Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту мәселелері талқыланды

13.10.2026, 11:40 54

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданы әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту және салық базасын кеңейту мәселелері бойынша мәжіліс өтті, деп жазады баспасөз қызметі.

Мәжілісте ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының есебі тыңдалып, салық түсімдерін арттыру, коммерциялық нысандарды қайта бағалау, салықтық берешектерді өндіру және салық төлеушілердің міндеттемелерін толық орындауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қаралды.

2026 жылға ауданның кірістер жоспары 4 млрд 269,4 млн теңге көлемінде бекітілген. Жыл соңына дейін қосымша түсімдер есебінен бұл көрсеткішті 4 млрд 367,8 млн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджетке 3 млрд 103,3 млн теңге түсім түскен.

Аудан әкімі салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, қайта бағалауға жататын коммерциялық нысандар бойынша тиісті шараларды жеделдетуді және көлік салығы мен өзге де салықтық берешектерді өндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар жеке мектепке дейінгі ұйымдардың салықтық міндеттемелерді уақытылы әрі толық орындауы, инженерлік-коммуналдық мекемелерге қарасты мүліктерді теңгерімге алу және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қосымша түсім көздерін қарастыру мәселелеріне назар аударылды.

Жұмысшы топтардың қызметін үйлестіру, IV деңгейлі бюджеттердің кіріс жоспарын орындау және ауылдық округтердегі салық түсімдерін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне жыл соңына дейін бекітілген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді, бюджетке қосымша түсім түсіру мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды және тапсырмалардың орындалуын күнделікті бақылауда ұстауды міндеттеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: