Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәртебелі мамандық иелері марапатталды

07.10.2020, 9:05 719

HALYQLINE.KZ

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұғалімдер күні мерекесіне орай ұстаздарды қабылдады. Шарада шаһар басшысы шәкірттердің бойына білім мен тәрбие нәрін сіңіріп, жарқын болашаққа жетелеген ұстаздар қауымын және сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, қала бойынша білім саласының жетістіктеріне кеңінен тоқталды.

Өз құттықтауында қала әкімі ұстаз әрбір баланың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық, отансүйгіштік қасиеттерін сіңіріп, тұлғалық шыңдалуына ықпал жасайтын жан дүниесінің бағбаны екенін айта келе, ұлы қызметті ұлықтап, қиын да қастерлі салаға еніп, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беруді мұратқа айналдырған ұлағатты еңбек иелерінің игі қызметіне табыс тіледі.

Мәртебелі мамандық иелерінің мерейін үстем еткен басқосуда білім саласының ардагері, облыстық мәслихат депутаты Райкүл Байназароваға Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағы табысталды. Одан әрі шаһар басшысы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған сала мамандары үшін ең биік марапат саналатын «Алтынсарин» және «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін 2 мұғалімге табыстаса, 3 ұстаз Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатына ие болды. Сонымен бірге 13 педагог қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, 10 мұғалім қала әкімінің сыйлығы ноутбук иегері атанды.

Өз ісіне деген адалдығын нақты іспен, нәтижелі жұмыспен дәлелдеп, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздар еңбегі қай уақытта да ескерусіз қалмайды. Мәселен, биыл облыс тарихында алғаш рет балабақшаның музыка жетекшісі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Үздік педогог» атағын иеленіп, 2 млн 778 мың теңге сыйақымен марапатталды. Өңір тарихындағы тұңғыш «миллионер тәрбиеші» атағы қаладағы «Алтын ұя» мемлекеттік балабақшасының тәрбиешісіне бұйырды.

2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша шығармашылығымен айқындалған 20 педагог-қызметкерге «Үздік мұғалім» номинациясы бойынша қала әкімінің сыйақысы беріліп, (әрқайсысы 150 000 теңге) марапат биігінен көрінген болатын. Жаңа оқу жылының басында ұстаздардың негізгі алқалы жиыны – Тамыз кеңесінде 10 мұғалімге 150 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Айта кетейік, қаладағы 55 мектепте ағымдағы оқу жылында 7 мыңға жуық мұғалім дәріс берсе, оның ішінде 426 жоғарғы санатты, 641 ұстаз бірінші, 662 мұғалім екінші санатты педагогтар. Мемлекеттік 27 балабақшада 865 педагог жұмыс істесе, 2 мыңнан аса маман 203 жеке балабақшада бала тәрбиесімен айналысуда. Ал 32 педагог шағын орталықтарда жұмыс істейді.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: