси кедергілер аз емес. «Біз өте шынайы болуымыз керек: БҰҰ-ны реформалауға кедергі келтіріп отырғанның өзі – Қауіпсіздік кеңесі», деді Тоқаев форум барысында. 

Президент жаһандық және өңірлік қақтығыстардың алдын алуда превентивті дипломатияның рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе ондаған жылдан бері көтеріліп келеді, бірақ көп жағдайда әдемі мәлімдемелер мен декларациялардан аса алмай отыр. «Біз өңірлік немесе жаһандық қақтығыстарды болжауға бағытталған нақты шараларға ден қоюымыз керек. Міне, превентивті дипломатия дегеніміз – осы», деді ол. Сонымен бірге Тоқаев тиімді көпжақты дипломатияны қолдау үшін мемлекеттер күш біріктіруі қажет екенін айтты. 

Форумда Тоқаев орта державалардың жауапкершілігі артып келе жатқанын да сөз етті. Оның пайымынша, халықаралық жүйе бұрынғыдай тек ірі державалардың ықпалымен ғана айқындалмайды. Осы тұрғыда Қазақстан мен Түркия сияқты елдер салмақты, байыпты ұстаным танытып, тұрақтылық пен диалог мәдениетін нығайтуға үлес қосып отыр. 

Анталия дипломатиялық форумы 17–19 сәуір аралығында Түркия Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Биылғы форумның тақырыбы «Ертеңді бағдарлау, белгісіздікті басқару» деп белгіленген. Ресми мәлімет бойынша, жиынға әлемнің ондаған елінен мемлекет басшылары, үкімет мүшелері мен дипломаттар қатысты. 

Соңғы уақытта ақпарат кеңістігінде Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшылығы лауазымына ұсынылуы мүмкін деген жорамалдар айтылып жүр. Reuters наурыз айындағы материалдарының бірінде мұндай болжамның сарапшылық ортада барын жазған. Алайда Тоқаев қаңтардағы сұхбатында БҰҰ-ға жұмысқа оралу ниеті жоғын ашық мәлімдеген.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: