Қазақстан энергетикасы үшін соңғы бірнеше жыл оңай болған жоқ. Қыстың қақ ортасында жылу электр орталықтарындағы ақау, ескірген қазандықтар мен желілердің тозуы бір қаланың коммуналдық мәселесінен ұлттық деңгейдегі қауіпке айналды. Енді ресми деректер саладағы жағдайдың біртіндеп өзгере бастағанын көрсетеді. 2024–2026 жылдары «қызыл аймақтағы» ЖЭО саны 19-дан 5-ке дейін қысқарған. Алайда бұл энергетикадағы мәселе шешілді деген сөз емес. Керісінше, ендігі негізгі сұрақ – жөндеуден өткен ескі жүйе өсіп келе жатқан экономиканың сұранысын қанша уақыт көтере алады?
19-дан 5-ке дейін. Бұл нені білдіреді?
Жылу электр орталықтарын «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарға бөлу олардың техникалық жағдайы мен сенімділігіне қарай тәуекел деңгейін көрсетеді. Соңғы екі жылда ең күрделі санаттағы ЖЭО саны 19-дан 5-ке түскен. «Жасыл аймақтағы» стансалар саны екі есеге, 7-ден 14-ке көбейді. Бірақ бір қызық көрсеткіш бар. «Сары аймақтағы» ЖЭО саны 11-ден 19-ға жеткен.
Бұл цифрларға тек «қызыл аймақ төрт есе қысқарды» деген жағымды жаңалық ретінде қарау жеткіліксіз. Деректердің өзінен қауіпті нысандардың бір бөлігі тәуекелі төмен санатқа көшкенін байқауға болады. Яғни жүйе бірден толық жаңарып кеткен жоқ, ең күрделі нүктелердің жағдайы кезең-кезеңімен түзеліп келеді.
Нәтиженің тағы бір өлшемі бар. 2023–2024 жылдардағы жылу беру кезеңінде электр стансаларында 1469 технологиялық ақау тіркелсе, 2025–2026 жылдары олардың саны 1004-ке дейін азайған. Жылу желілерінде температуралық кестені сақтамау деректері 215-тен 21-ге дейін төмендеген. 2024–2025 жылдары 20 энергоблок, 118 қазандық және 84 турбина жөнделді. Электр стансаларының орташа тозуы 56 пайыздан 53 пайызға түсті, биыл оны 52 пайызға дейін төмендету күтіледі.
Мәселенің түйіні де осы соңғы көрсеткіште жатыр. 53 пайыздық тозу әлі де жоғары. Демек, апат санын азайту мен жүйені ұзақ мерзімге сенімді ету екі бөлек міндет.
Жөндеу енді жеткіліксіз
Қазақстан ұзақ уақыт энергетикадағы тапшылықты қолданыстағы стансаларды жөндеу және олардың жұмыс мерзімін ұзарту арқылы еңсеруге тырысты. Қазір бұл тәсілдің жанына жаңа генерацияны жедел салу міндеті қосылып отыр.

2025 жылы 166 МВт дәстүрлі энергетика қуаты және жалпы қуаты 503,5 МВт болатын тоғыз жаңартылатын энергия жобасы іске қосылған. 2026 жылы дәстүрлі және жаңартылатын генерация есебінен тағы 2,6 ГВт қуат енгізу жоспарланған. Қызылордада 240 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылды, Текелі энергетикалық кешенінің қуаты екі жылда 53 МВт-қа артты. Ал оңтүстіктегі ең ірі жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысы.
Бұл жерде Қызылордадағы жаңа стансаның іске қосылуының өзі маңызды. Өйткені энергетикалық қауіпсіздік енді тек «қыстан аман шығу» мәселесімен өлшенбейді. Өңірге жаңа өндіріс келсе, кәсіпорын ашылса немесе цифрлық инфрақұрылым кеңейсе, оған тұрақты электр қуаты қажет. Жаңа генерациясыз экономиканы кеңейту де қиындай береді.
Үкіметтің есебі бойынша, 2027 жылы тағы 845 МВт жаңа қуат енгізілген жағдайда бірінші тоқсанда елдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік туады. Жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт/сағат профицит қалыптастыру көзделген. Президент те жоспарланған энергетикалық қуаттарды мерзімін созбай, 2027 жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырған.
Яғни Қазақстан энергетикасы тапшылықпен күресетін модельден қуат қорын қалыптастыратын модельге өтуді көздеп отыр.
Көмірден бас тартпаймыз, бірақ бұрынғыдай да жаға алмаймыз
Энергетикалық саясаттағы тағы бір ерекшелік – Қазақстан бір ғана қуат көзіне сүйенгелі отырған жоқ.
2030 жылға дейінгі жоспар бойынша көмір генерациясы бағытында сегіз жаңа энергия көзі салынып, жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын 11 қолданыстағы электр стансасы жаңғыртылмақ. Курчатовта 700 МВт көмір электр стансасының құрылысы басталған. Сонымен қатар 2035 жылға дейін кемінде 8,4 ГВт жаңартылатын энергия жобаларын іске асыру көзделіп отыр.

Мұнда Қазақстанның энергетикалық таңдауы анық көрінеді. Бір жағынан, көмір генерациясын бірден алып тастауға қазіргі жүйе дайын емес. Екінші жағынан, жаңа қуаттың барлығын көмір арқылы жабу да ұзақ мерзімді шешім бола алмайды. Сондықтан газ, көмір және жаңартылатын энергия қатар дамитын аралас модель қалыптасып келеді.
Энергетикадағы мәселе стансамен бітпейді
Электр стансасын жөндеп, жаңа қуат салғанмен, тұтынушыға дейінгі желі ескі болса, мәселе толық шешілмейді. Сондықтан қазіргі жаңғыртудың екінші үлкен бағыты коммуналдық инфрақұрылымға ауысып отыр.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының тізілімінде 700-ден астам жоба бар. 20 өңірдегі 451 табиғи монополия субъектісінің жағдайы зерттелген. Соның 305-інің инфрақұрылымды өз қаражатына жаңғырту мүмкіндігі шектеулі екені анықталған.
Бұл өте маңызды көрсеткіш. Коммуналдық инфрақұрылымдағы мәселенің бір себебі нысанның ескіруінде болса, екіншісі – оны жаңартуға қажетті қаржының кәсіпорындардың өзінде жеткіліксіз болуы.
2025 жылы сумен жабдықтау және су бұру бағытындағы 257 жобаға республикалық бюджеттен 106 млрд теңге, тағы 229 жобаға Арнаулы мемлекеттік қордан 135,8 млрд теңге қарастырылған. 2026 жылы осы салаға жалпы сипаттағы трансферттер мен жергілікті бюджеттерден шамамен 209 млрд теңге бөлінеді. Қазақстандық тұрғын үй компаниясы желісі арқылы 103 жобаға шамамен 145 млрд теңге қаржыландыру қамтамасыз етілген.
Су желісінің тозуы да бір күнде шешілмейді
2021 жылдан бері халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге шамамен 1600 жоба аясында 835 млрд теңге бағытталған. Нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтауға 34 қала мен 756 ауыл қосылып, тағы 699 ауылда блок-модульдер орнатылған.
Бірақ желілердің техникалық жағдайы әлі де негізгі мәселе болып отыр. Сумен жабдықтау желілерінің тозуы 2023 жылғы 40 пайыздан 2025 жылы 38 пайызға төмендеген. Су бұру желілерінде көрсеткіш 56 пайыздан 54 пайызға түсті. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33 және 41 пайызға дейін азайту жоспарланған.

Екі жылда екі пайыздық тармаққа төмендеу бір қарағанда мардымсыз көрінуі мүмкін. Бірақ мыңдаған шақырым желіден тұратын инфрақұрылымды есепке алғанда мәселенің ауқымы да үлкен. Сондықтан коммуналдық жүйедегі жаңғыртудың нақты нәтижесі бір немесе екі жылдық статистикадан гөрі бірнеше жылдық динамикадан анық көрінеді.
Тариф өссе, сапа да сұралуы керек
Коммуналдық жаңғыртудың халыққа тікелей тиетін тұсы – тариф.
Үкімет жаңа тәсілде табиғи монополия субъектілеріне сапа, сенімділік және тиімділік көрсеткіштерін бекітуді көздейді. Егер кәсіпорын инвестициялық міндеттемесін орындамаса, тариф қайта қаралуы немесе уақытша өтемдік тариф енгізілуі мүмкін.
Мұның маңызы қарапайым. Тұтынушыдан инфрақұрылымды жаңарту үшін көбірек төлем талап етілсе, оның орнына нақты нәтиже де көрінуі қажет. Әйтпесе тарифтің өсуі мен қызмет сапасының арасында байланыс болмай қалады.
Коммуналдық жүйе де «ақылды» болмақ
Саладағы өзгерістің тағы бір бағыты – цифрландыру. Smart Turmys ұлттық цифрлық платформасы жылжымайтын мүлік, абонент, есептеу, төлем және коммуналдық ресурстарды тұтыну туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіруге арналған.
2026–2027 жылдары шамамен 4,76 млн интеллектуалды есепке алу құралын орнату жоспарланған. Қазір мамандардың қатысуымен қызмет көрсетілетін есепке алу нүктелерінің саны 9,3 миллионға жетеді. Автоматтандыру есептің дәлдігін арттырып, техникалық және коммерциялық шығындарды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік беруге тиіс.
Бұл жай ғана есептегішті ауыстыру емес. Егер жүйе дұрыс жұмыс істесе, қай жерде су жоғалып жатқанын, қай желіде шығын көбейгенін немесе тұтыну көлемінің неге өзгергенін ертерек анықтау мүмкіндігі артады.
Газға сұраныс та қатар өсіп келеді
2026 жылдың басында Қазақстан халқының 64,2 пайызы немесе 13,1 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2025 жылы 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын газға қосылған. 2035 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген.
Бірақ тұрғындарды газға қосу үшін құбыр тарту жеткіліксіз. Газдың өзін жеткізетін және өңдейтін қуат қажет. Сондықтан 2026 жылдың соңына дейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің желілік бөлігін аяқтау жоспарланған. Ал 2027–2029 жылдары оның өткізу мүмкіндігін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттыру көзделеді. Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен бағытында жаңа газ өңдеу қуаттары қарастырылған.
Ең маңызды көрсеткіш – қыста білінеді
Сандарға қарасақ, энергетика мен коммуналдық салада қозғалыс бар. «Қызыл аймақтағы» ЖЭО саны 19-дан 5-ке түсті, технологиялық ақаулар азайды, жаңа генерация салынып жатыр, су және кәріз желілеріне жүздеген миллиард теңге бағытталуда, газ инфрақұрылымы кеңейіп келеді.
Бірақ бұл статистиканың екінші жағын да ұмытпау керек. Электр стансаларының орташа тозуы әлі 50 пайыздан жоғары. Су бұру желілерінің жартысынан астамы тозған. «Сары аймақтағы» ЖЭО саны 19-ға жетіп отыр. Демек, Қазақстан энергетикасы қауіпті кезеңнен толық шықты деуге ерте.
Ең үлкен өзгеріс басқа жерде. Бұрын энергетикадағы саясат көбіне ақау шыққаннан кейін жөндеуге негізделсе, қазір тәуекелді алдын ала азайтуға, жаңа қуат салуға және бүкіл коммуналдық жүйені бір мезетте жаңғыртуға қарай ойысып келеді.
Енді осы жоспарлардың шынайы бағасын миллиардтаған теңге немесе пайдалануға берілген нысандардың саны емес, қарапайым үш көрсеткіш береді: қыста қанша апат болды, жарық пен жылу қаншалықты тұрақты берілді және халық төлеген тарифке сай қызмет алды ма?
Өйткені энергетикадағы ең жақсы статистика – апаттың азаюы ғана емес, тұрғынның оның бар екенін мүлде сезбеуі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!