Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәби ана сүтін еміп өсуі керек

19.09.2020, 17:00 899

HALYQLINE.KZ Ғалымдардың соңғы зерттеулері осы бір ана сүтінің маңызын күн сайын арттыра түсуде. Өйткені, баланы көкірегімен емізу бала мен ана өмірі үшін маңызды. Омыраумен емізу нәрестені тамақтандырудың ең қауіпсіз тәсілі. Ана сүті – сәби үшін алғашқы вакцина. Бұл – ауруларға қарсы алғашқы және ең тиімді күрес. Ананың нәрестені туылған сәтте бірден құшағына алуы сәбиді жылытады, иммундық жүйесін нығайтады, ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің пайда болуына ықпал етеді, ананың сүтін молайтады. Ана сүті – балаға арналған тамақ қана емес, сонымен қатар әр баланың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған, түрлі аурулардың алдын алуға арналған күшті дәрі. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Алғашқы сүт немесе ақ уыз нәрестені аурулар мен өлімнен қорғайтын дүннелерге бай. Уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бала өскен сайын баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жататыны осыдан. Сол себептен «Ана сүті – нәрестенің дұрыс өсуінің негізі». Ана сүті нәресте миының дұрыс дамуына, инфекциялардан қорғауға ықпал етеді.

Ана сүтінің тиімділігі: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны еш жерден сатып алмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған; ішек жұқпалы ауруларының алдын алады; респираторлы-жұқпалы аурулардың алдын алады; аллергиялық аурулардың алдын алады; баланың физикалық өсуін дамытады; баланың сана-сезімін жетілдіреді; баланың жүйке-психикасын дамытады; баланың диабет және семіздік ауруына шалдығу қаупін төмендетеді. Сәбиін емізетін аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады. Онымен қоса, аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді, босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпал етеді. Ол сүт безінің қатерлі ісікке (рак) шалдықпау қаупін 10, жатырдың қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есе төмендетеді. Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, өбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, ерекелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады, баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал, сүт қоспаларымен қоректендіруде бұндай жылы сезімдердің болмасы анық. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі.

1997 жылдан бастап Қазақстанда омырау сүтімен емізуді қорғау, ынталандыру және қолдауға бағытталған мемлекеттік жүргізілген саясаты Облыстық перинаталдық орталығында үздіксіз жүргізілуде.

Омыраумен емізу арқылы «Күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деген кеңес береміз.

Гүлназ МАТЕНОВА,

дәрігер, неонатолог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: