Қазақстанда электрондық үкімет порталында ағза донорлығы қызметі іске қосылғалы бері 16 мыңнан астам азамат қайтыс болғаннан кейін өзінің ағзаларын өзге адамға трансплантациялауға келісім берген, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 16 109 адам донор болуға келісім берсе, 156 174 азамат мұндай шешімнен бас тартқан.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде 150 ағза трансплантациясы жасалған. Оның 121-і тірі донорлардың, ал 29-ы қайтыс болған донорлардың ағзалары арқылы жүзеге асқан.
Сондай-ақ осы кезеңде 108 мәйіттік донор анықталған. Оның ішінде жеті жағдайда бір донордан бірнеше ағза бір мезгілде алынып, науқастарға салынған.
Министрлік соңғы жылдары қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім бергендердің саны артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2023 жылы – 49, 2024 жылы – 86, ал 2025 жылы 186 мәйіттік донор тіркелген.
Алайда трансплантацияға мұқтаж адамдардың қатары әлі де азаймай отыр. 21 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 4 739 адам, оның ішінде 125 бала ағза трансплантациясын күтіп кезекте тұр. Науқастардың басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі биыл Қазақстанда алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалғанын да еске салды. Ведомство мұны жоғары технологиялық медицинаның дамуындағы маңызды жетістік ретінде бағалап отыр.
Коллаж: Әсел Балтақызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!