Бүгін Қазалы ауданында егін жинау науқанының аяқталуына орай ел ырысын еселеген дала еңбеккерлерін марапаттауға арналған «Алтын күз-2026» мерекелік салтанатты шарасы өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, аудан жұртшылығы мен ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін айтулы мерекемен құттықтады.
Қазыналы Қазалының қамбасын молайтып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен ауданымыздың диқаншылар қауымы бүгін ерен еңбектің төріне шығуда. Өткен аптада ғана Қызылорда қаласында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен «Алтын күз-2026» салтанатты шарасы өтіп, ауыл шаруашылығы саласының озаттары марапатталды. Салтанатты шара аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданымыздан 120 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, Сыр жұртшылығына ұсынылды. Өздеріңіз білесіздер, 28 қазан күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Жолдауда ел дамуының алдағы бағыттарын айқындалып, ұлттық бірлік, заң үстемдігі, экономикалық өсім және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Президентіміз Жолдауда ауыл шаруашылығына қатысты су ресурстарын тиімді және үнемдеп пайдалану мәселесіне тоқталғанда Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге ерекше тоқталып өтті. Аудан диқандарымен биыл 12 мың 475 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 2247 гектарға күріш дақылы егілді. Бүгінде, әр гектардан 40 центнерден өнім алынып, 9788 тоннаға жуық астық жиналды. Жыл басынан бері ауданнан балық, күріш, қамыс сынды ауыл шаруашылығы өнімдерінен барлығы 2445 тонна өнім экспортқа шығарылды. Ауданда жыл сайын мал шаруашылығы саласы бойынша төрт түліктің барлығында өсім қалыптасып келеді. Бүгінгі жиынымыз – дала төсінде тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын еселеген Сіздердей азаматтарға деген зор алғысымыздың белгісі. Қамбамыз әрдайым дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей. Баршаңызды ырыс-несібеге толы молшылық мерекесімен тағы да құттықтаймын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты шарада ауданның агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен еңбек озаттары мен саланың дамуыны үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.

«Құрманғали» шаруа қожалығының жетекшісі Бағдагүл Мұратқызына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің «Алғыс хаты» және бірқатар шаруа қожалық жетекшілеріне Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамоталары» табысталды. Бұдан бөлек «Алтын дән – 2025» салтанатты шарасы аясында ауыл шаруашылық саласының озаттары облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Жылдағы дәстүрге сай өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен еңбек озаттарына «Озат бақташы», «Озат шопан», , «Озат түйекеш», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат көкөніс өсіруші», , «Озат агроном», «Озат картоп өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат гидротехник», «Озат жатка машинисі», «Озат комбайншы», «Озат бригадир», «Озат егін шаруашылығы», «Озат телеарна тілшісі», «Озат газет тілшісі» сынды номинациялар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Мерекелік шарада биылғы жылы егілген 1307 гектар күріштің әр гектарынан 40 центнерден өнім алып, қоймаға 5228 тонна астық құйып, аудан экономикасының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «Үздік шаруашылық» номинациясымен ІІ дәрежелі дипломмен «Береке» шаруа қожалығы марапатталды. Сондай-ақ биылғы жылы егілген 220 гектар күріштің әр гектарынан 47 центнерден өнім алып, қоймаға 1034 тонна сыр салысын құйған «Жанкент Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Үздік шаруашылық» номинациясымен І дәрежелі диплом табысталды.
Салтанатты шара соңы дала еңбеккерлерінің құрметіне орай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!