«Көтермесең көңілді кір басады» дейді дана Абай. Сол айтқандай, Қызылорда облысы , Жаңақорған ауданына қарасты Кейден, Өзгент, Задарья, Қыраш – өз көңілін өзі көтеріп жүрген ауылдар. Сол елді мекендердің тұрғындары әзіл-қалжың айтуға келгенде бірінен-бірі асып түспесе, қалып кетпейтіні анық. Атап айтар болсаң, олар – Тайшыбек, Маутан, Тұрсымат, Садыр, Байділла, Асан, Қанжарбек, Мәдібек, Мейірбек, Мәнтай, т.б. Бұл тізімді әлі де соза беруге болады. Бірақ әзірге аты аталған ауыл айтқыштарының еріксіз езу тартқызатын қисық та қыңыр қалжыңдарын назарларыңызға ұсынамыз.
Күле-е-е отырыңыздар…
ТЕРЕЗЕНІҢ КЕРЕГІ НЕ?
Бұл қазақтың өзге ұлт өкілдеріне қарағанда бір ерекшелiгi – үлкен іс бастарда ауыл-аймақтағы ең жақын туған-туыстары мен құрбы-құрдастарын асарға шақырады. Әркім өзінің шама-шарқына қарай қол ұшын береді. Сол үрдіс бойынша Қошқарбек деген жігіт үй салуға құрбы-құрдастары мен жора-жолдастарын шақырады. Асар болған соң қой сойылып, қазан көтерілетіні белгілі. Ондай кезде аздап арақ-шарап құйылатыны тағы бар. Ауылдың бүкіл білекті де жүректі жігіттеріне бір үй соғу бұйым болып па?! Іргетасы құйылған үйдің қабырғасы қас қағым сәтте қаланып, үлкен істі тез-ақ еңсеріп тастайды. Бір кезде асаршы жігіттердің біреуі:
– Оу, бұл үйдің терезесі қайда? Қызды-қыздымен терезенің орнына кірпіш өріп жіберіппіз ғой, – дейді таңырқап.
Сонда үй иесінің Байділла деген айтқыш құрдасы:
– Әй, Қошқарбек, сенің үйіңе терезенің не керегі бар? Әкең соқыр, бәрібір көрмейді ғой, – деген екен әзілдеп.
ЖҰМАҚТЫҢ КІЛТІ
Өмір бар жерде өлімнің болатыны хақ. Елде Пәзіл деген кісі қайтыс болып, оны туған-туыс, жақын-жұрағаттары ақ жауып, жаназасын оқып, соңғы сапарға шығарып салып жатады.
– Марқұм Пәзіл жақсы адам еді. Өмір бақи адал жүріп, тік тұрды. Адамзат баласына пайдасы тимесе, зияны тие қойған жоқ. Жұмаққа бір адам барса, осы Пәзіл баратын шығар, – дейді ағайындарының бірі Қанжарбек.
– Оу, Қанжарбек, ол пейiшке қалай барады? Жұмақтың кілті менде ғой, – депті Қошқарбек қаралы жұрттың көзінше арсыз күлкі шақырып.
Сонда осы әңгіменің бәрін естіп, біліп отырған тікентілді Асан:
– Қошеке, онда сен тезірек барсай, Пәзіл күтіп қалатын болды ғой, – деген екен.
ЕТ пен ИТ
Коммунистік партияның дәурені жүріп тұрған кезде Қанжарбек ауылда ферма меңгерушісі боп қызмет істейді. Оны апа-жеңгелері «Тәкен шал» деп атайды екен. Білдей бір ферманың құлағын ұстап отырған соң, үйіне жем, шөп, қой, жүн сияқты заттар жиі-жиі келіп тұратын көрінеді. Соның бәрін көріп-біліп жүретін апа-жеңгелері:
– Осы «Тәкен шалдың» оқуын оқып алу керек екен, – деп тамсанады екен.
Сол Қанжарбек Кеңес Одағы тараған соң жұмыссыз қалып, Жаңақорғанға көшіп келеді. Бір күні базарға барып, ет сатып алып тұрса, Сейітхан деген құрдасы жолығып қалып:
– Қанжеке, сен де ет сатып алатын боп қалғансың ба? – депті келеке етіп. Сонда Қанжарбек еш саспастан:
– Иә, итіме ет асып берейін деп жатқаным ғой, – деген екен.
ҮЙГЕ ДЕЙІН АРҚАЛАП АПАРШЫ
Қыраш елді мекенiнде тұратын Әбен өз әулетіндегі ағайындарын шақырып, ас беріп, Құран оқытып жатады. Бірақ бұл жиынға әулеттегі үлкен ағаларының бірі Мәдібек келмей қалады. Орны ойсырап тұрған соң, жұрт оның қайда екенін сұрастырады. Сонда оның сырын жақсы білетін Әбден:
– Мәкең Сапардың үйінде система құйғызып жатыр, – депті күліп. Сөйтсе, Сапардың шағын дүкені бар екен. Мәкең анда-санда сонда барып «система құйғызып» тұратын көрінеді.
Бір күні Мәкең сондай «ем-дом» жасап, қатты шаршап келе жатса, алдынан ұлы шығып қалыпты. Ол да қатты қызып алса керек. Сонда Мәкең:
– Әй, балам, мені Меккеге арқалап апармасың анық. Ең болмаса, үйге дейін арқалап апаршы, – деген екен.
О ДҮНИЕГЕ ШАҚЫРУ
Бір күні Байділланың тракторы аударылып қалып, Құдай сақтап, өзі аман қалыпты. Соны естіп Тән деген құрдасы көңіл сұрай келіпті.
– Әй, Байділла, сені о дүниеге барып келді деп естіп жатырмыз. Ол жақ қалай екен? – деп қалжыңдапты.
Құрдастардың мұндай қалжыңынан қалыс қалатын Байділла ма, дереу әңгімені ары қарай жалғастырып кетеді.
– Иә, о дүниеге барып қайтқаным рас. Қақпаның алдында әкем жүр екен. Мені көріп: «Мұнда неғып жүрсің? Жоғал бұл жерден» деп ұрысып, үйге қайтарып жіберді. Кетіп бара жатсам, бір кісі: «Байділла шырағым, тоқтай тұршы» деп айғайлады. Артыма бұрылып қарасам, сенің әкең Кәдір екен. Сені әбден сағыныпты. Саған «дереу келіп кетсінші» деп сәлем айтып жатыр, – деген екен.
БАЙДІЛЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Қырашта тұратын бір қария қайтыс болып, Задарьядағы бүкіл ағайындармен бірге Мақсат Нұртазаев та келеді. Жаназа кезінде 5 сомнан ақша таратыпты. Ол кезде сондай үрдіс болатын. Сөйтсе, Байділла өзіне тиісті ақшасын алып тұрып:
– Әй, Мақсат, сен алған 5 сомыңды маған тастап кет. Ертең сенің ауылыңда осындай бір қарт кісі қайтыс болғанда маған тиесілі ақшаны сен аласың, – деген екен.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!