Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда су айдындарын қорғауға еріктілер тартылады

04.11.2026, 11:05 66

Елімізде өзен-көлдер мен бұлақтарды қорғау жұмыстарына еріктілер кеңінен тартылмақ. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Министрліктің мәліметінше, құжатқа су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев пен «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қол қойған. Келісімнің негізгі мақсаты – су айдындарын сақтау, экологиялық еріктілікті дамыту және тұрғындардың суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

Меморандум аясында тараптар бірлескен экологиялық акциялар, білім беру семинарлары мен тренингтер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әсіресе өңірлердегі еріктілер қозғалысын дамытуға назар аударылмақ. Сонымен қатар су ресурстарын қорғау жөніндегі тәжірибе алмасу, ақпараттық қолдау көрсету және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Вице-министр Талғат Момышевтің айтуынша, бұған дейін ведомствоның бастамасымен су шаруашылығы саласындағы алғашқы «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы құрылған. Оның құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енген.

— «Болашақтың қайнары» қозғалысының қатысушылары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қосылды. Акция барысында бұлақ көздерін тазарту және қалпына келтіру, айналасын абаттандыру, қоқыс жинау және көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Еріктілер алдағы уақытта суды үнемдеуді насихаттап, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да атсалысады, – деді вице-министр.

Министрлік жаңа меморандум экологиялық еріктілер қозғалысының ауқымын кеңейтіп, су ресурстарын қорғау ісіне қоғамның қатысуын арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Су тапшылығы өзекті мәселеге айналған Қазақстан үшін мұндай бастамалардың маңызы зор. Әсіресе Сырдария бойындағы өңірлерде су көздерін таза ұстау, оларды ластанудан қорғау және суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың күнделікті тіршілігіне тікелей қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: