Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада хоккей жаттықтырушысы шәкіртін зорлады деген күдікпен қамалды

15.09.2026, 11:00 59

Қызылорда облысының Сырдария ауданында 38 жастағы хоккей жаттықтырушысы 16 жастағы шәкіртін зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Жәбірленушінің айтуынша, бапкер оны екі жыл бойы қорқытып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Іс бойынша тағы бір ер адам да қамауда отыр.

Жасөспірімнің сөзінше, оқиға алғаш рет Талдықорған қаласында өткен хоккей жарысы кезінде болған. Ол жаттықтырушысы жалдамалы пәтерде масайтатын сусын беріп, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскенін айтады. Кейін күдікті сол жағдайдың видеосын таратамын деп қорқытып, бірнеше рет өз дегеніне көндірген көрінеді.

— «Видеоны таратқанымды қаламасаң, менің айтқандарымды істейсің, үйдегілерге ештеңе айтпайсың» деп қорқытты. Жаттығудан кейін көлігіне мінгізіп, әртүрлі жерлерге апарып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтін. 2025 жылдың маусым айынан бастап мені басқа адамдарға да жіберіп, одан түскен ақша мен есірткі заттарын өзі ала бастады,— дейді жәбірленуші.

Колледжде білім алып жүрген қыз болған жағдайды ұзақ уақыт бойы жақындарына айта алмағанын жеткізген. Кейін шыдамы таусылып, басынан өткен жағдайды отбасына айтқан.

Осыдан кейін жасөспірімнің туыстары жаттықтырушымен кездескен. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, сол кезде отбасы мүшелері күдіктіге күш қолданған. Қазір қыздың анасы мен 18 жастағы ағасына қатысты да қылмыстық іс қозғалған.

— Біз бастапқыда сіңліміздің жағдайына байланысты арыздандық. Ол кәмелетке толмаған кезде осындай жағдайға тап болған. Енді анам мен ініме қатысты іс қозғалып отыр. Өз қызына не болғанын білген ата-ананың бейжай қарап тұруы қиын,— деді есімі жарияланбаған жәбірленушінің әпкесі.

Қызылорда облыстық полиция департаменті қылмыстық іс бойынша екі күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді.

— Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Бұдан бөлек, екінші тарапқа қатысты адам ұрлау дерегі бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалған,— деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы Бауыржан Сәулебеков.

Полиция мәліметінше, адам ұрлау дерегі бойынша жәбірленуші қыздың анасы мен 18 жастағы ағасы күдікке ілінген. Ал жасөспірімге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолдауға дайындалып жатыр.

Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Ақпарат: Информбюро

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: