Ақша табу маңызды. Бірақ тапқан табыстың қайда жұмсалып жатқанын білмесек, оның көлемінің қандай мәні бар? Ай сайынғы кірістен артылмайтын шығынға үйреніп, күтпеген жағдайға арналған қаражатсыз өмір сүру қаншалықты дұрыс? Қажет пен қалаудың аражігін ажырата алмай, несие мен бөліп төлеуді күнделікті қажеттіліктің қалыпты құралына айналдырып алған жоқпыз ба? Ең бастысы, қаржылық қиындыққа тап болған сайын оның себебін тек жалақының аздығынан, бағаның қымбаттауынан немесе экономикалық жағдайдан іздей бергеніміз жөн бе? Әлде өз қаржымызды басқару мәдениетіне де сыни көзбен қарайтын уақыт жетті ме?!
Қаржылай сауаттылықтың қоғамдағы рөлі де қазіргі күні өмір-салтымызға айтарлықтай өзгерістер енгізетінін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, табыс көзінің тұрақсыздығы мен кірістің аздығы әлеуметтік ахуалға өз әлінше әсерін тигізетіні анық, дәл сол секілді қаржылық сауаттылықтың да осы секілді өз орны бар, сонымен қатар, қоғам талабының тізіміндегі алғашқылардың бірі екенін жасыра алмаймыз.
ҚАРЖЫЛАЙ САУАТТЫСЫЗ БА?
Бүгінде несие алу оңай. Ал оның салдарын есептеп алу қиын болып тұр. Қажеттілік пен қалаудың ара-жігін ажырата алмай, бөліп төлеуді күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналдырып алған жоқпыз ба? Шартын толық оқымай несие рәсімдеп, кейін төлем ауырлаған кезде таңғалатынымыз қалай? «Кейін төлеймін» деген әдет бүгінгі қажеттілікті шешкенімен, ертеңгі табысты алдын ала жұмсап қою емес пе?
Жоғары жалақыны армандаймыз, алайда қолымыздағы табыстың тағдырын өзіміз қалай шешіп жүргенімізге есеп бере бермейміз. Сөйтіп, қаржылық қиындықтардың себебін көбіне сырттан іздеуге үйреністік. Рас, инфляцияны кінәлаймыз, бағаның өсуін айтамыз, экономиканы сынаймыз. Мұның бәрі рас. Бірақ осы шындықтың көлеңкесінде қалып қоятын тағы бір ақиқат барын ұмыттық. Ол – қаржыға деген көзқарас.
Қаржылық сауатсыздықты көбіміз табыстың аздығымен байланыстырамыз. Шын мәнінде, бұл – қате түсінік. Қаржылық сауатсыздық әмияндағы ақшаның мөлшерімен өлшенбейді, керісінше, ақшаның тағдырын анықтайтын шешімдермен өлшенеді. Бірдей табыс табатын екі адамның бірі қор жинайды, екіншісі ай соңына жетпей қарыз іздейді. Бірі несиені міндеттеме ретінде қабылдайды, екіншісі оны кез келген тілекті орындаудың ең оңай жолы деп көреді. Мұндағы айырмашылық жалақыда емес. Айырмашылық – қаржылық ойлау мәдениетінде. Қаржылық сауаттылық – табыс пен шығынның арақатынасын түсіну, тәуекелді бағалай білу, қаржылық мақсат қоя алу, несие шарттарының салдарын есептеу, күтпеген жағдайларға дайын болу және эмоция емес, есеп арқылы шешім қабылдау қабілеті. Басқаша айтқанда, қаржылық сауаттылық – адамның ақшаны басқару қабілетімен қоса, өзін де басқару қабілеті. Ал қаржылық сауатсыздық – керісінше. Бүгінгі қалау үшін ертеңгі тұрақтылықтан бас тарту. Жоспарсыз шығын, ойланбай алынған несие, шартын оқымай қол қойылған келісім, «кейін төлермін» деген жалған сенім. Оның ең қауіпті тұсы алғашқы кезде байқалмайды. Әрбір қате шешім өздігінен үлкен мәселе болып көрінбейді. Бірақ сол ұсақ қателіктер уақыт өте келе қаржылық тәуелділікке, тұрақты қарызға және психологиялық қысымға ұласады. Осылайынан, ресми көзқараспен қарап жүрген қарапайым қағидаттарымыз үлкен қиындықтарға әкеледі.
Қаржылық сауатсыздықтың салдары жеке адаммен шектелмейтіні тағы бар. Тиісінше, отбасының тыныштығына, балалардың болашағына, тіпті қоғамның экономикалық мәдениетіне әсер етеді. Бүгінде көптеген жас отбасы ортақ өмірін қаржылық міндеттемемен бастайды. Қымбат той, жалдамалы салтанат, сән үшін алынған техника, бөліп төлеуге рәсімделген жиһаз, тұтынушылық несиелер – мұның бәрі некенің алғашқы күндерінен-ақ отбасы бюджетіне салмақ түсіреді.
Отбасындағы жанжалдың елеулі бөлігі қаржы мәселесінен басталатыны жасырын емес. Бірі ақша жинауды көздесе, екіншісі бүгінгі жайлылықты маңызды санайды. Бірі әр шығынды есептеуді жауапкершілік деп түсінсе, екіншісі оны сенімсіздікке балайды. Ортақ қаржылық ұстаным қалыптаспаған жерде ортақ жауапкершілік те әлсірейді. Бұл мәселенің ауқымын статистика да аңғартады. Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2025 жылғы деректеріне сәйкес, қазақстандық отбасылардың 50,3 пайызы тұрақты түрде жинақ жасай алмайды. Яғни табыстың едәуір бөлігі күнделікті қажеттіліктен артылмайды. Отбасылардың тең жартысының қолданыста несиесі бар, ал 52,4 пайызы тұрмыстық тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алған. Түйгеніміз бойынша табыс бар болғанымен, қаржылық қауіпсіздік қоры қалыптаса бермейді.
Ал қаржылық сауатсыздықтың салдары мұнымен шектелмейді. Ақшаны басқаруды білмеу адамды алаяқтардың да оңай нысанасына айналдырады. Телефон арқылы жасалатын алаяқтық, жалған инвестициялық ұсыныстар, қаржы пирамидалары адамдардың қаржылық тәжірибесіздігін пайдаланады. Бір қарағанда, «оңай табыс» болып көрінген ұсыныстың артында бар жиған-тергенінен айырылу қаупі тұруы мүмкін.
Сондықтан қаржылық сауаттылықты тек «ақшаны көбейту өнері» деп түсіну жеткіліксіз. Тиісінше, оны табысты дұрыс басқару, қарызды есептеу, тәуекелді тану және алаяқтықтан қорғана білу мәдениеті деп қабылдауымыз қажет. Ендеше, ақшамыздың қайда кететінін білмей тұрып, қаржылық тұрақтылықты сырттан күту қаншалықты орынды? Қаржыға жауапкершілікпен қарауды әлі де кейінге қалдыра береміз бе?
ТҰТЫНУ МӘДЕНИЕТІ МЕ ӘЛДЕ ТҰТЫНУ ТҰЗАҒЫ МА?
Маркетингтің де мақсаты өзгерді. Ол енді адамның нақты қажеттілігін өтеумен шектелмейді. Керісінше, адамның бойында бұрын болмаған қажеттілікті қалыптастыруға жұмыс істейді. Жарнама өнімді емес, эмоцияны сатады. Мәселен, «Саған бұл керек» демейді. «Сен осыған лайықсың» дейді. Осылайша сатып алу туралы шешім ақылдың емес, эмоцияның ықпалымен қабылданады. Қаржылық сауаттылық дәл осындай сәтте сыналады. Өйткені қаржылық сауатты адам әр ұсынысқа қызықпайды, әр жеңілдікке алданып қалмайды, әр жарнаманы мүмкіндік деп қабылдамайды. Ол сатып алатын заттың бағасына ғана емес, оның өз өміріндегі қажеттілігіне, ұзақмерзімді салдарына және отбасы бюджетіне әсеріне де қарайды. Ал қаржылық сауатсыздық көбіне дәл осы тұста көрінеді. Адам өзінің нақты қажеттілігі мен уақытша ықыласының айырмасын ажырата алмайды. Соның салдарынан табысынан бұрын тілегі өседі. Бүгін қажет емес дүниені ертеңгі табысының есебінен сатып алады. Сөйтіп, болашақтағы еңбегін бүгінгі тұтынуға айырбастайды.
Бүгінде «қазір ал – кейін төле» не «тегін ал – бөліп төле» жүйесі қаржы нарығының ең табысты құралдарының біріне айналды. Әрине, бөліп төлеу немесе несие – өздігінен теріс құбылыс емес. Олар дұрыс пайдаланылған жағдайда тұрғын үй алуға, білімге инвестиция жасауға немесе кәсіп бастауға мүмкіндік береді. Бірақ мәселе – бұл құралдардың өзінде емес, олардың қолданылу мақсатында. Өкініштісі сол, бүгінде несие көбіне әсер қалыптастыруға жұмсалады. Қымбат смартфонның жаңа үлгісі, сән үшін алынған автокөлік, салтанатқа толы той, брендке айналған тұрмыстық заттар… Мұндай шығындардың едәуір бөлігі өмірлік қажеттіліктен емес, әлеуметтік қысымнан туындайды. Адам кейде өзіне керек болғандықтан емес, өзгеден қалып қоймау үшін сатып алады. Міне, осы жерде тұтыну мәдениеті тұтынудың тұзағына айналады. Тұтынудың тұзағы бір күнде құрылмайды, өз кезегінше, адамның санасында біртіндеп қалыптасады. Алдымен қажет емес зат сатып алынады. Кейін оны бөліп төлеу рәсімделеді. Артынша жаңа төлемдерді жабу үшін қосымша табыс ізделеді немесе жаңа несие алынады. Осылайша адам өзі иелік етемін деп ойлаған дүниелерге тәуелді болып шығады. Ақырында ол бұрынғы шешімдерінің құнын өтеу үшін еңбек етеді.
Қаржылық сауатсыздықтың ең қауіпті тұсы да осында. Адамның қалтасын ғана жұқартпайды, тиісінше, таңдау еркіндігін де шектейді. Жинағы жоқ адам күтпеген жағдайға дайын болмайды. Қарызы көп адам тәуекелге бара алмайды. Қаржылық қоры жоқ отбасы кез келген экономикалық өзгерісті дағдарыс ретінде қабылдайды. Сондықтан қаржылық сауаттылықты «ақшаны үнемдеу» деген қарапайым түсінікпен шектеу дұрыс емес. Бұл – өмірлік басымдықтарды дұрыс қоя білу мәдениеті, табысқа емес, тұрақтылыққа ұмтылу. Әрбір сатып алудан бұрын «Маған бұл расымен қажет пе?» деген сұрақты өзіңе қоя білу.
Жоғарыда жазып өткеніміздей, қаржылық сауатсыздықтың соңы отбасының ойрандалуына да апарады. Ең сорақысы да – осы. Келесі қозғамақшы тақырыпшамыз да осы мәселеге негізделген.
НЕСИЕГЕ НИЕТ ЕТКЕН НЕКЕ САНЫ КӨБЕЙДІ…
Қазақстанда жастардың несиеге тәуелділігі біртіндеп жеке адамның мәселесінен қоғамдық сипаттағы әлеуметтік құбылысқа айналып келеді. Қаржы нарығындағы өзгерістер, тұтынушылық мәдениеттің трансформациясы және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қарыз алуды бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетті. Соның салдарынан несие көптеген жас үшін төтенше жағдайда жүгінетін қаржылық құрал емес, күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айнала бастады.
Мемлекеттік кредиттік бюроның мәліметіне сәйкес, елімізде 18-21 жас аралығындағы 136 239 азамат микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Олардың 18 638-і берешегін 90 күннен астам уақыт өтей алмай жүр. Басқаша айтқанда, осы жас санатындағы әрбір жетінші микроқарыз алушының төлем мерзімін өткізіп алу фактісі тіркелген. Бұл жастар арасындағы қарыз жүктемесінің артып келе жатқанын ғана емес, қаржылық тәуекелдің де күшейгенін көрсетеді.
Сарапшылардың пайымынша, мәселенің түп-төркінін тек қаржылық сауаттың төмендігінен іздеу жеткіліксіз. Жастарды қарызға итермелейтін факторлар әлдеқайда күрделі. Олардың қатарында табыс деңгейінің өмір сүру құнынан төмен болуы, инфляциялық қысым, әлеуметтік желілер қалыптастырған тұтынушылық психология, онлайн несиенің шамадан тыс қолжетімділігі және қысқа уақытта жоғары өмір сапасына қол жеткізуге деген ұмтылыс бар. Қарыз көбейген сайын жас адамның қаржылық еркіндігі тарылып, отбасы бюджетіне түсетін жүктеме ауырлай түседі. Соның салдарынан баспана сатып алу, сапалы білім алу, кәсіп бастау немесе қаржылық қор қалыптастыру сияқты ұзақмерзімді мақсаттар кейінге ысырылады. Ал уақытша шешім ретінде алынған несие біртіндеп тұрақты қаржылық тәуелділікке ұласуы мүмкін.
Қаржыгер Мақсат Халық «Әлеуметтік желі қалыптастырған өмір салты несиеге сұранысты күшейтіп отыр» дейді.
– Жастардың несиеге жиі жүгінуін тек қаржылық сауаттың жеткіліксіздігімен түсіндіру мәселенің ауқымын тарылтады. Негізгі себептердің бірі – жастардың өмірден күтетін деңгейі мен нақты табысының арасындағы алшақтықтың ұлғаюы. Әлеуметтік желілерде қымбат автокөлік, брендтік киім, соңғы үлгідегі смартфон, шетелдік саяхат пен жайлы өмір үздіксіз насихатталады. Осындай контентті күн сайын көрген адам уақыт өте келе мұндай өмір салтын ерекшелік емес, қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастайды. Алайда нақты өмірдегі табыс бұл талаптарға әрдайым сай келе бермейді. Нәтижесінде қаржылық мүмкіндік пен тұтынушылық қалаудың арасындағы айырмашылықты несие толтырады. Осылайша, жас азамат қолындағы қаражатқа емес, болашақта табамын деп үміттенетін кіріске сүйеніп өмір сүре бастайды, — дейді М.Халық.
Расын айту керек, қарыз алудың бұрын-соңды болмаған деңгейде жеңілдеуі де бұл үрдісті күшейтті. Бұрын несие рәсімдеу бірнеше күнге созылатын, түрлі құжатты талап ететін процесс болса, бүгінде бірнеше минуттың ішінде смартфон арқылы микронесие алуға мүмкіндік бар. Қарызға қол жеткізу қаншалықты оңайлаған сайын, оның салдарын бағалау да соншалықты кейінге ысырылып келеді. Соның нәтижесінде несие төтенше жағдайда қолданылатын қаржылық тетік емес, кез келген мәселені жедел шешудің үйреншікті амалына айналып барады.
Қоғамның қарызға деген көзқарасы да елеулі өзгеріске ұшырады. Бұрын несие қаржылық тығырықтан шығудың соңғы мүмкіндігі саналса, бүгінде ол көптеген отбасының ай сайынғы тұрақты шығынына айналды. Бұл жағдай адамдардың жаңа міндеттемелерге бейқам қарауына, өз қаржылық мүмкіндігін асыра бағалауына алып келеді.
Әлеуметтік желінің психологиялық ықпалын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Егер бұрын адам өзін жақын ортасымен салыстырса, бүгінде ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал әрі ауқатты адамдардың өмірімен салыстырады. Үздіксіз көрсетілетін мінсіз өмір көріністері шынайы мүмкіндіктерге деген қанағат сезімін әлсіретіп, тез жетістікке жетуге деген ұмтылысты күшейтеді. Ал бұл ұмтылыстың қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз болған жағдайда, оның орнын тағы да несие басады. Сондықтан жастардың қарызға тәуелділігін тек жеке жауапсыздықтың салдары ретінде бағалау мәселенің мәнін толық ашпайды. Бұл құбылысқа экономикалық жағдай, өмір сүру құнының өсуі, әлеуметтік желілер қалыптастырған тұтынушылық қысым, цифрлық қаржы қызметтерінің қолжетімділігі және қаржылық жоспарлау мәдениетінің жеткіліксіздігі қатар әсер етеді. Мәселенің шешімі несиені шектеуде емес, қаржылық ойлау мәдениетін қалыптастыруда жатыр.
ҚАРТТАРЫМЫЗ АЛАЯҚТАРДЫҢ ОҢАЙ ОЛЖАСЫНА АЙНАЛДЫ…
Жастардың несиелік тарихын сөз еткеннен кейін, қаржылық алаяқтықтан зардап шегіп жатқан егде жастағы азаматтардың мәселесіне де тоқталу қажет. Өйткені телефон қоңырауына жауап берген сәттен-ақ алаяқтың арбауына түсіп, бар жинағынан немесе несиеге алған қаражатынан айырылып жатқан зейнеткерлер аз емес. Ендеше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынуда? Қолданыстағы сақтық тетіктері қаншалықты тиімді? Бұл сауалдарға бірге үңілейік.
Қаржылық алаяқтықтың осал нысаналарының бірі – егде жастағы азаматтар. Алаяқтар телефон арқылы психологиялық қысым жасап, өзін банк қызметкері, полиция немесе басқа да мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырады. Кей жағдайда зейнеткерді атына несие рәсімделіп жатқанына сендіріп, мәселені «шешу» үшін қомақты қаражат алуға немесе қолындағы ақшаны бөтен шотқа аударуға көндіреді.
Неліктен дәл осы аудитория таңдалады? Себебі көптеген қарт азаматтар цифрлық технологиялардың жылдам дамуына толық бейімделіп үлгерген жоқ. Онлайн банкингтің барлық мүмкіндігін меңгермеуі, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін жете білмеуі олардың алаяқтарға алданып қалу қаупін арттырады. Ал телефонның ар жағындағы адам өзін банк менеджері немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырғанда, оның сөзіне сеніп қалатындар бар.
Бүгінде алаяқтардың әдісі де өзгерді. Олар енді банк картасының деректерін сұрап қана қоймайды. Ең қауіптісі – адамның психологиясына әсер ету. Әңгіме көбіне үрей туғызатын сөздерден басталады: «Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «Қаражатыңызды басқа шотқа аудармасаңыз, жоғалтып аласыз» деген секілді сөздер адамды абдыратып, асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Осы жерде алаяқтықтың сипаты өзгереді: қылмыскер ақшаны тікелей тартып алмайды, жәбірленушіні өз қолымен ақша аударуға мәжбүрлейді.
Соңғы жылдары алаяқтықтың дәл осы тәсілі қауіпті сипат алды. Бұрын қылмыскерлердің негізгі мақсаты банк картасына немесе шотқа қол жеткізу болса, қазір жәбірленушіні өз атына несие рәсімдеуге дейін жеткізетін жағдайлар кездеседі. Яғни адам өзінің қаржылық міндеттемесін өзі жасап, қаражатын алаяқ көрсеткен есепшотқа аударады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, 65 жастан асқан азаматтарға несие рәсімдеу кезінде банк бөлімшесіне жеке бару талабы белгіленді. Мұнда басты мақсат – қаржылық шешімнің адамның өз еркімен әрі сыртқы қысымсыз қабылданғанына көз жеткізу.
ҚАЛАУ мен ҚАЖЕТТІЛІКТІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС ҚАДАҒАЛАП ЖҮРМІЗ?
Қаржылық сауаттылықты қарапайым халық неден бастауы керек және сауатты арттыру бағытында қандай істерге не әрекеттерге аса мән бергеніміз жөн? Осы сауалды «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы, қаржыгер Балдырған Мәменге жолдаған едік. Маманның айтуынша, әр адам қажеттілік пен қалаудың аражігін ажыратып алғаны абзал.
– Қаржылық сауаттылықты қарапайым адам алдымен өзінің кірісі мен шығысын есептеуден бастауы керек. Бір айда қанша шығыс шығатынын алдын ала білмесеңіз, қанша кіріп жатқанын да анықтай алмайсыз. Сол үшін де, әр ай сайын кез келген отбасы не жеке тұлға өзінің шығыстарын есептеп жүргені жөн. Маман ретінде көп жерде қаржылық сауаттылықтың ең қарапайым қағидасын ескертемін: «алғашқы алты ай үзбей тек шығысыңызды есептеңіз» деп. Кейін сол қағиданы ұстанған адамға бұл әдіс әдет болып кетеді. Осылайша, базалық шығынды анықтай отыра, сіз бір айда қанша қаржыға өмір сүре алатыныңызды, тиісінше, қанша қажеттілігіңізді өтей аласыз, қалауыңызға қанша кетеді, осы сынды бірнеше сұрақтың жауабын ала аласыз, — дейді Балдырған Мәмен.
Ал маман айтқан базалық шығынның да екі түрі болады екен, білдіңіз бе? Оның айтуынша, жалпы базалық шығындарды екіге бөліп қарастыру қажет. Бірі – тұрақты қажеттілік, екінішісі – қалау. Осы екі шығынды қаражатыңызды көлеміне қарай салыстыра отырып орындаған абзал екен. Себебі, тұрақты қажеттілік, яғни тұрақты базалық шығын дегеніміз – тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, асыңыз мен жүрер аяқжол пұлыңыз. Ал қалауда базалық шығынды өтемей-ақ та өмір сүруге болады. Жоғарыда атап өткен қажеттілікті қалауға алмастыратын болсаңыз, өмір сүру сапасына біршама әсерін, тіпті зиянын тигізуі мүмкін. «Сондықтан да, алдымен тұрақты қажеттілік, содан соң ғана қалауды орындаған жөн» дейді қаржыгер, сарапшы Б.Мәмен.
Ал, қаржылық сауатымызды арттыруда қандай әдістерге аса мән берген жөн деген суалымызға маман алты айлық шығысты жазып жүру ережесін ұсынып отыр.
Қаржылық сауатсыздық – қалтадағы ақшаның аздығынан бұрын, сол ақшаның тағдырын ойланбай шешудің салдары. Қарызды қалыпты өмір салтына, тұтынуды мәртебеге, ал қаржылық қауіпсіздікті кейінге қалдыруды әдетке айналдырған қоғамның экономикалық тұрақтылығы қаншаға созылмақ?
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!