Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күздің көркем кездесуі: «Күз ханшайымы мен ханзадасы – 2026»

02.11.2026, 16:05 35

HALYQLINE.KZ

Күз – табиғаттың алтын түске боянып, айналаға ерекше көрік беретін ғажайып мезгілі. Осы бір берекелі маусымның сұлулығын дәріптеп, оқушылардың өнері мен талантын таныту мақсатында 5-7-сынып оқушылары арасында «Күз ханшайымы мен ханзадасы – 2026» атты байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды да әсерлі өтті.

Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, өнерге деген қызығушылығын арттыру, сахна мәдениетін қалыптастыру, эстетикалық талғамы мен өзіне деген сенімділігін дамыту. Сонымен қатар жас ұрпақты әдептілікке, ізеттілікке, тапқырлыққа, ұйымшылдыққа және өзара сыйластыққа тәрбиелеу көзделді.

Өнер мен әсемдік тоғысқан байқау бес кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін көрермендерге таныстырып, есімдері, сыныптары, қызығушылықтары мен армандары туралы сыр шертті. Әр қатысушы сахнада өзіндік ерекшелігін көрсетіп, еркін сөйлеу шеберлігімен көзге түсті. «Өз өнері» кезеңінде оқушылар ән айтып, би билеп, көркем сөз оқып, бойларындағы өнерлерін ортаға салды. Әр өнер көрсетілімінен жас таланттардың ізденісі мен шығармашылық қабілеті айқын байқалды. Ал «Күзгі сән әлемі» кезеңінде қатысушылар күзгі табиғаттың сан алуан бояуын бейнелейтін ерекше киім үлгілерін ұсынып, сахнада сән мен сұлулықтың үйлесімін көрсетті. Олардың ерекше образдары мен сахналық жүрістері көрермендердің көңілінен шықты. «Фуд-арт» кезеңінде күзгі жемістер мен көкөністерден жасалған түрлі тағам мен сәндік композициялар таныстырылды. Қатысушылар өз туындыларының жасалу ерекшеліктері мен пайдалы қасиеттерін айтып, қиялға бай екендіктерін, ұқыптылығы мен шеберліктерін дәлелдеді. Байқаудың соңғы «Сұрақ-жауап» кезеңінде қатысушылар күз мезгілі, табиғат, өнер, мәдениет және жалпы танымдық тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен зеректіктерін, тапқырлықтарын көрсетті.

Әр кезең ерекше әсерге толы болып, қатысушылардың өнері мен талантына көрермендер зор ықыласпен қолдау білдірді. Әділқазылар алқасы сайыскерлердің өнерін, білімін, шығармашылық ізденісін, сахна мәдениеті мен белсенділігін саралай келе, байқау жеңімпаздарын анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша 5-сынып оқушылары Алмасова Дария мен Орысбеков Мансұр жоғары нәтиже көрсетіп, «Күз ханшайымы мен ханзадасы – 2026» атанып, бас жүлдені жеңіп алды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, барлық қатысушыға белсенділіктері, өнерлері мен ерекше өнер көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз! Осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар оқушылардың бойындағы талантты шыңдап қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттырып, өнерге деген құштарлығын оятады. Күздің алтын бояуындай жарқын әсер қалдырған бұл байқау қатысушылар мен көрермендердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Өнерлі ұрпақ – ел мақтанышы!

Гулназ САРСЕМБАЕВА,

№ 85 орта мектебінің «Шабыт» жобасының жетекшісі,

Қармақшы ауданы,

Төретам  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: