«Ақ жол» фракциясы Industrial Trading жобасын насихаттайтын материалдардың қазақстандық сайттарда әлі тұрғанына назар аударды. Депутаттардың сауалында бұл жоба Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар тізіміне енгізілгені айтылған.
Құжатта agroinfo.kz және Oskemen.info сайттарында «Industrial Trading пікірлері — толық сенуге болатын брокер» деген мағынадағы тақырыппен материалдар сақталғаны көрсетілген. Фракция қаржы реттеушісінің назарына іліккен жобаны сенімді брокер ретінде таныстыратын жарияланымдардың таралу себебін анықтауды сұрайды.
«Қаржы реттеушісі мен құқық қорғау органдарының назарында тұрған ұйымды насихаттайтын материалдар қазақстандық интернет-ресурстарда неліктен әлі таралып жатыр?» — деген сауал қойылған депутаттық өтініште.
Депутаттардың мәліметінше, Ішкі істер министрлігінің сайтында Industrial Trading бренді пайдаланылған схемаларға қатысты қылмыстарды тергеу туралы ақпарат бірнеше рет жарияланған. Сауалда азаматтарды осындай схемаларға тарту және оларға мүліктік залал келтіру деректері туралы хабарламалар болғаны айтылған.
Фракция Бас прокуратура мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен аталған жарияланымдарға қатысты деректерді тексеруді сұрады. Сауалда келтірілген мәліметтерді растайтын материалдар депутаттық өтінішке қоса берілетіні көрсетілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!