«Қайран 25» демекші, студенттік шақтан ара-қатынас еш үзілмейтін, өткен кезеңді сағына еске алатын дос, жолдас-жора болады. Қай уақытта болсын, жүзі жайдары, жүрегі жылы, күнде көріп тұрмасаң да, телефонның арғы жағындағы дауысынан оның ақ жарылқап пейілін көресің. Сосын, амандықтан басталған сөз ашық-жарқын әңгімеге ұласып кете береді. Журналистика саласында өз жолы бар, өміріне шығармашылықты серік еткен қаламгер дос Қаныбек Шәрібекұлы туралы сөзді осылай бастауға тура келіп тұр. Оның да себебі бар.
Өмір бізді КазГУ-дің алаңқайында, ректоратта жолықтырды. Мақсат – университеттің журналистика факультетіне түсу. Сан рет емтиханнан құласақ та, тауымыз шағылмады. Ақыры түстік-ау. Бірақ бар қызық осы жерден басталды. Журналистика факультетінің күндізгі дайындық бөліміне құжат тапсырғанмен, біздің жұмыс өтіліміз және тиісті балл жетпегендіктен, екеуміз кешкі бөлімде оқитын болдық. Күндіз «СМУ-Университетстрой» мекемесінде жұмыс, ал кешкі сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін сабақ оқимыз. Оған да үйрендік. Сабақ басталғанына үш ай өтіп, желтоқсан жақындаса да, ауылға кеткен Қаныбегім әлі жоқ. Оның аты-жөні алғашында күндізгі бөлімде оқитындардың тізіміне түсіп кеткен. Кешкі бөлімде оқитын біздің бөлімде де фамилиясы тұрғанымен, сабаққа келмегендердің қатарында белгіленіп жүрді. Арасында «бұл бала оқуға түссе де қайда жүр, сабаққа неге келмейді?» деп қоямыз. Ақыры бұл мәселеден деканат хабардар болып, сонау Жетісай өңірінде жүрген Қаныбек Әбдуовке «тезірек жет, оқуға түстің» деген жеделхат жіберіледі. Біз сөйтіп Қаныбекпен сабақ басталған соң, үш айдан кейін университеттің кешкі бөлімінде қайта табысқанбыз. Сөйтсек, деканаттағы қыздар Қаныбекті шақыруға ұмытып кеткен ғой. Біз осылай бірінші курсқа қабылдандық. Қаныбек дос оқып жүріп, арасында азаматтық борышын өтеп, әскерге барып келді. Бірақ бір нәрсе анық, бүгінгі студенттер мен түлектер Қаныбек Шәрібекұлының университеттің спорттық кешенін, стадионын салғанын білмейді-ау. Кезінде КазГУ-град деп аталған студенттер қалашығын салу үшін құрылған «СМУ-Университетстрой» құрылыс мекемесінің құрамында екеуміз осылай еңбек еттік, қаланың басқа да аумақтарында ғимараттар салдық. Қолтаңбамыз бар екеніне қуанамыз.
Өмір бізді «Жас Алаш» газетінде қайта жолықтырды. Адал еңбек етті. «Жас Алаш» оның абыройын асқақтатты. Қаныбек Шәрібекұлының Алматы облысы І.Жансүгіров ауданынан жазылған «Шеңгел ілген көк көйлек» атты журналистік зерттеуі қоғамдық пікір туғызды. Сөйтіп, жас журналист тағдырлы жанға араша түсті. Тілші қозғаған мәселе атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмады. Іс қайта қаралды. Ақырында соттың әділ шешімімен күдікті жазасын алды. Бұл ғана емес, Қаныбек Шәрібекұлының оқырманды бейжай қалдырмаған мақалалары өте көп. Қай тақырыпты қозғаса да, терең білімі мен тәжірибесі, сараптамалық мақалалары арқылы білікті журналист екенін көрсете білді. «Жас Алаш» оның болашағына даңғыл жол салды. Ісі тындырымды тілшіге қай жер, қай аймақта жұмыс істесе де қиын емес. Қаламын өміріне серік еткен Қаныбек Шәрібекұлы «Жас Алаш» газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі қызметіне кіріскенде алғашында таңғалғандар аз болған жоқ. Оңтүстік облыста Жетісай өңірінде дүниеге келіп, Алматыда жұмысын бастаған жас жігіт саналы ғұмырын осылай Сыр өңірінің дамуына арнады. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Сыр бойынан ел үдере көшіп жатқанда, ол батыл сеніммен Қызылордаға қарай қадам басты. Өкінген жоқ. Өрледі. Ерледі. Тиянақты азаматтың ісі тындырымды болды. Бердібек Сапарбаевтың тұсында тілшілікке келген жас журналист тіршілікке, өңірге тез сіңіп кетті. Ол мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы құрған арнайы экономикалық аймақтың жаңашыл жұмысына рухани дем берді. Қолдау жасады. Қаныбектің түйткілді мәселелерді қозғаған мақалалары оқырманның жоғары бағасын алды. «Жас Алашта» жүріп, тілші, аға тілші болып қызметін бастаған Қаныбек Әбдуовтің есім-сойы, сөйтіп, Сыр өңірінде де белгілі бола бастады. Әділдік іздеген халық тілші Қаныбекті іздейтін болды. Мұның барлығы да қаламның қуаты, Қаныбектің қарқынды жұмыс істегенінің белгісі екені сөзсіз. Сыр бойына тұрақты табан тіреген Қаныбек бұдан кейін Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің техникалық редакторы, тілшісі, сектор меңгерушісі, жауапты хатшысы, «Дала мен қала», «50-де 50» газеттерінің меншікті тілшісі, 2008-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бөлім меңгерушісі болды. 2015-2021 жылдары Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы атанды. Қайда барса да тың ізденісімен, адамды баурай алатын жылы жүзімен, өзіне тән жарқын күлкісінен танбайтын Қаныбек аудандық газетті басқарған тұста басқарушылық қызметтің соны үлгісін көрсетті. Мықты менеджер екенін байқатты. «Жаңақорған тынысы» басылымының тиражы артты. Ол газетке соны леп, жаңалық әкелді. Іргелі ізденістің нәтижесі болар, «Жаңақорған тынысы» облыстағы ең үздік басылым атанды. Бұл, әрине, қарымды қаламгер Қаныбектің шығармашылық қуатының мықтылығын көрсетеді. 2021-2022 жылдары Қаныбек Жаңақорған ауданына екінші рет әкім болып барған жан-жақты, білімді азамат, кейін сенатор болған Руслан Рүстемұлының кеңесшісі болды. Қаныбек Жаңақорғанда жүргенде де өндіртіп жазды, шығармашылық қуатын арттырды. Оның қаламынан сол жылдары «Түгіскенді түлеткен тұлға», «Ауыл атауының ақиқаты» және тағы басқа кітаптар жарыққа шықты. Кейбір журналистер болады, өмірін сол салаға арнайды да, ақындық, жазушылық өнері сырт қалады. Ал Қаныбек қай қызметте болса да, қарымды қаламын тастаған жоқ, шығармашылығын өміріне серік етті. Бұл Әбдуов әлеуетінің мықтылығы, үнемі ізденісте жүретінінің айқын айғағы десек, қате айтпағанымыз. Негізі мұны Қаныбектің өмірбаяндық қызметіне назар аударған адам да көре алады және түсінеді. Өйткені оның лауазымдық мансабы қашанда салмақты болды. Қаныбек Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялық мекемесінің директоры, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы лауазымын атқарды. Сонымен қатар облыстық мәдениет және спорт басқармасының бөлім меңгерушісі, облыс әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас инспекторы болып қызмет атқарды. Қазір Қызылорда қалалық әкімдігі баспасөз қызметінде еңбек етеді. 42 жылдан бері сөз өнерінің сиқырын ұғынып, журналистика жолында келе жатқан азаматтың шығармалары да шынайы. Оның «Редактор Қалқабай Әбенов», «Тереңге тартқан тағылым», «Ғаламат жылдар ғибраты», «Мен елімді бағаладым, елім мені бағалады», «Өмір өткелі», «Түгіскенді түлеткен тұлға», «Ауыл атауының ақиқаты», «Діңгек», «Перзент парызы» және ұзын саны жиырмаға тарта кітабы жарыққа шықты. Бұл еңбек оқырман, зиялы қауым тарапынан да жоғары бағасын алды. Қ.Әбдуовтың «Құралай» әңгімесінің 4-сынып оқулығына енгенінің өзі де оның шығармашылық ізденісінің шеберлігін көрсетеді. Биыл шығармашылық саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, Қаныбек Әбдуов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Журналистика саласындағы еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мерекелік медальдың иегері, Ақпарат саласының үздігі атанды. Тәжірибелі журналистің еңбек өтілі де 42 жылдан асты. Студент кезінен белсенді, топ старостасы болған азаматтың сөз өнері саласына бекер келмегенін бүгін сөзсіз ұққандай боламыз. Облыс әкімінің стипендиаты, республикалық, облыстық байқау жүлдегері болған қаламгер әлі де ізденіс үстінде. Оның «Ұры» повесі Ішкі істер министрлігі жариялаған байқауда оза шапты. Байқауда Қаныбек Әбдуов «Қарымды қаламгер» номинациясын жеңіп алды.
Қырық жылдан аса уақыттан бері Сыр өңіріне қызмет етіп келе жатқан Қаныбек өзін көрсетті, дәлелдеді. Аймақта орны бар азаматтың ерен еңбегі алдағы уақытта тағы да ескеріліп жатса артық емес.
– Мен мектепте жүргенде аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Әкем Алматы медицина институтының Шымкенттегі филиалына оқуға түсірмек болып, соған әрекет етіп жатты. Қалауым журналистика мамандығы болды да, Алматыға аттанып кеттім. Оқудан үш рет құлап, ақыры дайындық бөліміне құжат тапсырдым. «Үш емтиханды беске тапсырсам да, еңбек өтілі аз (1 жыл жеті ай)» деп кешкі оқу бөліміне ауыстырды. Содан күндіз «Алматыкульбытстрой» тресіне қарасты «СМУ-Университетстрой» мекемесінде жұмыс істеп, ҚазМУ-дың спорт кешені мен стадионын салуға үлес қостым. Бұл – мен үшін мақтаныш. Журналистика мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл бүкіл өмірімнің мәніне айналды, — дейді Қаныбек Шәрібекұлы.
Алпысқа аяқ басқан азамат Чернобыль одағының ардагері. 1989 жылы ол студенттік құрылыс отрядының құрамында Чернобыль апатын жоюға қатысты. Өнерден де құралақан емес. Студент кезінде қаланың бірнеше мәдениет ошағында өнер көрсетті. Азаматтық борышын өтеп жүріп, әскери бөлімнің вокальды инструменталдық ансамблінде ойнады.
Қаныбек Шәрібекұлы бүгінде отбасының тілекшісі зайыбы Бибімария екеуі 4 перзент өсіріп отыр. Үлкен қызы Айдананың мамандығы – эколог, қазір бизнесте. Ұлы Ерасыл – журналист, «Қайсар» футбол клубы баспасөз қызметінің жетекшісі. Қызы Зере – Аl маманы, ал кенжесі Әділет студент, «Болашақ» университетінде оқиды. Төрт немересі бар.
Шүкіршілік етеді Қанекең. Дос, жора-жолдас жетерлік. Арманы адастырған жоқ. Отбасы аман. Абыройы жоғары. Шығармашылығы шынайы. Алдағы уақытта бірнеше шығармасы кітап болып, жарық көрмек. Сөз өнерінің сиқырын ұғынған азаматқа осыдан артық қандай бақыт, береке керек?! Түйін осы.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!