Шиелі кентіндегі Ыбырай Жақаев саябағында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына орай «Жақаевшылар ізімен: Жаңа заман озаттары» атты аудан жастарының еңбек озаттарымен кездесуі өтті.
Тағылымды шараның негізгі мақсаты – Ыбырай Жақаевтың өнегелі еңбек жолын насихаттау, еңбек адамдарының абыройын асқақтату, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жастарды адал еңбекке, табандылық пен кәсібилікке баулу.
Кездесу барысында алдымен даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тұлға рухына тағзым жасалды.
Жиынның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Арман Дюсембаев сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен жастарға үлгі болатын өнегелі істерінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуге арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында Шиелі ауданының Құрметті азаматы, су саласының ардагері Әлияр Сейітов, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков, «Құрмет» орденінің иегері, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісінің иегері Дихан Аубакиров болды.
Кездесу барысында еңбек ардагерлері мен озаттары өздерінің еңбек жолдары, кәсіби қалыптасу кезеңдері, саладағы жетістіктері мен өмірлік тәжірибелері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ белсенді жастар қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, еңбек жолын таңдау, ауыл шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, кәсіпкерлік және табысқа жетудегі табандылық жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Өз кезегінде ардагерлер жастарға адал еңбек етудің, таңдаған кәсібіне жауапкершілікпен қараудың және туған жердің дамуына үлес қосудың маңыздылығын жеткізді.
Шара соңында «Шиелім» әні орындалып, кездесу мазмұнды әрі тағылымды рухта қорытындыланды.
Еңбек – елдің мерейі, адал кәсіп – абыройдың негізі. Ыбырай Жақаевтың сара жолы жалғасып, жаңа заманның еңбек озаттары көбейе берсін!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!