Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазы – атадан балаға жалғасқан асыл мұра

04.09.2026, 8:40 38

HALYQLINE.KZ

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінде саятшылықтың орны айрықша. Саятшылық – табиғатты тану, аңшылық өнерді меңгеру ғана емес, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтың бірі. Осы өнерді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, дәріптеп жүрген жандардың бірі – Қызылорда облысы Сырдария ауданында тұратын Мейрамбек Ұлтанбекұлы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ресми парақшасында жариялады.

Мейрамбек Ұлтанбекұлы ұзақ жылдар бойы тазы ұстап, саятшылық құрып, қазақтың дәстүрлі аңшылық өнерін жанына серік етіп келеді. Оның тазыға деген қызығушылығы уақыт өте келе үлкен сүйіспеншілікке ұласқан. Тазының жүйріктігіне, қырағылығына, иесіне деген адалдығына тәнті болған ол бұл өнерді кейін ұлы Мейірманға аманат етті.

Бүгінде әке жолын жалғастырып келе жатқан Мейірман Ұлтанбеков жеті тазы ит асырап отыр. Ол тазыларды баптап, күтіп-ұстауға ерекше мән береді. Себебі тазы асырау – жай ғана ит бағу емес, үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және ұлттық дәстүрге деген құрметті талап ететін іс.

Соңғы жылдары қазақы тазымызға деген қызығушылық артып, оның ұлттық мұра ретіндегі маңызы кеңінен насихатталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық құндылықтарды, соның ішінде қазақы ит тұқымдарын сақтап, дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақы тазыны сақтау, оның тұқымдық ерекшелігін зерттеу және әлемге таныту – ұлттық мұрамызды дәріптеудің маңызды бағыты.

Осы орайда елімізде «Қазақы тазы күні» секілді ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бастамалардың мәні зор. Мұндай күндер халқымыздың дәстүрлі аңшылық мәдениетін кеңінен танытып қана қоймай, жас ұрпаққа атадан қалған асыл мұраны құрметтеудің маңызын түсіндіреді.

Сырдария ауданындағы Мейрамбек пен оның ұлы Мейірманның тазы баптап, саятшылық өнерді жалғастыруы – осы дәстүрдің үзілмей келе жатқанының жарқын көрінісі. Әкенің қызығушылығы баланың кәсібіне, баланың қызығушылығы келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Мейірман бүгінде әкесінен үйренген саятшылық өнерді жалғастырып, жеті тазысын баптап отыр. Бұл – бір әулеттің ғана әуестігі емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетін сақтауға қосылған өзіндік үлес.

Қазақтың қырағы тазысы сайын даламен бірге жасай берсін. Ал оны көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін Мейрамбек пен Мейірман сынды азаматтардың еңбегі ұлттық мұрамыздың өміршеңдігін арттыра бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: