Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыртқадан шыққан шақалақ

20.07.2026, 11:20 83

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Көктем. Күн шуақ. Қазір өсімдік біткеннің гүлдейтін, жан-жануардың төлдейтін уақыты. Аман-есен еліне оралған құстар да ұя салып, жұмыртқалауға асығып жүр. Жалпы тіршілік атаулы көктемде көбейгісі келіп тұрады.

«Лаққырылған» ауылы. Ауыл көркі бұрынғыдай емес, сәні кеткен. Ішуге тамағы, жағуға отыны жоқтар әлдеқашан бас сауғалап тайып тұрған. Тек ауылдың күншығыс беткейінде оңашалау жерде орналасқан Мылтықбай ата мен Тойдық әженің үйінің түтіні әзірге түтеп тұр. Тоғыз баланың анасы Тойдық әженің қуаты әлі қайтқан емес. Бүгін әдетінше сайдан отынға тезек тере шыққан болатын. Міне, ғажап! Қарсы алдында көлемі бір құлаш аппақ бірдеңе жатыр. Жақындай келгенде олжасының белгісіз мақұлықтың жұмыртқасы екеніне көзі жетті. Жұмыртқа болғанда қандай? Қуанышында шек жоқ. Шиеттей бала-шағасына он күн азық болатын болды. Бүкшеңдеп жұмыртқаны домалатып үйіне әкелді. Бұны көріп, аулада кетпенмен жер ойып жатқан жаман шалы шошып кетті.

— Ойбай, кемпір-ау, мынауың не?

— Көрмей тұрсың ба, жұмыртқа. Тезек теріп жүріп, шидің арасынан тауып алдым. Ішінде бірдеңе бар сияқты, қозғалады.

Кемпір жұмыртқаны әлсін-әлсін тыңдап қояды. Жүрегі алып ұшып, жарғысы да келіп тұр.

— Әй, сенің де таппайтының жоқ, ненің жұмыртқасы болды екен?

— Әкелші жарып көрейік.

Кемпір шалының қолындағы кетпеніне жабысты.

— Тоқтай тұршы, мүмкін әлгі миллион жылдар бұрын өмір сүрген динозаврдың жұмыртқасы шығар?

— Болса ше?..

— Онда екеумізді бір-ақ жұтады.

Бір сөзінен қайтпайтын қайсар кемпір шалының қолындағы сайманды жұлып алып, жұмыртқаны соққылай бастады.

— Кемпір-ау, көр де тұр, әдетіңше бірдеңені бүлдірейін деп тұрсың, одан да жерге көміп тастайық, пәлесінен аулақ, — деп шалы безілдеп қояр емес.

— Жоқ, тауып алған да, арқалап әкелген де мен, не болса жарып көреміз, — деп қолындағысымен қаттырақ салып қалғанда жұмыртқа екіге айырылды.

Сол-ақ екен, Мылтықбай шал баж ете қалды. Қорыққаннан сығырайған екі көзі қапелімде бадырайып кетті. Шошитын реті бар, жұмыртқаның ішінен қылтиып бір қап-қара бала секең етіп шыға келді.

— Тойдық, құрыдық… Мынау шайтан ғой, — деп шал кемпірінің етегіне тығылды. Кемпірі де аузын ашып, сілейіп қатты да қалды. Өз көзіне өзі сенбейді. Бұлай болатынын кім білген? Әлгі бала түр-сипаты африкандық нәсілге ұқсағанымен, қазақшаға судай, сайрап тұр.

— Көке, көке, маған нан берші, қарным ашты, — деп Мылтықбайға жақындады. Мылтықбай: «бисмилла — аулақ» деп қасына жолатпай, топырақ шашты. Бала сескенер емес, жұмыртқаны бір айналып, Тойдық әжеге бет бұрды.

— Әже, қарным ашты, тамақ берші… Екі қолын алма-кезек жайып, қоятын түрі жоқ. Әжесі көкесіне сілтеді, көкесі әжесіне сілтеді.

— Масқара-ай, бұл адам ба, жын-шайтан ба, түрі қандай қорқынышты?

— Обалың жоқ, үйдегі бала-шағаны баға алмай жатқанда, енді мына жүгірмектен оңайлықпен құтылып көр.

Жан-жағына таңдана қарап ештеңенің мәнісін түсінбей бала тұр. Жарық дүниеге келе сала қандай пәлеге тап болдым дегендей жаутаңдап аң-таң.

— Көке-ау, әже-ау, менен неге қашасыңдар, онда мені өмірге неге әкелдіңіздер?..

— Сен бала, не деп бөсіп тұрсың, сені туған біз емес.

— Кемпірім рас айтады, сен ана жұмыртқаның ішінен шықтың.

— Жұмыртқаны қораның артындағы сайдан тауып алдым.

Екеуі ақ тер, көк тер болып, алма-кезек түсіндіріп жатыр. Оған құлақ асып тұрған бала жоқ.

— «Сіздер аппақсыздар, мен неге қап-қарамын? Жұмыртқаны кім туған?» деген сияқты қуақы сұрақтарды үсті-үстіне жаудырып жатыр.

— Өзі біріккен өндірістен шыққан-ау деймін, қазақшаға судай ғой тегі…

— Ия, қазір неше түрлі нәрсені бірігіп жасап жатыр ғой, — дейді кемпірі.

Тойдық әже бір күрсініп, баланың маңдайынан сипады. Балажан шалы да жымиып қояды. Осы кезде аулаға келесі көшеде тұратын шофер Жапырақ келді. Ол мына мына көрініске ешқандай таңданып та қараған жоқ. Жүзі ренішті. Шал, кемпірмен жылы амандасты да:

— Әй, «қызға қырық үйден тыйым сал» деген, кеше мұндай жұмыртқалардың бір машинасын тауып алдық. Жарып көргенде, негірі бар, қытайы бар, орысы бар, әйтеуір жоқ емес ұлт жоқ. Қаракөз қарындастарымызға не болған? Бәрін бір-бірлеп, үй жағалап таратып шықтым. Жетімін жылатпаған қазақ едік, қалайша тірі жетім етеміз? Амал жоқ, біреуін сіздерге әкеліп тұрмын — деді.

— Жоқ, ойбай, бізге осы да жетеді, — деп Тойдық әже ат-тонын ала қашты.

Мылтықбай ата :

— Кемпір, болары болды, енді мына баланың атын кім деп атасақ екен?

— Даладан тауып алдым ғой, аты Олжабек болсын.

— Алақай, менің атым Олжабек, Олжабек, — деп әлгі бала қуанып айғайлап жіберді.

Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін қызықты жаңалық болды. Олар: «жұмыртқалар аспаннан түсіпті, осындай жұмыртқалар шығаратын арнайы фабрика ашылған екен» деседі. Бірақ, шындығына келгенде жұмыртқалардың қайдан пайда болғаны, кім әкеліп тастағаны жөнінде ешкім ештеңе анық біле алмады. Жұмбақ. Қазір ауыл «Лаққырылған» емес, «Интернационал» ауылы атанды.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Мәдениет  қайртакері.

Ақтөбе  қаласы

Көрнекі фото: st3.depositphotos.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: