Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір сүру ұзақтығы: статистикадан – саясатқа

30.07.2026, 7:40 59

Адамның  ұзақ  өмір  сүруі – мемлекет дамуының  айнасы. Бұл  экономикалық өсімге,  әлеуметтік  тұрақтылыққа  және ұлттық  бәсекеге  қабілеттілікке  тікелей әсер  етеді. Сондықтан  заманауи  әлемде ұзақ  өмір  сүру  тек  демографиялық көрсеткіш  емес, стратегиялық  ресурс ретінде  қарастырылады.

Адамның қанша жыл өмір сүретіні – жай ғана биологиялық көрсеткіш емес. Бұл – мемлекет дамуының, әлеуметтік әділеттіліктің ең нақты  айнасы.

Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Дүние­жүзілік банк әлем елдерінің өмір сүру ұзақтығы бойынша деректі тұрақты жариялап келеді. 2025 жылғы мәліметке сәйкес, әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жас. Ерлер – 71, әйелдер 75 жас өмір сүреді. Бұл айырмашылықтың өзі қоғамдағы терең әлеуметтік және мінез-құлықтық факторды көрсетеді. Ерлер қауіпті еңбекке жиі араласады, зиянды әдетке  бейім келеді, көп жағдайда денсаулық­қа  немқұрайды  қарайды.

Бірақ мәселе тек жыныс айырмашылы­ғында емес. Негізгі мәселе – жаһандық теңсіздікте. Дамыған елдерде адам орта есеппен 85 жасқа дейін өмір сүреді. Ал кедей аймақ­тарда бұл көрсеткіш 60 жас шамасында ғана. Яғни, адамның өмір ұзақтығы оның генетикасына емес, қай  жерде  туғанына  көбірек  тәуелді.

2024 жылғы дерекке қарасақ, әлемде ең ұзақ өмір сүретін халықтар – Жапония, Оңтүстік Корея, Швейцария, Аустралия, Италия, Сингапур, Испания. Бұл елдердегі орташа өмір ұзақтығы 83-85 жастың арасында. Бұл елдердің тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медицина, қауіпсіз орта, дұрыс тамақтану мәдение­ті қалыптасқан, сондай-ақ белсенді өмір салтын  ұстанады.

Мысалы, Жапонияда теңіз өнімі мен көкөніске бай тағам үлгісі кең тараған. Тұрғындары күн сайын белсенді қозғалыста. Әсіресе, профилактикалық медицина жоғары деңгейде. Италияда Жерорта теңізі диетасы мен өмірден ләззат  алу  мәдениеті  қалыптасқан.

Яғни,  ұзақ  өмір – кездейсоқтық  емес.       Бұл – жүйелі саясаттың нәтижесі. Бірақ әлемнің екінші  жағында мүлде басқа шындық бар. 2024 жылы өмір сүру ұзақтығы ең төмен көрсеткіш Сахараның оңтүстігіндегі елдерде байқалады. Нигерияда адамдар орта есеппен 54,6 жас өмір сүреді. Чадта – 55,2, Орталық Африка Республикасы  мен  Оңтүстік  Суданда – 57,7 жас. Тізімдегі Сомали, Мали, Гвинея, Бенин  елінде  орташа  өмір сүру ұзақтығы – 59-61 жас аралығында.

Өмір ұзақтығындағы теңсіздікті зерттеген ғалым Хосе Мануэль Абуртоның пікірінше, елдер  арасындағы негізгі айырмашылық табыс  деңгейі,  білім  сапасы  және өмір сүру жағ­дайындағы  теңсіздікпен  түсіндіріледі.

Осы тұрғыдан алғанда, африкалық елдер­дегі жағдай жекелеген фактордың әсерінен емес, өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық мәселенің жиынтығынан туындайтын жүйелік  дағдарыс  екенін  аңғаруға  болады.

Біріншіден, кедейлік. Көптеген отбасы ба­за­лық  қажеттілігін  қамтамасыз ете алмайды.

Екіншіден, медициналық инфрақұрылым әлсіз. Ауруханалар жетіспейді, дәрігерлер тап­шы, дәрі-дәрмек  қолжетімсіз.

Үшіншіден, жұқпалы аурулар кең таралған. Малярия, туберкулез, ВИЧ секілді дерттер миллиондаған адамның өмірін қысқартып отыр.

Төртіншіден, дұрыс тамақтанбау. Ағзаға қажет­ті  қоректік  заттар  жетіспейді.

Бесіншіден, таза ауызсу тапшылығы. Бұл ХХІ ғасырда таза ауызсу тапшылығы адамзат үшін күрделі мәселеге айналды. Әсіресе Африка елдерінде  бұл  жағдай  ерекше  өзекті.

Бұдан шығатын қорытынды – өмір сүру ұзақтығы жай ғана статистика емес, ол – әділеттіліктің  өлшемі.

Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің көр­сет­кіштеріне назар аударсақ, Өзбекстанда өмір сүру ұзақтығы – 72,5 жас, Тәжікстанда – 71,9, Қырғызстанда – 71,8, Түрікменстанда 70,2 жас­ты  құрайды. Салыстырмалы түрде Қазақ­станда (74,5) көрсеткіш жоғары бол­ғаны­мен, бірқатар посткеңестік елден төмен. Мәселен, Әзірбайжан мен  Беларусьте – 74,6, Грузия  мен Украинада – 74,7, Арменияда – 75,8, Литвада – 76,2, Латвияда – 76,3, ал Эстонияда – 79,3 жас. Бұл  салыстыру  Қазақстанның  белгілі бір  жетістікке  жеткенін  көрсеткенімен, әлі  де  даму  мүмкіндігі  бар  екенін  аңғартады.

Әлеуметтану ғылымында өмір сүру ұзақ­тығы тек денсаулық сақтау жүйесінің нәтижесі деп қарастырылмайды. Бұл – экономиканың, білімнің, экологияның, әлеуметтік саясаттың және ең бастысы, мемлекетті басқару сапасының жиынтық  көрсеткіші.  Яғни, адамдар қанша жыл өмір сүрсе, мемлекет те сонша деңгейде  жұмыс  істеп  тұр  деген  сөз.

Ұзақ өмір сүретін қоғам – бұл жай ғана ұзақ жасайтын қоғам емес. Бұл – тәжірибе жинақтайтын, білімін ұрпаққа беретін, еңбек өнімділігі жоғары, тұрақты қоғам. Сондықтан өмір ұзақтығы – тек нәтиже емес, ол – дамудың алғышарты. Бұл – ұлттық қауіпсіздіктің, әлеуметтік тұрақтылықтың және болашаққа деген  сенімнің  көрсеткіші.

2024 жылғы рейтингтегі Қазақстан 132-орында тұр. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, елдегі өмір сапасының кешен­ді айнасы. Ресми деректер бойынша орташа  өмір сүру ұзақтығы 74,5 жас деп көрсетілсе, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәліметте бұл көрсеткіш 75,44 жасқа жетеді. Сан айырмашылығы үлкен болмағанымен, оның артында есептеу әдістемесі, дереккөздер мен институционалдық көзқарас айырмашылығы жатыр. Бірақ қай көрсеткішті алсақ та, Қазақстанның әлемдік деңгейде әлі де төмен  позицияда  тұрғаны  өзгермейді.

Ел ішіндегі өңірлік айырмашылық тіпті алаңдатарлық. Мысалы, Алматы қаласында өмір сүру ұзақтығы 78,78 жасқа жетсе, Астана­да – 78,52, Шымкентте – 77,22 жас. Бұл – урба­низация, инфрақұрылым, медицина сапа­сы және табыс деңгейі жоғары аймақтардың артықшылы­ғын көрсетеді. Ал Маңғыстау (75,62) мен Жамбыл (75,53) об­лысы орташа деңгейге жақындағанымен, жағдай барлық өңірде  біркелкі емес. Тізімнің соңындағы өңірлер мүлде басқа шындықты көр­сетеді. Ақмо­ла облысы – 74,2 жас, Қарағанды – 73,97, Солтүс­тік Қазақстан – 73,68, Шығыс Қазақ­стан – 73,41, ал Ұлытау облысында – 72,48 жас. Ең жоғары және ең төмен көрсеткіш­тің арасындағы 6,3 жыл айырмашылық – жай ғана демографиялық статистика емес. Бұл – аймақтар арасындағы өмір сапасының, денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділіктің, экономикалық мүмкіндіктің және әлеуметтік саясаттың теңсіздігін  айқын  көрсететін  индикатор.

Денсаулық сақтау минстрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау және ҮЕҰ серіктестік басқармасының бас сарапшы Меруерт Мұхамедиярдың дерегінше, жүз жастан асқан адамдардың саны бойынша Алматы қаласы көш басында тұр. Оңтүстіктегі мегаполисте ғасыр жасаған 244 қарт тұрады. Қостанай облысында – 101, Түркістан облысында – 76, Жамбыл облысында – 82, Шығыс Қазақстанда – 65, Абай облы­сында  64 ұзақ өмір сүруші тұрады. Жалпы, 2019  жылы  жүз  жастан  асқан 1255  қарт  болса, 2024  жылы  1030-ке  қысқарған-ды.

Әлеуметтанушы Айнұр Анарбектің сөзінше, өмір сүру ұзақтығы – тек медицинаның нәтиже­сі деген түсінік тым тар. Шын мәнінде, ол – экономикалық тұрақтылықтың, халық­тың табыс деңгейінің, білім сапасының, экологиялық жағдайдың, еңбек қауіпсіздігінің және әлеуметтік қорғау жүйесінің жиынтық көрінісі. Яғни, адам қанша өмір сүретіні – мемлекет қаншалықты әділ, тиімді және ұзақмерзімді саясат  жүргізе  алатынының  нақты  өлшемі.

Қазақстан үшін басты мәселе – орташа көрсет­кішті өсіру ғана емес, өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту. Себебі елдің дамуы – тек алдыңғы қатарлы қалалардың жетістігімен емес, ең әлсіз өңірлердің жағ­дайымен өлшенеді. Егер белгілі бір аймақта адамдар 6-7 жылға аз өмір сүрсе, бұл жүйелі кемшілікті  көрсетеді.

Сондықтан өмір сүру ұзақтығы индексі стра­тегия­лық құжаттарда жай формалды көрсеткіш болып қалмауы тиіс. Ол нақты саяси шешімге, ресурсты әділ бөлуге және өңірлік теңгерімді дамытуға негіз болатын басты бағдарға айналуы қажет. Тек сонда ғана бұл көрсеткіш статис­тикадан саясатқа, ал саясаттан нақты өмір сапасы­на  әсер  ететін  құралға  айналады.

— Өмір сүру ұзақтығы – қоғамның денсаулығы мен әл-ауқатының негізгі көрсеткіші. Ол тек медициналық қызметтің сапасына ғана емес, халықтың өмір салтына да байланысты. Дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсен­ділік және таза экологиялық орта – ұзақ және сапалы өмірдің кепілі. Сондықтан елдер кешен­ді шаралар­ды қолға алып, әр азаматтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын арт­тыруға бағытталуы  керек, — дейді әлеумет­танушы  Айнұр  Анарбек.

Өмір сүру ұзақтығы индексі – нақты бір буынның өмір сүрген жасын өлшейтін көрсеткіш емес, ол – белгілі бір кезеңдегі өлім-жітім деңгейлерін сақтай отырып, жаңа туған нәрес­тенің орта есеппен қанша жыл өмір сүретінін болжайтын демографиялық модель. Бұл әдіс халықаралық деңгейде мойындалғанымен, оның  бірнеше  шектеуі  бар.

Біріншіден, көрсеткіштің болжамдық сипаты оның әлсіз тұсы саналады. Өткен ғасыр­да өмір сүру ұзақтығының өсуі көбіне сәби өлімінің төмендеуімен байланысты. Сәби өлімі азайған сайын орташа өмір жасы өседі, бірақ бұл әрқашан ересектердің өмірі айтарлықтай  ұзарды  дегенді  білдірмейді.

Екіншіден, туу деңгейінің төмендеуі де статис­тикаға  әсер етеді. Туу көрсеткіші азайған  елдерде статистикалық түрде өмір ұзақ­тығы «жақсарғандай» көрінуі мүмкін. Бірақ бұл халық  денсаулығының нақты жақсарғанын емес, демографиялық  құрылымның өзгерге­нін  көрсетеді.

Соңғы жылдары «дені сау өмір сүру ұзақ­тығы» (HALE) ұғымына басымдық берілуде. Бұл көрсеткіш адамның қанша жыл өмір сүргенін ғана емес, сол жылдардың қаншасы ауру­сыз, белсенді және сапалы өткенін бағалайды. Яғни, басты назар – тек ұзақ өмірде емес, оның  сапасында.

Ғылыми  зерттеулер көрсеткендей, адамның қанша ұзақ өмір сүретініне ең көп әсер ететін нәрсе – оның өмір салты. Дұрыс тамақ­тану, спортпен айналысу және зиянды әдеттерден аулақ болу өмір ұзақтығының шамамен 60 пайызын анықтайды. Ал генетика мен қоршаған орта факторлары әрқайсысы 20 па­йыз­дан, ал медицина қызметінің сапасы тек 10 пайызға  ғана әсер етеді. Бұл көрсеткіштер жеке адамның күнделікті таңдауына, өмір салтына аса мән беруді көрсетеді. Яғни, ұзақ және сапалы өмірдің негізі ауруды емдеуде емес, оны  алдын  алуда  жатыр.

Өмір сүру ұзақтығы – жүйелі саясаттың көрсеткіші. Сондықтан тек медициналық инфра­құрылымды дамыту жеткіліксіз. Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және экологиялық ахуал­ды жақсарту сияқты кешенді іс-шаралар ұзақмерзімді  және  тұрақты  нәтижеге  әкеледі.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. 2025 жылғы деректер жаһандық теңсіздіктің әлі де сақталып отырғанын көрсетіп отыр. Мұндай қорытындыны Қазақстандағы өңірлерге де қатысты айтуға болады. Алайда ұзақ әрі сапалы өмір  сүру  мүмкіндігі  адам  капиталына, білімге  және  саламатты  өмір  салтына инвестиция  салумен  тығыз  байланысты екенін  ұмытпаған  дұрыс.

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: