Бүгін Жаңақорған ауданы әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппарат мәжілісінде 2026 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы, аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылуы, салық базасын кеңейту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аталған бағыттар бойынша аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Аудан әкімі жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету үшін нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ белгіленген міндеттердің орындалу мерзімдері қатаң бақылауда болатынын ескертті. Салық базасын кеңейту, бюджет кірістерінің толық түсуін қамтамасыз ету және бөлінген қаражатты тиімді әрі уақытылы игеру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. 2023–2025 жылдары бағдарлама аясында 231 жобаға жалпы сомасы 1 млрд 888 млн теңге көлемінде несие берілген. Оның ішінде бүгінде кәсібін тоқтатқан кәсіпкерлер анықталып отыр. Осыған байланысты аудан әкімі мемлекеттік қолдаудың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге көрсетілетін сүйемелдеу жұмыстарын күшейту және бағдарламаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде кәсіп ашуға ниетті азаматтар арасында микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ», «Өрлеу» және басқа да бағдарламаларды кеңінен насихаттап, олардың тиімді іске асырылуына қолдау көрсетуді тапсырды.
Жиын соңында алдағы уақытта жоспарланған қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шаралардың дайындық мәселелері пысықталып, жауапты тұлғаларға аудан аумағындағы тазалық пен абаттандыру шараларын күшейту тапсырылды.
Аппарат мәжілісінде өзекті мәселелер қаралды
09.10.2026, 21:55 40
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!