САТИРА
Жәкетай қарттың үйіне ұры түсті. Ұрылар күйсіз болса керек, қорадағы екі сиырды және үйдің ішін айнадай қып сыпырып кетіпті. Жәкетай – Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қарақшылар оның майданда «Ерлігі үшін» деп, омырауына таққан ордендерін де қолды қылған. Уақытында учаскелік полицияға хабар берілді. Бірақ, полиция қызметкері үш сағаттан соң әрең жетті.
— Әй, шырағым, қылмысты дер кезінде ашу керек қой, үш сағаттың ішінде ұрылар баратын жеріне барып, беретін жеріне беріп тастады емес пе?
— Ата, олай демеңіз, менде бұдан басқа шаруа жоқ па? Қазір қылмыс көп. Соларды аша алмай басым қатып жүрсе, өз үйіңізге өзіңіз неге қарамайсыз, сигнализация қондыру керек. Терезеге темір тор орнатыңыз…
— Айналайын, ақылыңды қалтаңа салып қой, маған ұрыларды тауып бер, — деді, Жәкетай ата таяғын шошайтып.
— Ұрылар менің қалтамда тұрған жоқ, ата, ең алдымен үйіңізге ұры түсті ме, түскен жоқ па, соны анықтап алуымыз керек.
Мұны естігенде шал байғұс жынданып кете жаздады. Қолындағы таяғы жерге түсіп кетті.
— Қарағым, мен еріккеннен сені шақырып отырғам жоқ. Бәрінен бұрын маған қантөгіс соғыста берілген медальдарым мен адал еңбек етіп алған ордендерім қымбат, — деп, жыламсырап көзіне жас алды.
— Ата, олай жыламаңыз, еркек емессіз бе? Қазір анық-қанығын білеміз, кінәлілерді анықтаймыз, жауаптаймыз. Олар тиісті жазаларын алады. Заң алдында жауап береді, — деп, портфелінен ақ парағын алып, шалдан түсініктеме ала бастады.
— Жәкетай ата, оқиға қалай болды?
— Шырағым, мен Азамат соғысын, одан кейін Ұлы Отан соғысын көрген жанмын. Соғыстан аман-есен оралып, ата-бабаларымыздан қалған кәсіп ғой деп, қырық жыл мал бақтым. Жүз қойдан жүз елу қозы алдым. «Құрмет» грамотасын берді. Кейін жүз қойдан екі жүз қозы алдым. Омырауыма жарқыратып «Қызыл орден» тағып, халықтың қалаулысы болдым. Осы малдарымның арқасында ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Ұлым ұяға, қызым қияға кеткен соң мал бағуға шама келмеді. Содан қаусаған қара кемпіріміз екеуміз ауылда екі сиырды бағып, сүтін айран қылып ішіп отырған жайымыз бар еді.
— Түу, сіз маған автобиографияңызды айтып кеттіңіз ғой, — деді, полиция көзі адырайып.
— А, енді не айтайын?
— Мен сізге айттым ғой, оқиға қалай болды?
— Балам, кеше кешкілік қорама екі сиырымды байлап, сыртын темір есікпен бекіттім. Оның сыртын ағаш есікпен жауып, үлкен темір құлып салдым. Қораға ұры қара түспес, малымды қара құлып күзетер, болмаса ауылдағы учаскелік полиция күзетер деп алаңсыз тәтті ұйқыға кеткен едік.
— Мен сонда түнде қора күзетуім керек пе? Ата, оқиға қалай болды дедім ғой?
— Әй, полиция бала, сол оқиғаны мен көрген болсам, саған келмес едім, не басымды қатырып тұрсың? — деп, Жәкетай ата ашу шақырды. Сиыры мен жоғалған мүліктерін тез арада таппаса, ұрыларды іздеп тауып жаппаса, жоғары жаққа шағымданатынын басып айтты. Полиция шалмен кеш батқанша салғыласып отырып, амалсыздан қылмысты анықтауға кірісіп кетті.
10 күн өтті. Хабар жоқ. Бір ай өтті. Тыныштық. Ақыры Жәкетай қарт таяғын сүйретіп полицияның есігін қақты:
— Ал, бала, ұрыларды ұстадың ба?
— Ассалаумағалайкүм, ата. Айтпақшы, кінәліні таптық, — деп, учаскелік полиция бір парақ қағазды столдың суырмасынан алды.
— Япыр-ай, ол кім екен а…?
Жәкетай қарт ұрының кім екенін тезірек білгісі келеді. Ішіп отырған айранынан айырып, тақырға отырғызып кеткендерді жеті атасынан бастап боқтағысы келіп тұр.
Полиция:
— Ата, мұқият тыңдаңыз. Қылмастық іс. Қаулы. 13 қараша 2010 жыл. Жылтыр ауылы. Түн ішінде белгісіз біреулер Жәкетай атаның үйіне ұрлыққа түседі. Күн жаңбыр. Ұрылардан ешқандай із қалмаған.
— Айналайын, ол күні жауын жауған жоқ қой.
— Ата, түнде жауған. Таңертең кеуіп кеткен. Біз топырақтан экспертиза жасадық. Қылмыстық іске араласа бермей, жөніңізге отырыңыз, — деп, шалға зекіп тастады.
— Әрі қарай тыңдаңыз, бұл ұрлықтың жасалуына басты себепші болған, кінәлі – Құтжол…
— Құтжол… Ой, әкесінің аузын ұрайын, арғы бетте тұратын Қоңқыштың баласы болды ғой. Оған ұрлық жасағанды көрсетемін. Мен соғысқа қатысқан адаммын. Атып тастаймын. Маған сот жоқ, — деп, сыртқа қарай ұмтылды.
— Ата, тоқтаңыз. Ол адам емес.
— Енді не, құбыжық па?
— Ол сіздің қорада байлаулы тұрған ит.
— Немене, менің итім Құтжолды айтасың ба? Ол не сиырларды жеп қойып па?
— Жоқ. Итіңіз өзіне жүктелген қора күзету қызметін дұрыс атқармаған. Ұрылар келгенде үрмей, қарақшылардың пара ретінде алдына лақтырған тауық етін жеп, жемқорлыққа бой алдырған. Яғни, қылмыстың болуына ықпал еткен. Сондықтан да итіңіз Құтжолды қамауға алып, ісін сотқа жібереміз. Құтжол заң алдында әділ жазасын алады, — деп, сержант Саққұлақов маңызды істі орындағандай терін сүртті.
Ал, Жәкетай ата мына қаулыны естіп жынданып кете жаздады.
— Түсінбедім, сонда бұл қалай? Енді қорадағы жалғыз итімнің көзін құртайын дедіңдер ме? Мен ертең облысқа шағым жазамын. Сендер қылмысты бұрмалап отырсыңдар. Жазықсыз итімнің обалына қалдыңдар…
— Мінеки ата, қаулыны алыңыз. Біз қылмысты аштық. Ар жағы біздің шаруа емес. Көрші ауылда тағы ұрлық болыпты, соны анықтауым керек, — деп, ақсақалды жетектеп есіктен шығарып жіберді.
Жәкетай ата ашуға булықты. Тұтығып түкірігіне тұншықты. Алқынып үйіне келсе, аулада кемпірі ойбайлап зыр жүгіріп жүр. Ауданнан келген полицейлер қорадағы итті қамауға алып кетіпті.
Сүйтіп, қора күзетпеген Құтжол әділ жазасын алды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: png.pngtree.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!