Бір ай бұрынғы коммуналдық төлемі он мың теңге шамасында болған тұрғынның қолына келесі айда бірнеше есе қымбат түбіртек тисе, ол қай есепке сенуі керек? Есептегіш көрсеткіші өзгермесе де, төлем сомасы неге өседі? Бір құжатқа бес түрлі қызметті біріктіру тұрғынның тірлігін жеңілдетті ме, әлде қате есептің қайдан шыққанын анықтауды қиындатты ма?
Қызылордада коммуналдық төлемнің жаңа тәртібі енгізілгелі бері осы сұрақтар әлеуметтік желіде жиі қойыла бастады. Бірнеше тұрғын қолына тиген түбіртектерін жариялап, бұрынғы төлемімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары соманың көрсетілгеніне наразылық білдірді. Кейбір түбіртектегі сандар тұрғындардың өз айтуынша, тіпті «сұмдық» деңгейге жеткен.
Коммуналдық төлем – ай сайын әр отбасының бюджетіне тікелей әсер ететін міндеттеме. Сондықтан түбіртектегі түсініксіз бір жолдың өзі тұрғынның күмәнін туғызуы заңды. Ал күмәнді сома бірнеше қызметті қамтитын бір құжатта көрсетілсе, мәселенің мәнін ажырату одан сайын қиындай түседі.
Осы мәселенің ақ-қарасын анықтау, тұрғындардың әлеуметтік желіде көтерген сауалдарына жауап алу мақсатында Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Жиынға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мен «АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжанов қатысып, жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін және түбіртектегі есеп кімнің тарапынан қалыптастырылатынын түсіндірді.
2026 жылдың қаңтарынан бастап Қызылорда облысында электр энергиясы, жылу, су, кәріз және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтері бойынша бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Яғни бұған дейін әртүрлі түбіртекпен төленіп келген қызметтер бір құжатқа топтастырылды.
Жүйенің мақсаты түсінікті: тұрғынның уақытын үнемдеу, төлемдерді бір жерге шоғырландыру, есеп айырысуды ретке келтіру. Алайда, кез келген реформаның тиімділігі оның мақсатына емес, тұрғынның күнделікті өмірінде қалай жұмыс істейтініне қарап бағаланады. Ал Қызылордадағы алғашқы тәжірибе бірқатар мәселенің бар екенін көрсетті.
БІР ТҮБІРТЕККЕ БІРНЕШЕ ҚЫЗМЕТ СЫЙДЫ. АЛ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЙДА ҚАЛДЫ?
Брифингте ең көп қойылған сұрақтардың бірі – түбіртектегі төлем сомасын кімнің есептейтіні. Бұл жерде маңызды айырмашылық бар.
«АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді және тұрғындардың төлем сомасын өз бетінше есептемейді. Әр қызмет бойынша есептеуді сол қызметті көрсететін коммуналдық кәсіпорын жүргізеді. Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті – сол кәсіпорындардан түскен мәліметтерді бір жүйеге біріктіріп, тұрғынға бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Яғни құжат біреу болғанымен, оның ішіндегі есептің көзі бірнешеу.
Бұл ақпарат тұрғынға анық түсіндірілмесе, түсініспеушіліктің туындауы тағы заңды.
Тұрғынның қолында бір түбіртек тұр. Онда су да, жылу да, электр энергиясы да көрсетілген. Ал оның бір жолындағы сомамен келіспеген жағдайда, мәселені шешу үшін тиісті қызмет көрсетуші кәсіпорынға жүгінуі қажет.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин де осыны нақтылады.
– Егер тұрғын су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмән келтірсе, алдымен сол қызметті көрсететін мекемеге жүгінуі керек. Бұл ретте адами да фактор әсер етуі әбден мүмкін. Мәселен, үй-үйді аралап түбіртекті тексеруші қызметкерлердің қателігі де болуы ықтимал. Уақыт пен адами фактордың да әсері осы ретте білінеді. Сондықтан, қандай да бір күмән болса, мекемеге келіп, арнайы жеке шотыңызды аштырып тексертуге әр тұрғынның мүмкіндігі бар, — дейді М.Усаин.
СОМАСЫ КӨП ТҮБІРТЕК МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚАТЕ МЕ?
Әлеуметтік желіде тараған түбіртектерге қатысты тағы бір маңызды жайт бар. Жоғары сома көрінген әрбір құжатты автоматты түрде «қате есеп» деп бағалау дұрыс емес. Коммуналдық төлемнің өзгеруіне тұтынылған көлем, есептегіш көрсеткіштері, бұрынғы берешек, қайта есептеу және өзге де факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда эмоциядан бұрын нақты есепке қарау қажет.
Есептегіштің өткен айдағы көрсеткіші қандай болды? Осы айда қандай көрсеткіш енгізілді? Қандай тариф қолданылды? Берешек қосылды ма? Қайта есептеу жүргізілді ме? Тұрғынға осы сұрақтардың әрқайсысына түсінікті жауап берілуі керек.
Мәселе де осында: тұрғын түбіртектегі соңғы соманы ғана емес, сол соманың қалай пайда болғанын түсінуі тиіс. Егер оған мұны анықтау үшін бірнеше мекемеге қайта-қайта хабарласуға тура келсе, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – қолайлылық толық орындалды деуге әлі ерте.
Қазіргі күні облыстағы тұтынушылардың 80 пайыздан астамы коммуналдық төлемдерін электрондық бірыңғай төлем құжаты арқылы жасап отыр. Электрондық форматтың өз артықшылығы бар. Тұрғын «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы арқылы бірыңғай төлем құжатын, төлемдер тарихын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің байланыс деректерін көре алады. Бірақ цифрландырудың өзі мәселені шешпейді. Егер жүйеге қате дерек түссе, электрондық формат сол қатені тек экранға шығарады. Сондықтан цифрлық сервистің сапасын тек оның бар-жоғына қарап емес, деректің дәлдігі мен түзету жылдамдығына қарап бағалау қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, төлем құжаттарын ай ішінде қайта жаңарту, коммуналдық қызметтер бойынша тікелей төлемдерді бірыңғай құжатқа кезең-кезеңімен көшіру және тұтынушылардың мекенжай деректерін біріздендіру бойынша жұмыстардың әлі жүргізіліп жатқаны назар аударарлық. Демек, жүйе енгізілгенімен, оны жетілдіру процесі әлі аяқталған жоқ.
Жаңа жүйенің алғашқы кезеңінде тұрғындарға қағаз түбіртек те ұсынылды. Электрондық форматқа көшу бірден емес, кезең-кезеңімен жүргізілді. Бастапқыда үш айға жоспарланған қағаз құжаттарды жеткізу мерзімі тұрғындардың бейімделуіне байланысты маусым айына дейін ұзартылды. Мұның өзі цифрлық жүйеге көшудің тұрғындардың барлығы үшін бірдей жеңіл болмағанын көрсетеді. Бұл жерде «электрондыққа көшу керек» деген талаптан бұрын «тұрғын оған дайын ба?» деген сұрақ маңызды. Өйткені коммуналдық төлемді уақытында жасау үшін адамға қолдануға ыңғайлы әрі түсінікті құрал қажет. Бір тұрғын үшін мобильді қосымша қалыпты болса, екіншісі үшін қағаз түбіртек әлі де ең сенімді нұсқа болуы мүмкін. Сондықтан цифрландыру тұрғынды таңдаусыз қалдырмауы керек.
2024 жылы Қазақстанның қалалары мен аудандарында Бірыңғай есеп айырысу орталықтарын ұйымдастыру міндеті қойылды. 2025 жылы коммуналдық қызметтер көрсету саласындағы Үлгілік қағидалар қабылданып, бірыңғай төлем құжаты операторының қызметі бекітілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар бірыңғай төлем құжатын қалыптастыру бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізіп, «АЛСЕКО» АҚ жеңімпаз атанды.
Яғни бұл – кездейсоқ енгізілген уақытша шешім емес, коммуналдық есеп айырысу жүйесін қайта ұйымдастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Сондықтан оның нәтижесіне қойылатын талап та жоғары. Жүйе тұрғынға ыңғайлы болуы керек. Есеп ашық болуы керек. Қате болса, оны түзетудің нақты жолы болуы керек. Ал шағым түскен жағдайда тұрғынды бір мекемеден екіншісіне сілтей бермей, мәселенің соңына дейін жеткізетін механизм жұмыс істеуі қажет.
«БІР ҚҰЖАТ» ИДЕЯСЫНЫҢ ӘЛСІЗ ЖЕРІ ҚАЙСЫ?
Бірыңғай төлем құжатының артықшылығын жоққа шығаруға болмайды. Бірнеше түбіртектің орнына бір құжат, бірнеше төлемнің орнына бір жүйе – уақыт үнемдейді әрі есеп жүргізуді жеңілдетеді. Бірақ жүйенің осал тұсы да – дәл осы жерде. Бұрын әр қызметтің өз түбіртегі болатын. Енді барлығы бір құжатқа жинақталды. Сондықтан тұрғынға есептің қай бөлігін қай кәсіпорын қалыптастырғанын, қандай мәселе бойынша кімге жүгіну керегін барынша анық көрсету қажет. Әйтпесе бір түбіртек бірнеше түбіртектің орнын басқанымен, тұрғынның сұрағын шешу жолы керісінше күрделенуі мүмкін. Ал бұл реформаның бастапқы мақсатына қайшы.
Коммуналдық салада қате есептің құны жоғары. Өйткені мұнда сөз абстрактілі статистика туралы емес, адамдардың ай сайынғы табысы туралы болып отыр. Сондықтан жаңа жүйені енгізу барысында техникалық кемшіліктер болса, оларды ең алдымен тұрғын сезінбеуі керек. Егер жүйеде дерек сәйкес келмесе, ол түзетілуі тиіс. Егер есепте қате болса, қайта есептелгені жөн. Егер тұрғын күмәнданса, оған нақты түсініктеме берілуі тиіс. Ал мұның бәрі ұзаққа созылмай орындалуы қажет.
Қызылордадағы әлеуметтік желідегі шағымдар осы талаптардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Олар жаңа жүйеге қатысты қоғамдық бақылаудың бар екенін де аңғартады. Ендігі міндет – бұл шағымдарға тек түсініктеме берумен шектелмей, жүйенің әлсіз тұстарын анықтап, нақты шешім шығару. Бірыңғай төлем құжатының тағдырын тұрғындардың оған қаншалықты сенетіні шешеді. Ал сенімнің формуласы қарапайым: дұрыс есеп, ашық ақпарат және жедел кері байланыс.
«АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжановтың айтуынша, негізгі мақсат – тұрғынға бірнеше жерден төлем іздетпей, барлық коммуналдық қызметті бір құжаттан көруге және төлеуге мүмкіндік беру. Бұл мақсат жүзеге асса, жүйе өзінің негізгі міндетін орындайды. Бірақ оған жетудің жолы тек техникалық интеграциямен шектелмейді. Тұрғынға түбіртектегі әрбір соманың қайдан шыққанын түсіндіру, қате есептерді жедел түзету, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және шағымды қараудың тиімді механизмін қалыптастыру қажет. Бүгінгі мәселе – бес қызметтің бір құжатқа бірігуі емес, сол бір құжаттағы бес түрлі есептің тұрғынға бірдей түсінікті болуы.
Қызылордадағы жаңа жүйенің шынайы бағасы да осыдан кейін беріледі. Бір түбіртек енгізілді. Ендігі сұрақ: сол бір түбіртек тұрғынның уақытын ғана үнемдей ме, әлде жүйеге деген сенімін де арттыра ма?
Перизат ЗАХРАДИН
Коллаж: ашық дереккөзден пайдаланып жасаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!