HALYQLINE.KZ Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнәсіздің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бастады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек адамдай әрекеті бір жағынан тәрбиешіні таңғалдырды. Таң атысымен қатарларына түнде қосылған сәбиге балалар жамырасқан күйі есімін қойды. Кезек-кезек көтерген олардың барлығы сәбиді бірден бауырға тартты. Су мен отқа бірге түсетін жетімдер үйінің тәрбиеленушілері бір-біріне қолғабыс етіп, сырт көзден қорғап жүреді. Өздерінің заңдылықтарын бұзбас үшін жаңа келген баланы қатаң тәртіпке үйретеді. Қолға түскенді өзара теңдей бөліп, үлестіреді. Жылдар өткен сайын ата-ана мейірімі, отбасы бақыты дегенді мүлдем білмей өскен олардың қаталдыққа табиғаты тартып кеткендей.
Әлгінде көше бойынан табылып, тағдыр дәптері тауқымет таңбаларымен өрнектелген нәресте қыз бала болатын. Өзі секілді мұнда талай баланың қанаты қатайды. Өз алдына үй болып, түзу жолға түскені де жетерлік. Бірде кішкентай қыз тәрбиешіге тосыннан сауал қойды. Бұл – оның жеті жастан асқан кезі.
– Апай, сіз ана бақыты дегенді қалай түсінесіз? Алғаш мені тауып алғанда қандай күйде болдыңыз? Көкейімді талай сұрақ мазалайды. Соның бірі сол күні анамның жүзін көре алдыңыз ба?
– Алтыным, сені тапқан күн әлі көз алдымда. Қаңтардың бел ортасынан ауған шақ. Қар үстінде екі сағаттан аса жатыпсың. Денең мұздап, сіресуге айналған мезетінде құшағыма қыстым да жетімдер үйіне тұра жүгірдім. Пеш түбіне жайғасып, сені жылыту үшін барымды салдым. Кенет шар ете қалып жылағаның есімде. Сонда болашағы зор бір жазықсыз жанның тірі қалғанына шын қуанған едім. Ал ана бақыты – ерекше сезім. Қанша сендерді құшып, жақсы көргеніммен өз аналарыңдай бола алмасымды сезінемін. Талай омырауым иіп, қамқорлық танытқаныммен сендер шынайы кейіптегі аналарыңды іздеп, терезеге телмірумен боласыңдар. Мен болсам, үйге барып, сәбиімді құшқан сәтте сағынышым, яки мауқымның басылғанын ұғамын. Бақытты екенімді білем. Ботам, жатып ұйықтай ғой. Бәлкім, мен көрмеген анаң түсіңе кіріп қалар…
Осылайша қаумалаған топ баланың ішінде бойжеткен қатар өмір сүрді. Қиындықты бірге көрді. «Адамды ортасы тәрбиелейді» дегенге көзін жеткізді. Ата-анасыз қарекет етудің азапты сәтін бастан өткерді. Бір жағынан күрмеуі шешілмейтін тағдырдың кермек дәмін татуға дағдыланды. Жанына қатты бататыны – жастайынан қисық жолдың сүрлеуіне түскені. Қанша дегенмен төзуге тұрарлық сабырлық бергенімен, жаза басу еркіңнен тыс болады екен. Бұл бала күнінде сүйкімді болатын. Келбеті келіскен, ажары ай жүзіндей құлпырған сұлу еді. Сол кіршіксіз бейнеге дақ түсетінін жарым көңіл қайдан білсін? Бойжетіп қалғанда өзге әлемнің арбауы жазықсыз жанды апанына түсірді. Сауық-сайранға масайраған қыз-ғұмыр тағдырдың лайсаңына былғанды. Ешкімнің сөзіне құлақ та аспады. Түзу жолды көруді мақсат тұтпады. Тек жеңіл жүріске түскен серіктеріне сенді. Болашағына балта шабылды. Қаңтардың қақаған аязынан аман құтқарған ана жүрегі қақ жарылып, үміті ақталмады. Шындығында, қанша тәрбиелесе де өз анасындай болмайтыны ақиқат екен. Үміт те үзілді, сенімге де селкеу түсті.
Аурухана төсігіне таңылған төрт ай ол үшін қырық жылға татыды. Баз баяғы құрбы-құрдастары іздеп келмеді. Жалғыздыққа бой үйреткен оны төрт қабырға ішінде сан түрлі ойдың шырмауы тұсаулап тастағандай. Өзін демеп, қолдау көрсететін ешкімі қалмады. Қатарластарының жасаған ісі оған дұрыс болып есептелді. Жүз жиырмаға жуық күннің батуы қайғы қамытын киген ол үшін ауыртпалық еді. Палата есігі бөтен адам үшін жабық. Тек медбике ғана арасында бақылап кетеді. Бұрынғы достарын сағынған ол толассыз естелікті санасынан ғана оқиды. Көзіне жас толып, тамшылар жерге үзіліп түскенімен, өткен күндер оралмақ емес. Алыпқашпа әңгімелерден құлақ сарсиды. Төсектен қозғала алмай амалы таусылғалы қашан?! Бойынан дәрмен кеткен. Жеңіл жүрістің ақыры көтере алмас ауыр болатындығын шынайы тұрғыдан сезінгендей. Мұндай қасіретті жауына тілемеген қыздың қайғысы тек өзіне аян. Құрғырдың арманы орындалмай, ғайыптан жапа шеккені өкінішті. «Күнделікті өмірде «мен толық отбасында дүниеге келсем, ана мейіріміне қанықсам, әкеден тәлім алсам, осы күйге түспес едім» деген ой мазалайды. Білем, тас түскен жеріне ауыр. Мені ешкім аямайды. Өкінгеннен пайда жоқ. Аты жаман дерттің бұрауына түскеніме өзім – кінәлі. Аз ғана ғұмырымда барлығы керемет болып тұрмайды екен. Зырғыған уақыт шеңберінде өзіме қиянат жасаудан басқа ешнәрсе қылған емеспін. Қар үстінен тауып алған тәрбиешімнің үмітін жерге таптадым-ау… Оның самайындағы әрбір шашына бізге жаны ашимын деп жүріп-ақ қырау түсті. Обал-ақ, еш қозғалыссыз күйімді қарашы! Барлық дүниеге жарамсызбын! Сөйлейін десем, халім мүшкіл. Ендігі жерде мені тыңдайтын кім бар дейсің? Бір ғана айтарым: қош болыңдар, жайсаңдарым! Жақынымнан көрмеген жақсылықты осындағы мейірбикеден көрдім. Мен де – адам баласымын. Жүрек тазалығын тәніме таңа алмадым. Жалғанда жеткен жалғыз мұратым – тарих беттеріне таңбаланған көңілсіздеу өрбіген өмірім» деп ойға шомған ол еріксіз егілді.
Сол күні медибикелер дәлізден арлы-берлі жүгіріп кетті. Жетімнің жан сырын ұғына алмай біруақ таза ауаға шықтым. Қиналған мезетте қолынан ұстауға мұрша келтірмеген дерттің кеселі айтарлықтай ауыр. Күрсініспен табиғат аясында ұзақ дамылдап ішке келген бетім осы еді. Еден жуушы маған қарап «ақыры кетті» деді. Мәңгілік сапарға аттанды…
Соңғы күні «қимылсыз жатыр» дегенді естіген мен бір нүктеге қадалған күйі оның дертіне дауа жоқтығына көзім жетті. Ажал алдындағы дәрменсіз ғұмыр. Дәлізде қыздың денесін алып бара жатты. Ана өмірге аттанған ол жасы қырыққа да келместен мың түрлі қиындықпен күресіп, ақыры жеңілді. Қыз қайтқан түні аспан да қатты күрсінді. Көктем жаңа келгендей найзағай ойнап, түнгі қою қараңғылық тұмшалаған аспанды аяусыз тілгілегенін-ай… Бір кезде болар-болмас жаңбыр себеледі. Тілсіз табиғаттың жетім қызбен қоштасқаны секілді…
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Тереңөзек кенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!