Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылтай һәм халық кеңесі: Қоғамға келісім мен компромисс керек!

20.08.2026, 7:40 48

Сонымен, бір айға созылған парламенттік сайлау науқаны өз мәресіне жетіп қалды: 23 тамыз күні Қазақстан саяси жүйесіндегі жаңа орган – Құрылтай  дүниеге  келеді.

Бұрыннан келе жатқан және тез арада құрылған саяси партиялар хал-қадірінше үгіт-насихатын жүргізді.

Әрине, депутаттықтан үміткер партиялардың қатарынан өзін оппозициялық санайтын күштер табылмағаны қынжылтады. Өйткені, менің түсінуімше, Парламент, яғни Құрылтай дүниетанымдық, саяси тұғырнамалық тұрғыдан алғанда, қоғамның айнасы болуы тиіс, яғни, ел ішінде қандай көңіл күй, саяси ұстаным бар, бәрі Құрылтайдан табылуы шарт. Партияның Парламентке өту межесі – сайлаушылар дауысының 5 проценті. Сыншыл қауым сол 5 проценттен кем дегенге сенбеймін, яғни олар да Парламент төрінен  орын  алуы  тиіс  еді.

Әрине,  билікті  тек  қана сынап, ауызды қу шөппен  сүртуге болмайтын шығар. Не дегенмен, қоғамда, мемлекетте белгілі бір өзгерістер бар екенін мойындауымыз  тиіс. Әлеуметтік нысандар, жолдар салу жаңаша қарқын ала бастағандай. Таяуда басталған «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының өзі не тұрады? Жолдың сын көтермеуінен талай жылдан зардап шегіп келе жатқан батыстағы төрт облыстың көзі ашылса керек. Тек біздің шенеуніктер бөлінген қаржыны төгіп-шашпай, жымқырмай, жол сапасы жақсы болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жақсы жаңалықтарды айтумен қатар, көзге ұрып тұрған кемшіліктерді де атау парыз. Оны президент­тің өзі қол астындағылармен жиналыс өткізгенде жасырмай айтады. Өйткені, сын түзелмей, мін түзелмейді. Президент Тоқаевтың өзі «еститін мемлекет» қағидаты мен «алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт» формуласын ұсынды. Елде билік тармақтарының тепе-теңдігі орнығуы үшін Парламентте атқарушы билікке  орынды сын, балама пікірін айта алатын, шенділерді жөнге салып отыратын партиялар отыруы тиіс. Әйтпесе, партиялардың бәрі билікшіл  болса, сынды  кім  айтады?

Өткен дебаттар да соны көрсетті, басты саналатын партияға қатыс­ты сын болмады, оның орнына бұрыннан келе жатқан екінші-үшінші дәрежелі партиялар бір-бірімен айтысып кетті, соның өзі біраз хайп болды.

Жә, болар іс болды, бояуы сіңіп жатыр.

Өтіп жатқан сайлау науқанының бір оң тұсы – саяси алаңға жастардың шығуы болды. Әрине, олардың партиялық шектеулері бар, көп нәрсеге, соның ішінде, жүйелік сипаттағы жайттарға сын айта алмайды, дегенмен, теледебаттар кезінде олардың біразының саяси болашағы болуы  мүмкін  екеніне  куә  болдық.

Ел іші «қанша партия Құрылтайға енеді екен?» деп те болжамдап жатыр. Соған байланысты бір ұсынысым бар. Заң бойынша, Парламентке өткен партия бюджет тарапынан қаржыландырылады. Сонда додаға түскен жеті партияның бәрі халық есебінен күн көруі керек пе екен?! Меніңше, жеті саны тым көп. Оның үстіне сол партиялардың да бір-бірінен айырмашылығы шамалы. Бюджеттің де жағдайы белгілі. Сол себепті, сайлауды саяси ойынға айналдырмай, Құрылтайға өтетін партиялар санын екі-үшеумен шектеу  керек.  Біріншіден, халықтың басын қатырмаймыз, екіншіден, бюджет  қаржысын  үнемдейміз.

Дауыс беруге бару керек пе, керек емес пе деген пікірталас әлі жалғасып жатыр. Екі жақтың өз уәждері жоқ емес, әрі олар мүлдем орынсыз емес.

Меніңше, әр сайлаушы оны өзі шешу керек. Бүгінде халықтың ой-санасы оянған, үлкен саясаттан хабары мол, әр партияның артында кім тұрғанын, оның саяси әлеуеті қандай екенін ел тап басып отыр. Сол  себепті  таңдауды әр адамның өз  еншісіне қалдырайық.

Сонымен бірге, 23 тамызбен бәрі бітпейді. Өмір  жалғаса  бермек.

Мәселен, өз басым 1 қыркүйектен кейін, яғни, Конституция толыққанды күшіне еніп, жаңа саяси бастамалар жүзеге асуының астарында президент Тоқаевтың экс-елбасы Назарбаевтың мұрасынан түпкілікті ат құйрығын кесісіп, бас билікті өз қолына алу ниеті жатыр деп ойлағым келеді. Өйткені, ескі Қазақстанның Авгий атқорасы әлі де тазаланбаған, отыз жыл бойына сана мен қораға сіңіп кеткен сасық иісі мүңкіп  тұр.

Сол себепті Қазақстан қоғамының алдында  үлкен  таңдау тұр: оның мәнісі  мынада.

Иә, Жаңа, Әділетті Қазақстан құру бастамасының нақты шешімдер мен іс-әрекетпен рәсімделуінде сөзсіз құптауға лайық, біршама оң жетістіктермен қатар, кемшін тұстар да, қателіктер де жоқ емес. Қоғамның сыншыл бөлігінің бір өкілі ретінде біз оны айтып та келе­міз  де.

Ортақ  мүдде  жолында келісім, компромисс пен консенсум керек. Бір сөзбен айтқанда, қоғам мен билік бір-біріне қарай қадам жасауы керек сияқты. Азаматтар жағынан билікке деген ұстаным мейлінше объективті, сын сындарлы болса, ал билік кез  келген  сыншының өзінің  жауындай  көрмесе, Қазақстан  ұтылмайды.

Жаңа Қазақстанды тек қана шенеуніктер немесе билікке  біртабан жақын партиялар  құра  алмайды, ол  іске  бүкілхалықтық қолдау  қажет.

Иә, көптеген саяси партия тіркелмей, мажоритарлық жүйе жойы­лып, беделді жеке азаматтар Құрылтай құрамына кірмей қалды. Ол да өзінше бір үлкен олқылық деп санай­мын.

Бірақ та Құрылтаймен қатар тағы бір жаңа орган – Халық кеңесі де Конституциядан өз орнын тапты, ол да  таяу мерзімде  жасақталуы  тиіс.

Құрылтайдан құр қалған қоғамдық күштер ендігі жерде осы беделді орган құрамынан табылса, Жаңа, Әділетті Қазақстан құру ісіне мейлінше көп, кең де ауқымды күштер қатыстырылса, жөн болар еді. Ондай күштер, әсіресе, ауыл-аймақта баршылық.

Өз басым, қанша сыншыл болсам да, осыған  сенгім  келеді.

Өйткені, бәріміздің – қоғамдық күштер өкілдерінің, биліктің, билікті сынайтындардың – Отанымыз бір. Яғни,  болашағымыз  да  бір.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: