Қазалы ауданы әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Мәжілісте аудан басшысы күн тәртібіндегі және басқа да өзекті мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Ауданның 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,9 млрд теңгені құрап, 124,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 20,8 млрд теңгеге жетіп, 127 пайызға орындалған. Бөлшек сауда айналымы 11,9 млрд теңгені, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 19,3 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,8 млрд теңгеге жетсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 183,2 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 43 989 шаршы метрді құрады.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, жоспарлы межеге қол жеткізу үшін тиісті шараларды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының тоқсандық есептілікті белгіленген мерзімде әрі дұрыс тапсыруын қамтамасыз етуді міндеттеді.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ауданның шығындар жоспары 11,5 млрд теңгені құрап, 100 пайызға игерілген. Осыған байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бөлінген қаражаттың уақытылы әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұдан бөлек, аудан бюджетінің кірістер жоспарын толық орындау, салық базасын кеңейту және кіріс көздерін ұлғайту мәселелеріне басымдық берілді. Мемлекеттік кірістер басқармасына, дербес бөлімдерге, мекеме-кәсіпорын басшыларына және елді мекен әкімдеріне жылдық жоспардың орындалуына бағытталған нақты шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
Мәжілісте мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмыстарының тиімділігі, әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшалардың белсенділігі кеңінен талқыланды. Аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарының хабарламасы тыңдалып, әлеуметтік желілерде жарияланған сыни жазбаларға уақытылы әрі сапалы жауап беру мәселесіне ерекше назар аударылды. Аудан әкімі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы келеңсіз жағдайлар туындаған кезде жедел ақпараттық ден қою алгоритмін қатаң сақтауды тапсырды.
Мәжілісте 23-24 қазан күндері Қызылорда қаласында өтетін дәстүрлі облыстық «Алтын күз – 2026» салтанатты іс-шарасына дайындық барысы да талқыланды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Атап айтқанда, жәрмеңкеге ұсынылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету, қажетті карантиндік және ветеринариялық құжаттардың болуын қадағалау, Қазалы ауданының бренді саналатын өнімдерді кеңінен ұсыну міндеттелді.
Аппарат мәжілісінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының барысы да талқыланды. Жауапты сала басшыларына, аудандық полиция бөліміне және елді мекен әкімдеріне бірлесіп жұмыс жүргізіп, белгіленген шақыру тапсырмасының толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттелді.
Мәжілістің соңында аудан аумағындағы санитарлық тазалық, абаттандыру және түнгі жарықтандыру жүйелерінің жағдайы қаралып, аудан басшысы Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округтердегі тазалық пен жарықтандыруға жүргізілген мониторинг нәтижелеріне тоқталып, бірқатар кемшілікті жою қажеттігін қатаң ескертті.
Жиын соңында күн тәртібінде талқыланған барлық тапсырманың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтындығын ескертті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!