Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 62-сессиясы өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбай, облыстық мәслихат депутаттары Ибайдулла Тілеп, Нұрлан Имандосов, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, білім, теміржол мекемелерінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселе аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі болды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы жыл басынан бергі аудан экономикасының әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы негізгі жоспарларға тоқталды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне деген айрықша қолдауының арқасында, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда. Бүгінде аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі.
— 2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 млрд теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 18,9 млрд теңгеге нақтыланды. Ауданның өз кірістерінің жоспары 4 млрд 269,0 млн теңге болып бекітілді. Бүгінгі күнге жоспар 99,3 млн теңгеге ұлғайтылып, 4 млрд 362,0 млн теңгеге нақтыланды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 2026 жылдың 7 айында оң тенденция сақталды. Өнеркәсіп өндірісі – 126,5, өңдеу өнеркәсібі – 129,9, сауда – 100,7, ауыл шаруашылығы – 104,3, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 103,6, құрылыс жұмыстарының көлемі – 115,4, тұрғын үй құрылысы 102,0 пайызға артты. Жыл басынан бері ауданда Қазалы теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынды. Бекарыстан би, Қожабақы ауылдары мен Әйтеке би кентінде заманауи жаңа спорт кешендері ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін берілетін 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Халықты сапалы инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша аудан халқы 100 пайы таза ауызсумен қамтылды. Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарына «көгілдір отын» жеткізіліп, биыл жыл соңына дейін төрт ауыл «көгілдір отынның» қуанышына кенелетін болады. Бұдан бөлек, Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистралдық газ құбырын тарту жоспарлануда. Ақсуат ауылына АГРС станциясы салу және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне ауылішілік газ құбырын тарту жобасы да жоспарымызда бар. Жоба құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыру үшін бюджет көздері қарастырылуда. Елді мекендердегі электр желілерін қайта жаңғырту бойынша Қазалы қаласы, Қожабақы, Ү.Түктібаев ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртылса, алдағы уақытта Жалаңтөс батыр мен Қ.Пірімов ауылдарының электр желілері жаңғыртылатын болады. Бүгінгі таңда аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі – Қарлан көпірінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Әрине, мұнан бөлек білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың барлығында да көрсетілген қолдау мен елдің ауызбіршілігінің нәтижесінде ауқымды жұмыстар атқарылуда, — деді аудан әкімі.
Сессия отырысында аудандық мәслихат депуттаттары ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осындай аудан халқының игілігіне бағытталған ауқымды жобалардың жүзеге асуына тілектестіктерін білдірді.
Басқосу соңында Алмасбек Әбілқасымұлы ел ішіндегі істеліп жатқан нәтижелі жұмыстар аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарғандықтың нәтижесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта да елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан реформаларды қолдауға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды ауызбіршілікпен бірлесе атқаруға шақырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!