Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық ардагерлер Маңғыстаудың киелі жерлеріне тағзым етті

04.11.2026, 11:10 52

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының барлық ауданынан, Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласынан жиналған 50 ардагер еліміздің батыс өңірі – Маңғыстау аймағына арнайы танымдық сапар жасады.

28 қазан күні кешкі уақытта қызылордалық ардагерлерді Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы халықаралық әуежайдан «Маңғыстау облысының ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Төлетов бастаған азаматтар, облыстық және қалалық әкімдіктердің жауапты қызметкерлері зор құрметпен қарсы алды.

Келесі күні таңертең ардагерлерге арнайы бөлінген жайлы үлкен автобус пен шағын автобустарға отырып, Маңғыстаудың киелі мекендеріне жол тартты.

Сапар барысында Жаңаөзен қаласына аялдап, шаһардың тыныс-тіршілігімен және көрікті орындарымен танысты. Әсіресе, қаланы айнала орналасқан өндірістік аймақтағы 6000-ға жуық мұнай өндіру ұңғымасының жұмысы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Танымдық сапардың алғашқы бағыты – халқымыздың рухани өмірінде айрықша орны бар Шопан ата жерасты мешіті мен кесенесі болды.

Шопан ата – қой түлігінің пірі, сопылық ілімнің көрнекті өкілі, Қожа Ахмет Ясауи ілімін жалғастырушы, Бекет атаның рухани ұстазы ретінде танылған қасиетті тұлға. Оның мазараты мұсылман қауымы үшін ерекше қастерлі орын саналады. Бор тасты шатқалдан ойып жасалған көне жерасты мешіті – бірнеше бөлмеден тұратын сәулеттік әрі тарихи ескерткіш. Ардагерлер киелі орынның тарихымен танысып, тағзым етті. Құран оқылып, аруақтарға бағышталды. Ақсақалдарымыз садақаларын беріп, дұға жасап, ізгі тілектерін арнады.

Одан әрі сапар қатысушылары Шақпақ ата жерасты мешіті мен кесенесіне аялдап, қасиетті мекеннің тарихымен танысып, аруақтарға Құран бағыштады.

Сапардың ең маңызды әрі әсерлі бағыттарының бірі үш жүз алпыс екі әулиенің мекені атанған Маңғыстаудың маңғаз даласындағы Бекет ата жерасты мешіті болды.

Қазақ халқының рухани тарихында ерекше орны бар, үш жүздің пірі атанған Бекет ата (1750-1813) осы қасиетті мекенде жерленген. Ақ борлы жартастан ойып салынған жерасты мешіті төрт бөлмеден тұрады.

Мешітке жету үшін ардагерлер биік шатқалдан төмен қарай созылған тасты баспалдақтармен ұзақ жол жүріп, табиғаттың ерекше көрінісіне куә болды. Қия беткейлер мен ақ борлы жартастардың арасымен жүріп өткен сапар қатысушылары үшін бұл жол үлкен рухани әсер қалдырды.

Киелі орынға арнайы ниетпен келген ардагерлер Бекет ата мен осы қорымда мәңгілік тыныс тапқан әулиелердің, мұсылман бауырлардың рухына арнап екі қой құрбандыққа шалды. Бекет ата мешітінің шырақшысы Қуаныш Тұрғанбайұлы Құран оқып, зияратшыларға рухани тағылымды әңгімелер айтты.

Бұдан кейін ардагерлер Бекет ата зиярат орталығын аралап, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтарға арнайы жайлы демалыс бөлмелері ұсынылып, құрбандыққа шалынған мал етінен дайындалған ас берілді. Дастарқан басында ақсақалдар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын арнады.

Киелі орындарға тағзым етіп, рухани әсерге бөленген ардагерлер кешкілік Ақтау қаласына аман-есен оралды.

Келесі күні ардагерлерге Ақтау қаласы бойынша мәдени-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар қаланың тарихымен, заманауи сәулетімен және көрікті орындарымен танысты. «Мифтер аллеясынан Жартасты соқпаққа дейін» бағытында экскурсиялық серуен өткізілді. Қаланың ерекше табиғи көріністерін тамашалап, Амфитеатр алаңында естелік суреттерге түсті.

Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Ардагерлер Әбіш Кекілбайұлы атындағы музейді аралап, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Экскурсия барысында кәсіби гидтің қызметі көрсетілді.

Танымдық сапар аясында Маңғыстау облысының әкімдігі Қызылорда облысынан келген ардагерлерге арнайы қонақасы беріп, сый-сияпат көрсетті.

Бұл сапар екі өңір арасындағы достық пен сыйластықты нығайтқан, аға буын өкілдерінің рухани дүниесін байытып, тарихи танымын кеңейткен тағылымды іс-шара болды.

Қызылордалық ардагерлерге қонақжайлық танытып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан Маңғыстау облысының әкімшілігіне, «Маңғыстау облысының ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Төлетовке және барлық ұйымдастырушыға шынайы алғысымызды білдіреміз!

С.Дүйсенбаев,

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желіден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: