Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Газ саласын дамыту мәселесі қаралды

07.07.2026, 15:15 74

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте өңірдегі газдандыру жұмыстарының барысы талқыланды.

«Мемлекет басшысы энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту, елді мекендерді көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 65 пайызға жуық деңгейден 80 пайызға дейін арттыру жөнінде тапсырма берді. Бұл – өңірлер үшін аса маңызды міндет.

Сондықтан, газдандыру жобаларын уақытылы әрі сапалы іске асырып, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуіміз қажет», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Мәжілісте тұрғындарды сұйытылған мұнай газымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, қала және аудан әкімдеріне сұйытылған газдың тұрақты қорын, тұрғындардың көгілдір отынмен үздіксіз қамтылуын бақылау тапсырылды.

Бұдан бөлек, елді мекендердің санитарлық тазалығына қатысты жаңа талаптар талқыланды. Биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидаларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру қажет.

Қағидаларды бұзу, қоршаған ортаға зиян келтіру фактілері анықталса, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, жауапкершілігі сұралады.

Өңірде елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл 14 жобаны іске асыруға 4,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2 өтпелі және 12 жаңа жоба бар. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыс халқын газбен қамту деңгейі 85 пайызға жетеді.

2026–2027 жылдары іске асырылатын жобаларды қаржыландыру үшін 19 млрд теңгенің бюджеттік өтінімі ұсынылды. Қолдау тапса, тағы 16 елді мекенге газ жеткізіледі.

Одан бөлек, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 6 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: