30-31 қазанда Қазақстан технологиялық жарыстың бірегей кеңістігіне айналды. Елдің 19 қаласында бір мезгілде елдегі ең ірі мультилокациялық хакатон — Decentrathon 6.0 өтті. Қызылорда да осы ауқымды іс-шараның толыққанды қатысушысы болды. Жобаның ұйымдастырушылары — Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC).
Қызылордада хакатон Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторында офлайн форматта өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы қолдады. Екі күн бойы алаң технологиялық идеялардың орталығына айналды: мұнда 200-ден астам әзірлеуші, студент және жас маман жұмыс істеді. Соңғы хакатонға Қызылордадан 125 қатысушы қатысқан болатын, яғни қатысушылар саны айтарлықтай өсті. Бұл – өңіріміздегі жастар арасында технологиялық бастамаларға қызығушылықтың артып келе жатқанының айқын көрінісі.

Хакатонның серіктестері — Grand Mobile және trysoup.dev компаниялары қатысушыларға нақты кейстер ұсынды. Командалар екі күн ішінде бұл тапсырмаларды шешіп, жұмыс істейтін прототиптер әзірледі, сарапшылардан кері байланыс алды және шешімдерін технологиялық индустрия өкілдеріне таныстырды.
Биылғы жарыстың басты ерекшелігі — өңірлік формат. Командалар бүкіл ел бойынша емес, тек өз өңірінің ішінде бақ сынады. Әр өңірде үш кейс ұсынылды, әр кейс бойынша бір жеңімпаз анықталады. Әр өңірдің жүлде қоры — 1 500 000 теңге. Хакатон қорытындысы қараша айында жарияланады.
Decentrathon тарихы 2023 жылғы мамырда басталды. Бес маусым ішінде жобаға қатысушылардың саны 17 мыңнан асты. Жеңімпаздардың 39%-ы — Қазақстан өңірлерінің өкілдері, бұл елдің технологиялық күші астанамен шектелмейтінін дәлелдейді.

«Біз үшін әр өңірдің мамандары жаңа технологияларды пайдаланумен шектелмей, оларды жасауға тікелей қатысқаны маңызды», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
«Бұрын айлар қажет болған жұмысты бүгінде санаулы күнде жүзеге асыруға болады», — деп қосты BAITC бас директоры Айдана Қасқырбек.
Қызылордада бұл сөздер нақты іспен расталды: екі күн ішінде қатысушылар идеяларын жұмыс істейтін прототиптерге айналдырды. Decentrathon өңірлік командалардың өсуіне және өз қаласында технологиялық жобалар жасауына жағдай жасауды жалғастыруда.
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!