Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

”Поэзия төріндегі парасат”: шығармашылық кеш өтті

01.11.2026, 9:44 28

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, сондай-ақ Түркі әлемі жазушылар одағының мүшесі, ақын Оңталап Базаралының «Поэзия төріндегі парасат» атты шығармашылық кеші өтті.

Руханият пен әдебиеттің мәртебесін асқақтатқан тағылымды кеш ақынның шығармашылық жолын ұлықтауға, поэзия әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын танытуға және қаламгер еңбегіне құрмет көрсетуге арналды. Ақынның құрметті зейнетке шығуына орай ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, өнер қайраткерлері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемұлы аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, ақынның шығармашылық еңбегіне құрмет білдірді.

Кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, «Абырой» авторлық қоғамы республикалық бірлестігінің төрағасы, композитор Марс Сүленов, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Молжігітов, белгілі жырау Демеу Жолымбетов, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Талғат Тілеулесов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Толыбай Абылаев, сатирик, «Арал әлемі» газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла болды. Сонымен қатар бірқатар зиялы қауым өкілдері мен Сыр өңірінің қаламгерлері арнайы қатысты.

Шара аясында ақынның жаңа жыр жинағы – «101 өлең» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа жинақтың оқырманға жол тартуы – қаламгер шығармашылығындағы маңызды белес әрі поэзиясүйер қауым үшін мәні зор рухани жаңалық. Ақынның жырлары арқылы өмірдің мәні, адамдық қасиет, елдік мұрат пен ұлттық құндылықтар көрініс тауып, оқырманға ой салатын парасатты поэзияның қадірі айқындалды.

Әдеби кештің мазмұнын өнер өрнектері толықтырды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Медеуова, айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар, мәдениет саласының үздігі Рауза Ысқақова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова және Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдіразақов, жас талант Ердос Есқали, «Тұран» триосы және «Ai-Aru» заманауи би ансамблі өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы, әдеби ортадағы орны мен руханиятқа қосқан үлесі кеңінен дәріптелді. Ақынның жырлары оқылып, ізгі тілектер айтылды, қаламгерге деген құрмет пен қошемет білдірілді. Өлеңді өмірінің өзегіне айналдырып, оқырман жүрегіне жол тапқан Оңталап Базаралының шығармашылық жолы мен рухани мұрасы Сыр әдебиетінің қазынасын байыта бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: