Актер сот залында қамауға алынды.
Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер Нұрсұлтан Жақсыгенді 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынды.
Іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралған. Бұл норма онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты. Сот Жақсыгенді кінәлі деп танып, жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді белгіледі.
Сондай-ақ сот оның бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырған. Нұрсұлтан Жақсыгеннен жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге өндірілетін болды.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы актерді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ал Жақсыген даулы жазбалардың бір бөлігін өзі жарияламағанын, әлеуметтік желіде оның атынан жалған парақшалар ашылғанын айтқан.
Іс актер мен оның бұрынғы жұбайы арасындағы дауға байланысты қозғалған. Сабырәлиева әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпарат тарады деп мәлімдеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!