Иордания мен Ирак билігі ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге байланысты Telegram мессенджеріне шектеу енгізді. Ирак тарапы компанияға заң талаптарын орындау үшін 30 күн уақыт берді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
16 қарашада Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ел аумағында Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешім қабылданғанын жариялады. Билік өкілдерінің мәліметінше, мұндай шара цифрлық қауіпсіздікті күшейту, азаматтарды қорғау және интернет платформалары арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында қолға алынған.
Иордания тарапы мессенджердің кейбір пайдаланушылары оны экстремистік идеяларды тарату, қорқыту, бопсалау және киберқылмыс жасау үшін пайдаланатынын алға тартты. Құзырлы орган мұндай әрекеттер қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
— Бұл шешім цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға, пайдаланушыларды қорғауға және интернет платформаларын заңсыз мақсатта пайдалануға байланысты қауіптердің алдын алуға бағытталған, – деп түсіндірді Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы.
Ведомство тұрғындарды әлеуметтік желілердегі белгісіз аккаунттар мен күмәнді сілтемелерден сақ болуға, заңсыз контент туралы тиісті органдарға хабарлауға шақырды. Сондай-ақ ата-аналарға балаларының интернеттегі белсенділігіне назар аударып, цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру ұсынылды.
Иордания билігі Telegram-ға қойылған шектеудің қанша уақытқа созылатынын нақтылаған жоқ.
Осы күні Ирактың Байланыс және медиа комиссиясы да Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешім қабылдады. Реттеуші орган мұны компанияның елдегі қолданыстағы заңдар мен нормативтік талаптарды орындамауымен байланыстырды.
Ирак билігінің мәліметінше, Telegram әкімшілігі платформада жарияланған заңға қайшы материалдарға қатысты қажетті шараларды қабылдамаған. Атап айтқанда, экстремизмді насихаттау, зорлық-зомбылыққа шақыру, өшпенділік қоздыру және киберқылмыстарға пайдаланылатын контентке қатысты талаптар орындалмағаны айтылды.
Комиссия Telegram компаниясына құқықтық мәселелерді реттеп, заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін 30 күн мерзім берді. Реттеуші органның мәлімдеуінше, шектеудің негізгі мақсаты компанияны заңсыз материалдарға қарсы әрекет етуге және Ирактың құзырлы мекемелерімен ынтымақтастық орнатуға міндеттеу.
Айта кетейік, Иракта Telegram бұған дейін де бұғатталған. 2023 жылдың тамызында ел билігі мемлекеттік мекемелер мен азаматтардың жеке деректерінің таралуына байланысты мессенджерге уақытша шектеу енгізген еді. Кейін компаниямен келіссөздер жүргізіліп, 13 тамызда сервиске қолжетімділік қайта қалпына келтірілген.
Қазіргі уақытта Иордания мен Ирактағы жаңа шектеулердің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Telegram компаниясының осы екі елдегі шешімдерге қатысты ресми жауабы жөнінде әзірге расталған ақпарат жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!