Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады. Олар қазақстандықтарға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, осы іске қатысты қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Агенттіктің мәліметінше, 1985 жылы туған Дмитрий Пунин мен 1989 жылы туған Марина Ильинаға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер заңсыз ойын бизнесін жүргізу үшін шетелдегі үлестес компаниялар, төлем ұйымдары және банк құралдарынан тұратын жүйе құрған. Оның Қазақстандағы негізгі құрылымдарының бірі «Бонами» ЖШС болған. Аталған компания PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызмет жүргізуге мемлекеттік лицензия алғанымен, тергеу дерегінше, бұл қызмет заңсыз интернет-казинолардың жұмысын бүркемелеу үшін пайдаланылған.
— Ақша ағынын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, номиналды басшылар және банк терминалдарының желісі пайдаланылған. Оларды қосу мен жұмысын ұйымдастыруға қаржы секторының өкілдері көмектескен. Нәтижесінде әртүрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалынан тұратын желі қалыптастырылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін қолданылған, – делінген агенттік мәліметінде.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, аталған жүйе арқылы жүргізілген қаржы операцияларының жалпы көлемі 106 млрд теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш тергеуде анықталған ақша айналымын білдіреді.
Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда, осы іске қатысты Дмитры Дружинскы мен Марина Левковичке (Гинзбург) де іздеу жарияланған болатын. Тергеу олардың төлем инфрақұрылымын ұйымдастыруға және қаржы ұйымдарымен байланыс орнатуға қатысы бар деп есептейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі азаматтардың қайда жүргені туралы қандай да бір мәліметі бар адамдардан ведомствоның кезекші бөліміне хабарласуды сұрады.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!