Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы мектепке неше жастан берген жөн?

27.08.2026, 8:20 52

Тамыз  келе  әр үйде бір сауал бой  көтереді. Бірі «алтыға толды, қатарынан  қалмасын» десе, енді  бірі  «жетіге жетсін, буыны  бекісін» дейді. Әже мен  атаның  байламы  басқа, балабақша  тәрбиешісінің  пікірі бөлек, ата-ананың көңілінде мың күдік. Бір бала бес жарымында әріп танып, есепке жүйрік болады. Екінші бала жетіге таяғанда ғана бейтаныс ортаға именбей кіре бастайды. Сондықтан  мектепке баратын жасты күнтізбедегі жалғыз санмен өлшеу оңай болғанымен, дұрыс шешім баланың бүкіл болмысын  таразылаудан  туады.

Биыл бұл сауал жүздеген мың отбасының алдында тұр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 18 тамыздағы Үкімет отыры­сында жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сынып­қа қабылданаты­нын мәлімдеді. Сол жиында еліміздегі 8 мыңнан аса мектеп­те 4,1 миллион оқушы білім алатыны айтылды. Құжат қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі. Қызылорда облысының білім басқармасы таратқан ресми мәліметке қарағанда, өтінішті OQU платформасы арқылы онлайн немесе мектепке тікелей барып беруге бола­ды. Демек, қағаз тапсырудың жолы жеңілдегенімен, «баланы биыл беру  керек пе?» деген шешімнің салмағы ата-ананың  мойнында  қалады.

Жаңа оқу жылының өз жаңалығы да аз емес. Stan.kz жариялаған шолуда 2026-2027 оқу жылы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін созылатыны, бастауыш сыныптарда тоқсандық жиынтық бағалау алынып, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың салмағы артатыны жазылған. Бірінші сыныпта бұрынғыдай баға қойылмайды. Қызылорда мен Павлодар облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте төртінші сыныптарға ана тілі, математика, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект бағыттары бойынша сынақ басталмақ. Мектептің мазмұны өзгеріп, баладан тек әріп танып, сан білуді емес, жаңа ортаға бейім­делуді, дербестік пен зейінді талап етіп отыр. Сондықтан алғашқы қоңырауға дайындық сөмке мен форманы  түгендеумен  бітпейді.

Ресми қағида бойынша бірінші сыныпқа алты жастағы және сол күнтізбелік жылы алтыға толатын балалар даярлық деңгейіне қарамастан қабылданады. Бұл құқықты мүмкіндік деп түсінген жөн, міндет деп емес. Қазақ жеті жасты баланың есі кіріп, етек-жеңін жинайтын шағы санаған. Дегенмен, бүгінгі мектеп те, бүгінгі бала да бұрынғыдан өзгерді. Көп бала балабақшада топ тәртібіне ерте үйренеді. Сондықтан «бәрі жетіде барсын» деу де, «алтыға толғанның бәрі дайын» деу де – асығыс байлам. Негізгі өлшем – төлқұжаттағы жас емес, баланың оқу тірлігіне даярлығы.

Психолог Аяулым Бақытова баланың бойында «мен» түсінігі қалыптаспайынша, оны мектепке беруге асықпау керегін айтады. Маманның пайымынша, жеті жас шама­сында бала өзінің жаңа «оқушы» орнын түсініп, міндет арқалауға, ортаға бейім­делуге және қарым-қатынас құруға біртіндеп дайын­дала бастайды. Осы кезеңде қабыл­дауы  сараланып, білуге құштарлығы күшейе­ді, есте сақтауы, бейнелі ойлауы мен сөйлеу тілі жетіледі. Ең маңыздысы, бұрын көбіне көңілі  қалаған  іске  ғана  кірісетін бала әреке­тін  саналы түрде  басқаруға  көше­ді. Оқуға деген ынтасы мен танымдық белсен­ділігі  де  осы  тұста  бекиді.

«Жалпы айт­қанда, 7 жас­тағы бала дамып, оқуға толық дайын бола­ды», — дейді психолог.

Алайда бұл тұжырым әр баланы  жетіге  дейін міндетті  түрде  күттіру керек деген сөз емес. Маман кеңесінің өзегі – жастан бұрын баланың ішкі дайындығын байқау. Анасынан тыныш ажырауы, сөзді соңына дейін тыңдауы, қате­лескенде қайта талаптануы, құрдасымен тіл табысуы – сол даярлықтың күнделікті белгілері. Ал мектеп жайлы сөз қозғалғанда қорқып, ұйқысы бұзылып, іші не басы ауыра­тынын айта берсе, оны еркелікке балап қоймай, психологпен  сөйлескен  жөн.

Бір сыныптағы балалардың жас айыр­масы кейде он бір айға жуықтайды. Қаңтарда туған, жетіге таяған бала мен желтоқсанда алтыға енді толатын баланың бойынан бастап сөз саптауына, қол икеміне, ашуын тежеуіне дейін айырма сезілуі мүмкін. Ересекке бір жыл аз уақыт көрінер, ал алты жас­тағы бала үшін ол – өмірінің алтыдан бір бөлігі. Сондықтан алғашқы тоқсанда жасы кіші баланың баяу жазуы немесе тез шаршауы қабілетсіздіктің белгісі емес. Оның денесі мен жүйкесі әлі жетіліп келе жатуы ықтимал. Ата-ана баласын сыныптағы ең ересек оқушымен  салыстырып, көңілін  жықпағаны  жөн.

Бастауыш сынып жетекшісінің жинақ­талған  пікірі  де  осы  ойды  қуаттайды.

«Бірінші қыркүйекте сыныпқа отыз бала кірсе, отыз түрлі тағдыр келеді. Бірі оқып тұр, бірақ қаламын жоғалтса, сасып қалады. Бірі әріпті толық танымайды, есесіне мұғалімді мұқият тыңдап, тапсырманы соңына дейін орындайды. Тәжірибеде екінші баланың алға тез басып кететін кезі көп. Бірінші сыныптың алғашқы айында маған баланың қанша сөз оқитынынан бұрын, қоңырауға дейін отыра алуы, дәретханаға рұқсат сұрауы, сөмкесінен дәптерін табуы, қатарласымен тіл табысуы маңызды. Жасы кіші балалардың кейбірі түстен кейін қатты қалжырайды, жазу кезінде саусағы талады, ескерту естісе, көңілі түседі. Сондайда үйде тағы екі сағат тапсырма орындату жағдайды ауырлатады. Ата-ана баланың орнына сөмкесін жинай бермей, киімін реттеуге, затын түгендеуге біртіндеп үйретсе, мектепке бейімделуі жеңілдейді. Мұғалім мен ата-ана бірін-бірі кінәламай, алғашқы тоқсанда жиі сөйлессе, бала да өзін қауіпсіз сезінеді», — дейді бас­тауыш  пәні  мұғалімі Гүлсайрам Махсұт.

Gov.kz ұсынған мектепалды дағдылардың қатарында баланың аты-жөнін, тұратын қаласы мен елін, негізгі түстерді, жыл мезгілдерін білуі, бірден онға дейін санауы, қарапайым пішіндерді ажыратуы, ұқсас суреттерден айырмашылық табуы, өлең не ертегі айтуы көрсетілген. Мұны қатаң емтихан тізімі емес, ата-анаға бағыт беретін бағдар деп қабылдау керек. Ертегіні ықыласпен тыңдап, ойын түсінікті жеткізетін бала оқу мен жазуды мектепте меңгереді. Ал бес жасында кітап оқып кеткен бүлдіршін кезек күтуді білмесе немесе анасы кетісімен ұзақ жыласа, алғашқы айларда қиналуы мүмкін.

Баланың өзіне қызмет етуі де – үлкен сын. Киімін реттеу, дәретханаға өздігінен бару, қолын жуу, сөмкесінен керекті затын табу, жоғалтқан бұйымын іздеу, қарны ашқанын немесе бір жері ауырғанын айту ұсақ-түйек көрінуі мүмкін. Бірақ мектепте осының бәрі оның өзіне сенуіне әсер етеді. Үнемі артынан жүріп, әр ісін үлкендер атқарып берген бала білімді болғанымен, жаңа ортада абдырап қалады. Мектепке дейінгі соңғы апталарда дәптер толтырудан бұрын күн тәртібін реттеп, таңертең өздігінен киінуге, затын жинау­ға  мүмкіндік  берген пайдалы.

Дене дайындығы да назардан тыс қал­масын. Бірінші сынып оқушысы ерте оянып, жол жүріп, бірнеше сабақ бойы отырып-тұрады. Қалам ұстағанда қолы тез талмай ма, тақтадағыны анық көре ме, мұғалім сөзін ести ме, баспалдақпен көтерілгенде әбден қалжырап қалмай ма – мұның бәрі маңызды. Ұйқысы қанбаған баланың зейіні шашырап, ашуы жиілейді. Кейде жұрт «мектепке дайын емес» деп жүрген мәселенің түбі жаста емес, түн ортасына дейін экран қарау мен қалыптаспаған  күн  тәртібінде  жатады.

Ата-ананың жинақталған пікірі бұл таң­даудың қағаздағыдан күрделі екенін аңғартады.

– Үлкен ұлымды алтыға жаңа толғанда мектепке бердік. Әріпті таныған соң дайын деп ойладық. Сабақты түсінді, бірақ таңертең тұру, ұзақ отыру, сөмкесін түгендеу оған ауыр тиді. Үйге келгенде ашуланып, кейде мектепке барғысы келмейтін. Сонда біз одан нәтиже талап етуді азайтып, мұғаліммен ақылдасып, ұйқы тәртібін өзгерттік. Біртіндеп түзелді. Кіші қызым алтыға тол­ғанда асықпай, тағы бір жыл даярлықта қалдыр­дық. Өйткені бейтаныс ортадан қатты қысыла­тын. Келесі жылы мектепке өзі сұранып барды. Осы екі тәжірибеден  ұққаным: бір үйдің екі баласына да  бір  өлшем  жүрмейді.  «Жұрт  не дейді?» деген ой баланың жағдайынан жоғары тұр­мауы керек, — дейді ата-ана  Алтынгүл Бай­көбес­қызы.

Алтыға жаңа толған бала анасынан ажырау­ға қатты қиналса, бір іске аз уақытта ден қоя алмаса, қарапайым нұсқауды ұмытып қала берсе, шаршағанда мінезі күрт өзгерсе, тағы бір жыл күту пайдалы болуы мүмкін. Бұл құрдастарынан қалып қою емес. Бірақ күткен жыл бос өтпеуге тиіс: қимылды ойын, кітап оқу, әңгімелесу, сурет салу, құрдаспен араласу, қажет болса логопед пен психолог көмегі баланың бойын тіктейді. Жеті жаста мектепке бару кеш қалу саналмайды. Керісінше, өзіне сенімді бала білім жолын  жеңілірек  бастайды.

Сонымен бірге, мектепке толық дайын алты жарым жастағы баланы «жетіге дейін міндетті түрде отырсын» деп ұстап қалудың да қисыны шамалы. Ол ортаға тез араласып, тапсырманы тыңдап, өзіне қызмет етіп, мектепке баруға ынта білдірсе, денсаулығы мен ұйқы тәртібі жақсы болса, бірінші сыныпқа бара  алады. Бір жыл кешіктіру барлық бала­ға бірдей артықшылық бермейді. Кей бала бұрыннан таныс тапсырмалардан жалығып, оқуға деген қызығуын жоғалтуы мүмкін. Шешім  қорқыныштан не жұртқа еліктеуден  емес, нақты  бақылаудан  туғаны  жөн.

Егер бала шала туған болса, сөйлеуі кешеуіл­десе, созылмалы сырқаты бар немесе ерекше қолдауды қажет етсе, педиатр, психолог, логопед пен арнайы педагогтың пікірін бірге қараған дұрыс. «Өсе келе түзеледі» деп жай күту жеткіліксіз, күткен уақыт нақты қолдаумен толуы керек. Балабақшаға бармаған бала да міндетті түрде дайын емес деген сөз емес. Үйде ертегі тыңдап, аулада құрдасымен ойнап, дастарқан жаюға, зат жинауға араласқан бала талай дағдыны табиғи жолмен меңге­реді. Қазақы үйдің тірлігі де үлкен мектеп: амандасу, үлкенді тыңдау, кішіге қамқор болу, тапсырылған істі аяқтау мінезді  шыңдайды.

Шешімге келе алмай отырған ата-­ана баласын бір апта жай бақылап көрсін. Оны мектеп күніндегідей уақытта оятып, өздігінен киінуге мүмкіндік беріңіз. Таңғы астан кейін сурет салу, кітап тыңдау немесе құрастыру секілді бір іске он бес-жиырма минут отыр­ғызыңыз. Жол тәртібін қалай сақтайтынын, құрдасымен келісе ала ма, шаршағанда не істейтінін байқаңыз. Бір күнгі қылығына емес, апта бойы қайталанған белгіге мән беріңіз. Тәрбие­шінің пікірін сұрап, болашақ мұғаліммен сөйлесіңіз. Баланың көзінше «дайынсың ба, дайын емессің бе?» деп қайта-қайта сынау оның көңіліне  күдік  ұялатады.

Тақырыпқа тұздық болсын, инте­гративті бала дәрігері Гүлвира Төремұратқызымен тақырыбымыз­дың төңірегінде әңгімелескен едік. Айтуынша, жақында ғана жұмыс бары­сымен жеке мектептің 1-сынып­қа қабылдауына қатысып, көңілі  біршама түскенін айтты.

– Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бір жеке мектеп 6 жастағы баланы мектепке қабылдап отыр. Баланың стимі бұзылған, РАС диагнозы бар ерекше бала екені көрініп тұр. Бір орында отыра алмайды, назары ойнап тұр. Анасы «1 жыл дайындап әкелсем, мектеп бағдарламасын игеріп кете ала ма?» дейді. Өкінішті, әрине. 1 жылда ерекше белгісі бар баланы мектепке дайындау мүмкін емес. Анасына да «кеш қозғалып жатырсыз» деп ескерттім.

Негізінен, мұндай ерекше баланы қабылдайтын жеке мектептерде тьютор маманы жұмыс істеуі керек. Үлкен қалаларда, мысалы Шымкент, Алматы, Астанадағы жеке мектептерде тьютор маманы жұмыс істейді. Ал біздің Қызылордада мұндай сала иелері қарастырылмаған. Сөйте тұра, ерекше баланы 6 жасынан мектепке қабыл­дау – тіпті қисынға келмейтін дүние, — деді  Г.Төремұратқызы.

Түйіндей  айтқанда,  мектепке  барудың  бәріне  ортақ  сиқырлы жасы жоқ. Қыркүйекте алтыға енді толатын, тез шаршайтын, анасынан ажырауы қиын, өз қажетін айта алмайтын балаға уақыт берген жөн. Ал денсаулығы жақсы, дербес, сөзді түсініп орындайтын, құрдасымен тіл табысатын және мектепке ықыласты баланы жасына бола  бөгей  берудің қажеті жоқ. Баланы «жұрттан қалмасын» деп те, «өзгеден  озып  кетсін» деп те мектепке бермеген дұрыс. Алғашқы қоңырау жарыстың басы емес. Ол – білім жолына сеніммен басқан алғашқы қадам. Сол қадам нық болсын десек, жасын санап қана қоймай,  жанын  да тыңдайық.

П.ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: