Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандағы ғалымдардың 48 пайызы жастар – Ақылбек Күрішбаев

12.11.2026, 16:10 23

Елімізде ғылым саласында еңбек ететін 28 мыңнан астам маманның жартысына жуығы жас зерттеушілер. Бұл туралы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Алматыда 12 қарашада III Халықаралық жас ғалымдар конгресі басталды. Екі күнге созылатын ғылыми жиынға әлемнің 35 елінен мыңнан астам жас зерттеуші қатысып жатыр. Іс-шара Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған.

Конгрестің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстан ғылымында жастардың үлесі артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, жас зерттеушілерді қолдау ғылыми әлеуетті нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.

— Биылғы конгресс жұмысына 1 мыңнан аса жас ғалым, соның ішінде әлемнің 35 елінен зерттеушілер қатысып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағында жас зерттеушілердің орны ерекше екенін үнемі атап келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша елімізде ғалымдар саны 28 мыңнан астам адамды құраса, оның жартысына жуығы, яғни 48 пайызы жас ғалымдар. Бұл жас ғалымдарды қолдау саясатының нәтижесі деп айтуға болады, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Академия президенті алдағы уақытта ғылыми зерттеулерді экономиканың нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға басымдық берілетінін жеткізді. Осы мақсатта 2027 жылдан бастап су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетикалық материалдар және автомобиль жолдары технологиялары бойынша арнайы бағдарламаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ақылбек Күрішбаев өңірлердегі ғылымды дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ғылымға бөлінетін қаржының 70 пайызы және ғылыми қызметкерлердің 60 пайызы Алматы мен Астана қалаларында шоғырланған. Бұл жағдай аймақтардағы ғылыми әлеуетті толық пайдалануға кедергі келтіреді.

— Бұлай ғылымды дамыту мүмкін емес. Осы орайда, «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасы аясында аймақтарда академия Президиумының көшпелі отырыстары өтіп, онда әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, өңірлердің басым міндеттері айқындалды, – деді ол.

13 қарашада конгресс Алматыдағы алты жоғары оқу орнының базасында өтетін тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады. Онда жас ғалымдар өз зерттеулерін таныстырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: