Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ киносының тарланы Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

05.08.2026, 11:45 59

Белгілі қазақстандық режиссер, сценарист әрі продюсер Ардақ Әмірқұлов 70 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды halyqline.kz.

Ардақ Жамансарыұлы Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысы Талас ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1977 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, кейін еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастаған. 1988 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін Сергей Соловьевтің шеберханасында аяқтады.

Үлкен киноға келген алғашқы қадамы-ақ қазақ кинематографиясының тарихында қалды. ВГИК-тің төртінші курсында жүрген жас режиссерге «Отырардың күйреуі» тарихи картинасын түсіру сеніп тапсырылған. Әмірқұлов кейінгі сұхбаттарының бірінде алғашқы картинасын 30 жас шамасында қолға алып, түсірілімнің төрт жылға созылғанын еске алған. Фильм 1991 жылы жарық көріп, «Оскар» сыйлығына ұсынылған алғашқы қазақстандық картина атанды. Vlast басылымының дерегінше, картинаның әлемдік кино кеңістігіндегі ғұмыры араға ондаған жыл салып қайта жалғасты.

2025 жылы Мартин Скорсезе құрған The Film Foundation қорымен бірлескен World Cinema Project бағдарламасы «Отырардың күйреуін» 4K форматында қайта қалпына келтірді. Жаңғыртылған нұсқасы Ұлыбритания мен АҚШ-та көрсетілді. Фильмнің таспадағы көшірмесі Нью-Йорктегі Джордж Истман мұражайында сақталған. Kazinform жазғандай, картинаны қалпына келтіру жұмысына Ардақ Әмірқұловтың өзі де атсалысқан.

Режиссер 1995 жылы ұлы ақынның өмірі мен болмысын арқау еткен «Абай» фильмін түсірді. Кейін «1997. Рүстемнің суретті жазбалары», «Қош бол, Гүлсары!», «Үнсіздікте» секілді туындыларды көрерменге ұсынды. Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде түсірілген «Қош бол, Гүлсары!» 2008 жылы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін иеленді.

Ардақ Әмірқұлов кино түсірумен қатар саланы басқару мен жас мамандар тәрбиелеуге де еңбек сіңірді. 1992 жылдан 2002 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясын басқарды. Алматы театр-көркемсурет институтында шәкірт тәрбиелеп, профессор атанды.

2018 жылы «Үнсіздікте» фильмі үшін Қазақстан кинематографистер одағының «Құлагер» ұлттық жүлдесінде үздік режиссер атанды. Ол Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері еді. Kazinform дерегінде режиссердің «Үнсіздікте» картинасы кәсіби ортада жоғары бағаланғаны жазылған.

Кейінгі жылдары да шығармашылықтан қол үзген жоқ. Ашаршылық жылдарындағы халық тағдырын арқау еткен «Жел тоқтаған жер» картинасын Бағлан Құдайберлиевпен бірге түсірді. Туындыда 1930 жылдардағы зұлмат пен ел басына түскен нәубет бір отбасының тағдыры арқылы суреттелді.

Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» секілді туындылары қазақ киносының алтын қорынан орын алды. Режиссердің артында тұтас бір дәуірдің болмысын кино тілімен сөйлеткен мол мұра қалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: