Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл білгеннің әлемі кең

24.09.2026, 17:32 90

Бүгінгі бала бір ғана ортада өмір сүрмейді. Оның алдында ақпараттың, білімнің, мамандықтың, мәдениеттің үлкен кеңістігі тұр. Бір елде отырып-ақ әлемнің кез келген университетінің дәрісін тыңдауға, басқа мемлекеттегі құрдасымен пікір алмасуға, халықаралық жобаға қатысуға мүмкіндік бар. Осындай жағдайда тіл білу қосымша қабілеттен күнделікті қажеттілікке айналып келеді. Жаһандану, цифрландыру, халықаралық мобильдік күшейген сайын тіл баланың білім алуына, болашақ мамандығына және өзін еркін танытуына тікелей әсер ететін маңызды құралға айналды. 

Мектепте көп жыл жұмыс істеген адам ретінде соңғы кезеңде тіл үйренуге деген қызығушылықтың бағыты өзгергенін анық байқаймын. Бұрын ата-ана баласының ағылшын тілін білгенін қаласа, бүгінде оқушының екінші, үшінші шетел тілін меңгеруіне де қызығушылық жоғары. Балалардың өздері де тілді тек мектептегі пән ретінде қабылдамайды. Бірі шетелдік университетте білім алуды ойлайды, бірі халықаралық компанияда жұмыс істегісі келеді, енді бірі саяхаттағанда немесе цифрлық кеңістікте еркін қарым-қатынас жасауды қалайды. Мұндай сұраныстың тууы заңды. Қазіргі әлемде тіл адамның мүмкіндігін кеңейтетін нақты ресурсқа айналды.

Осы қажеттілік Н. Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназия КММ-де «Әлем тілдері» мектебі жобасын дамытуға негіз болды. Жоба аясында қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерін жүйелі оқыту қолға алынып, кейін кәріс пен француз тілдерін енгізу бағыты белгіленді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен серіктестік орнатылып, мектеп пен жоғары оқу орнының мүмкіндігін бір арнаға тоғыстыру көзделді. Жобаның негізгі мақсаты бірнеше тілдің атауын мектеп бағдарламасына енгізумен шектелмейді. Біз оқушыға тіл арқылы білім алуға, ойлауға, зерттеуге, қарым-қатынас жасауға және өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды маңызды деп санаймыз. 

Ибраев Бекзат Сағындықұлы, Н. Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназия КММ директоры

Тілді жан-жақты меңгеру дегеніміз сөз жаттап, грамматикалық ережені білу емес. Оқушы тыңдағанын түсіне алуы, ойын ауызша жеткізуі, мәтінді саналы оқуы және сауатты жазуы қажет. Сондықтан біз төрт негізгі дағдыны тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымды өзара байланыстыра оқытуға басымдық береміз. Бір сабақта оқушы қысқа бейнематериал тыңдап, одан қажетті ақпаратты алады, жұппен пікірлеседі, мәтін оқиды, соңында өз ойын жазбаша жеткізеді. Осындай сабақта тіл ереже күйінде қалмайды, әрекет құралына айналады. 

Оқушы тілді қолданған сайын меңгереді. Сол себепті «Әлем тілдері» жобасында дайын ақпаратты есте сақтау тәсілінен гөрі әрекетке негізделген оқытуға көңіл бөлінеді. Бала сөйлейді, сұрақ қояды, шағын жоба дайындайды, бейнематериал түсіреді, постер жасайды, пікірін қорғайды, басқа мәдениетпен танысады. Қазіргі оқушы өз қолымен өнім жасаған кезде материалды әлдеқайда терең игереді. Әдістемелік нұсқаулықта да тілдің шынайы жағдайда қолданылуы, сабақтың мәдени орта, жоба, цифрлық кеңістік және қоғамдық белсенділікпен жалғасуы маңызды қағида ретінде қарастырылды. 

Мысалы, тілдік модульдерде «Мектеп өмірі», «Отбасы және құндылық», «Қала және бағыт», «Мәдениет және дәстүр», «Цифрлық әлем», «Болашақ мамандық» сияқты оқушыға жақын тақырыптар қамтылады. Тыңдалым мен айтылымнан басталған жұмыс оқылым мен жазылымға жалғасып, соңында шағын постер, бейне, эссе немесе жоба түріндегі нақты өніммен аяқталады. Мұндай жұмыс баланың сөздік қорын толықтырумен қатар, оның ойын жүйелеуіне, ақпаратты талдауына және көпшілік алдында еркін сөйлеуіне ықпал етеді. 

Палмаганбетова Гульшат Кенжетаевна, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Осы тәжірибені жүйелеп, мектепке қолдануға ыңғайлы ортақ құрал қажет екенін түсіндік. Соның нәтижесінде Ибрагимова Галия Ермаганбетовна, Ибраев Бекзат Сағындықұлы және мен, Палмаганбетова Гульшат Кенжетаевна бірлесіп «Әлем тілдері» мектебі жобасын әдістемелік және басқарушылық сүйемелдеуге арналған әдістемелік нұсқаулық әзірледік. Нұсқаулықта тіл сабақтарының мазмұнымен бірге жобаны басқару, мұғалімдердің кәсіби дамуы, университетпен серіктестік, бағалау, мониторинг, цифрлық ресурстар, жасанды интеллектіні орынды пайдалану, ата-анамен жұмыс және тілдік ортаны қалыптастыру мәселелері қамтылды. Оның ішінде модульдік жоспарлар, бағалау рубрикалары, портфолио, жол карталары, регламенттер мен чек-парақтар секілді күнделікті жұмысқа қажетті құралдар бар. 

Көптілді білім беруде асығыстық та болмауы керек. Бір мезетте бірнеше тілді баланың алдына үйіп қою жақсы нәтиже бермейді. Әр тілдің мақсаты, деңгейі, сағат көлемі, мұғалім мүмкіндігі және оқушының жас ерекшелігі ескерілуі қажет. Сондықтан жобада тілдерді кезең-кезеңімен енгізу қағидасына мән бердік. Бала белгілі бір деңгейге жеткен сайын келесі мүмкіндік ашылып отыруы тиіс. Сонда көптілділік жүктемеге емес, дамуға айналады.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Өзге тілді үйрену ана тілінен алыстау деген түсінік болмауы керек. Керісінше, өз тілінің құндылығын түсінген, ұлттық мәдениетін таныған бала өзге мәдениетті де саналы қабылдайды. Біздің көздегеніміз бірнеше тілде сөз білетін оқушы дайындау емес. Қазақ тілінде терең ойлайтын, өз мәдениетін құрметтейтін, басқа тілдерде еркін қарым-қатынас жасай алатын, әлемдік білім кеңістігіне сенімді кіре алатын тұлға тәрбиелеу.

Алдағы уақытта тілге деген сұраныс бәсеңдемейді. Керісінше, технология дамыған сайын адамның ақпаратты қай тілден ала алатыны, кіммен сөйлесе алатыны, қандай білімге қол жеткізе алатыны маңызды бола түседі. Мектеп осы өзгеріске бүгіннен дайындалуы тиіс. «Әлем тілдері» жобасын қолға алудағы негізгі ойымыз да осы еді. Оқушы мектеп қабырғасынан шыққанда тілден қорықпайтын, ойын бірнеше ортада жеткізе алатын, өз мүмкіндігін әлемдік кеңістікте сынауға дайын азамат болып қалыптасса, біздің еңбегіміздің нәтижесі сол.

Палмаганбетова Гульшат Кенжетаевна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер,
«Үздік педагог – 2022», директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Н. Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназия КММ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: