Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтын бала

29.11.2026, 6:00 45

HALYQLINE.KZ

Мақтанса бүгін мақтансын қазақ!

Төбесі көкке тимей тұр аз-ақ…

Баяғыда осындай өлең бар-ды. Бүгінде ол өлең ұмытылған…

Алайда соңғы кездегі Димаштың Оңтүстік Америкаға сапары осы өлеңді амалсыз еске түсірді.

Рас… Димашқа етіміз үйренді. Оның әншілігіне де, азаматтығына да тәнтіміз. Алайда жас жігіттің таудай талабы мен қажыр қайратына амалсыз бас иесің… Димаш қазір ертегідегі тау көтерген Толағайдай ессіз Ерлік жасап жүр.

Біз соңғы 300 жылда Ресей империясының қол астында болдық. Егемендік алған жылдары бізді Русияның бір бөлігі деп қабылдай берді. Шетелге барсақ, бізді не қытай не моңғол, болмаса жапон деді. Неге? Өйткені ол елді, ол мемлекетті бүкіл дүниежүзі біледі. Баяғы кезде үлкен-үлкен Олимпиада, болмаса Халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан барған кез келген спортшыға барымызды бердік. Мысалға Кениядан келген Нора Джерута мен Дэйзи Джепкемейге жайылып жастық, иіліп төсек болдық. Әрине, қара қыздар жүгіруден дара қыздар болды. Қазақтың атын шығарды деп мәз болдық. Мұндайды атам қазақ «Өз балаң өзекке тепсең кетпейді, кісі баласы кісендесең де тұрмайды» деген. Қара қыздарды қанша қазақ етпек болсақ та түк шықпады… Шүкір, бүгін біз тәуелсіз Елміз! Алтайдан Атырауға дейінгі ұлы даланың ұрпағымыз. Ол рас… Алайда біз бодандықтың қамытынан енді босаған жұртпыз… Біз әлемді білгенмен, Әлем бізді білмейді. Өйткені бұрын кім шықса да, Советтің атынан шығатын. Мұхтар да, Баукең де, Роза мен Олжас та Одақтың атынан баратын. Ең қиыны біз соны мойындадық, етіміз үйреніп кетті… Орыстануға шақ қалғанда Одақтан бөлініп, Егеменді Ел болдық… Есімізді жиып, етегіміз бен шекараны жаптық… Отыз жыл алдымен өзімізге, қала берді өзгеге Тәуелсіз Қазақстанды көрсеттік… Нью Иорктегі БҰҰ- ға толық қанды мүше болдық. Алайда әлемдегі жұрт Қазақты таныған жоқ, білмеді…

Міне, осы кезде бұлттан шыққан күндей боп Қазаққа Димаш келді… Тіфай-тіфай, тіл-көзден сақтасын! Қарасаң көз тоятын ұлан… Дауыс қандай…! Ол салған әндер қалай құлпырады… Сәкен тірі болса аэропорттан Димашын қалай күтіп алар еді… Пах, шіркін…!

Әнеу күні бір жерден оқып қалдым. Мына мұсылман әлемінде Қазақтан шыққан екі адам ғана ықпалды һәм танымал екен. Ол – Қасым Жомарт Тоқаев пен Димаш…. Қандай ғажап! Мексика… Бұл – Нобель сыйлығының иегері, ақын Октавио Пас пен ғажап жазушы Карлос Фуэнтестің… Альфонсо Куарон мен Сальма Хайектің… ол аз десеңіз Пласидо Доминга мен Луис Мигельдің отаны… Колумбия… Ал Колумбиядан тек Габриэль Маркес пен әнші Шакираны… Чилиден Пабло Неруданы білеміз… Перу ақыны Сесар Вальехо да олардың кумирі… Алайда мың миллиондаған көрермен сол күні Димашқа қол соқты. Қазақша ән шырқап, көк туымызды төбелеріне желбіретті. Әрине, бұл – Өнердің құдіреті… Димаштың таланты. Талантты Құдай береді дейміз, рас шығар… Димашты бізге Құдай берген!. Атасы мен апасы берген… Анасы Света мен әкесі Қанат берген… Ол рас… Бірақ Димашты Димаш еткен ол Қазақ халқы… оның әні… күйі… поэзиясы… тәрбиесі… тарихы… ертегісі… ерлігі… мінезі… Қазір Димаш Әлемге Қазақты танытып жүр… Сондықтан да әлемде Димаштар көбеюде… Сондықтан да дүние Қазақша ән салады… Сондықтан төрткүл дүние қазақ тілін үйренуде… Рақмет, саған сол үшін, Алтын бала! «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген… Дей тұрғанмен, Елің сені күтуде… Басқа — басқа аэропорттан сені күтетін ел жұрт барына сенем… Аман жүр! Көп жазсам, көз тие ме деп қорқам…

Талғат  ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның  Халық  артисі,  кинорежиссер.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Фото: zakon.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: