Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ашық үкіметтің» астыртын айласы

13.08.2026, 8:20 23

Қақпасы  айқара  ашық, төрі тұмшалы үйді көзге елестетіңіз. Қазақстанның «Ашық үкіметі» де сырттай сондай әсер қалдырады. Бес порталдың бірінен бюджетті, екіншісінен заң жобасын, үшіншісінен мемлекеттік деректі табуыңыз  керек. Алайда табалдырықтан  аттаған соң  бір  құжаттың  толық  мәтіні  жоқ, екінші мәліметке  «қызмет бабында  пайдалану  үшін» деген  белгі  соғылған,  ал самсаған  санның  қайсысы нақты  шешімді  өзгерткені белгісіз. Есік  ашық  болса, жіптің  ұшы  неге  қолға  түспейді?

«Ашық үкімет» бес бөліктен тұрады. «Ашық деректер» мемлекеттік мәлі­метті ұсынады, «Ашық НҚА» құжат жоба­ларын талқыға шығарады, «Ашық бюджеттер» қаржы жоспары мен орындалуын көрсетеді. «Ашық диалог» азамат пен мекеме басшысын байланыс­тырады, бесінші портал мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалайды. Заң ақпараттың уақытылы, толық әрі анық берілуін міндеттейді. Сондықтан ашықтық файлды сайтқа ілумен біт­пейді.

Тақырыптағы «астыртын айла» тіркесін дұрыс түсіну үшін бір жайтты айта кеткен жөн. Мұнда әлдебір құпия бөлмеде жасалған келісім немесе алдын ала құрылған жоспар меңзеліп отырған жоқ. Ашықтықты шектеу үшін құжатты тұтас жасырудың да қажеті шамалы. Оның толық мәтінін ықшам кестемен алмастыруға, сауалға ресми жауап беріп, сұралған деректі айналып өтуге болады. Ал  жарияланған  санның  нақты шешімге қалай әсер еткені өлшен­бесе, рәсім орындалғанымен, мәселенің өзегі көмескі қалады. Әр қадамды жеке алғанда оған түсінік табылады. Бірақ бәрін бір-біріне жалғап қарасаңыз, ашықтықтың аясы қалай тарылып бара жатқаны  байқалады.

Осы жылы сәуір айында «Құқықтық медиа-­орталық» қоғамдық қоры Мәдениет және ақпарат министрлігінен жекеменшік БАҚ-қа берілген мемлекеттік гранттардың жалпы көлемін сұрады. Қор алушылардың аты мен әр редакция­ның үлесін талап етпеген. Әңгіме бюджеттен шыққан қаржының жиынтық сомасы жөнінде еді. Министр­лік мәліметке ҚБП (қызмет бабында пайдалану үшін) белгісі қойылғанын алға тартып, оны беруден бас тартты. Қор дауды сотқа жеткізді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2026 жылғы шілдеде талапты қанағаттандырмай, ведомствоның жауабын заңды деп таныды. Сөйтіп, алушысы сұралмаған бюджет қаражатының жалпы көлемі жабық қалды. Шешім бір сауалдың жолын кесіп қана  қоймай, мемлекет  қаржысының  қай тұсына  дейін  қоғамның  көзі  жететінін  аңғартты.

Қор директоры Диана Окремова министрлік мәліметті жариялау кімге және несімен қатер төндіретінін нақты дәйектемеді деп есептейді. Ол заңдағы ұстаным мен күнделікті тәжірибенің арасына түскен сызатты  былай  түйді.

– Бір әлемде заң мәтіні мен әдемі мәлімдеме тұр, екіншісінде бас тарту мен құпиялау  жүр, — деп  жазды  Диана  Окремова.

ҚБП мемлекеттік құпиямен тең ұғым саналмайды. Үкіметтің 2022 жылғы №429 қаулысы оны таралуы шектеулі қызметтік ақпарат ретінде реттейді. Түйткіл таңбаның атауында емес, оның негі­зі қаншалық ашық түсіндірілетінінде. Ақпарат иесі деректі өзі шектеп, бас тартуды сол шектеумен негіздесе, азамат құжаттың неге жабылғанын дәлелдеумен әуре болады. Таразы басы  әуелден  тең  түспейді.

Заңдық негіз соңғы жылдары керісінше күшей­тілді. 2025 жылғы 13 қаңтардағы өзгерістер ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін жауапкершілікті арттырып, белсенді жария­лау қағидатын енгізді. Сол жылғы 18 сәуірде ашықтық стандарты бекітілді. Қағаздағы талап қатаң, кілтипан  оның  азаматқа  жеткен  сәтінде  басталады.

Осындай қайшылық «Ашық НҚА» порталынан да анық байқалды. 2025 жылғы 20 наурызда жүргізілген техникалық жаңартудан кейін заңға тәуелді актілердің басым бөлігі бұрынғыдай толық жарияланбайтын болды. Бұған дейін мини­стр бұйрығының, үкімет қаулысының немесе өзге құжаттың жобасына оның толық мәтіні, түсіндірме  жазбасы  мен  салыстырма кестесі қоса берілетін. Жаңартудан соң сол құжаттардың орнын жобаның негізгі мазмұны жазылған ықшам кесте басты. Заң жобалары мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары бұрынғы тәртіппен жарияланады. Ал заңға тәуелді актінің толық нұсқасын көргісі келген азамат оны әзірлеген  министрлікке немесе әкімдікке бөлек сұрау  жолдауға  мәжбүр.

– Порталдың соңғы техникалық пысықтауларына сәйкес, НҚА жобаларын жария талқылау процесін оңтайландыру мақсатында заңға тәуелді жобаларды орналастыру форматы өзгертілді, — деп  түсіндірді  Әділет  министрлігі.

Ведомство жобаның негізгі мазмұны халыққа танысуға қолайлы нысанда берілетінін, ал енгі­зілген өзгерістердің уақытша сипатта болмағанын хабарлады. Кейін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев  та  талқылау тетігі сақталатынын айтып, «Талқылаудың өзі болды және қалады, ал функционалдық жағына келсек, ол қайта қарау сатысында»  деп  толықтырды.

Ыңғайлылық жөніндегі уәждің өз қисыны бар. Алайда азамат құжаттың түпнұсқасын көрмей, мемлекеттік орган іріктеп берген мазмұнмен шектелсе, жария талқылаудың өрісі де тарылады. Норманың салмағы кейде тұтас тарауда емес, бір сөйлемде немесе бір анықтамада жатады. Толық нұсқаны сұратуға кеткен уақыт талқылауға берілген мерзімнің біразын жеп қоюы мүмкін. Жауап жеткенше жоба талқылаудан алынып, келесі рәсімге өтіп кетсе, азамат құжаттың өзін емес, оның мазмұндама нұсқасын ғана талқылап шығады. Қолында мәтін жоқ адамның ұсынысы да  дәл  нысанаға  тие  бермейді.

Порталдың статистикасы сырттай қызу қозғалысты аңғартады. 2 күн бұрын ғана онда 288 жоба талқыланып жатты. Барлық кезеңде 363 499 пікір жазылып, 346 115 жауап берілген, мұрағатқа 154 754 жоба жиналған. Пікір мен жауап арасындағы айырманы түгелдей жауапсыз қалған ұсыныс деу­ге келмейді. Бір ресми ұстаным мазмұны ұқсас бірнеше пікірді қамтуы ықтимал. Түйткіл басқа тұста. Портал қанша пікір жазылғанын қалт жібермей санайды, бірақ сол ұсыныстардың нешеуі қабылданғанын және қай тармақтың өзгергенін ортақ есеппен көрсетпейді. Санақ сайрап тұр, ал оның  соңынан  шыққан  нәтиженің  ізі  көмескі.

«Ашық бюджеттердегі» дерек бұдан да ауқымды. Порталда 218 901 бюджеттік бағдарлама  жобасы, Қоғамдық кеңеске жіберілген 96 854 жоба, 107 015 материал және бағдарламалардың орындалуы жөніндегі 104 516 есеп бар. Қарапайым азамат осы құжаттарды қарап, тіркелгеннен ке­йін пікір қалдыра алады. Бірақ қанша адам талқылау­ға қатысты, неше ұсыныс ескерілді, сол пікірлерден кейін қандай шығыс қысқарып немесе қай бағытқа қанша қаржы қосылды деген жиынтық мәлімет берілмейді. Қаржы жоспары көз алдымызда тұрғанымен, қоғамдық талқылаудың сол жоспарға тигізген ықпалын білу үшін құжаттың қойын-қонышын  жеке  ақтаруға  тура  келеді.

Осы порталдағы тағы бір мысал ашық және жабық ақпараттың аражігін айқындау қаншалық маңызды екенін көрсетті. Биылғы жылғы наурызда Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік материалдық резервті қалыптас­тыру және сақтау жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арна­лған бағдарламасы жарияланды. Құжаттың сипаттамасы, мазмұны, басқару деңгейі мен іске асыру тәсілі «аса құпия» деген белгімен беріліп, жоспарланған шығыс сомасы көрсетілмеді. Мемлекеттік материалдық резервтің құрамына қатыс­ты мәліметтердің құпия сақталуына заңды негіз болуы мүмкін. Дегенмен, бағдарлама атауынан өзге дерек түгел тұмшаланса, қауіпсіздік үшін жабыл­уы тиіс бөлік пен қоғамға ашық қалуға тиіс жалпы  қаржы  есебінің  жігі  ажырамай  қалады.

«Ашық деректер» порталындағы сандарға қара­сақ, дерек  қоры көбейгенімен, оны пайда­лану  жағы  ілесе  алмаған. Дәл солай, 2 күн бұрын ғана шолу жасағанымызда порталдан 3894 дерек жиынтығы табылды. Соның 87 пайызы өзекті деп көрсетілген. Осы мәліметтер  негізінде 37  қосымша мен сервис жасалған. 2015 жылдан  бері дерек­тер 11,7 миллионнан  астам рет қара­лып, 431 мыңнан  аса рет жүктелген. Ал 2023 жылғы  ресми  есепте 3664  дерек  жиынтығы, 89 па­йыз өзектілік  және  37 қосымша көрсетіліпті. Яғни үш жылда дерек жиынтығы 230-ға көбейген,  бірақ сол   деректі  пайдаланған  қосымшалар саны  өзгер­меген. Өзекті мәліметтердің үлесі де 89 пайыз­дан 87 пайызға түскен. Порталға жаңа дерек  қосылып  жатыр,  алайда  оны  халыққа  қажет  өнімге  айналдыру  қарқыны  өспеген.

Пайдаланушыны сүріндіретін ұсақ-түйек те  аз  кездеспейді. Дерек иелерінің атауы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде араласып жүр, кейбір ұйым бірнеше рет қайталанған, сүзгіде «тест21» деген сынақ жазбасы сақталып қалған. Заңды  тұлғалар  туралы жиынтыққа БСН арқылы іздеу мен API жұмысына қатысты сауалдар қойылған. Аурулар статистикасында геодерек пішімін сұраған 2019 жылғы пікірге портал бетінде жа­уап  көрінбейді. Мұндай салғырттық бір қара­ғанда болмашы көрінуі мүмкін. Бірақ ашық деректің құны оның сайтта тұрғанымен емес, іздеуге, салыс­тыруға және қайта пайдалануға қаншалық жарамды  екенімен  өлшенеді.

Ілгерілеуді  де  аттап өтуге  болмайды. Рауль Нугис  пен  Вирго Рийспапптың 2023 жылғы са­лыс­тырмалы зерттеуі Қазақстанда ашық дерек­терге қажетті құқықтық әрі техникалық ірге­тас қалыптасқанын көрсетеді. Авторлар дерек санына қоса порталдың қолайлылығын, мәліметтің функцио­налдық сапасын және оны пайдаланатын ортаны бірге бағалауды ұсынған. ODIN рейтингі­сінде Қазақстан 2024 жылы 198 мемлекеттің  арасынан  44-орын алып, 72 балл жинады. 2022 жылы ел 63 балмен 51-орында тұрған. Ілгері басқан  қадам анық. Ендігі меже файл санын өсірумен шектелмей, сол деректен туған қоғамдық және эко­номикалық  пайданы  көрсетуге  тіреледі.

«Ашық диалог» та атқарылған жұмыстың көлемін бүкпесіз береді. Басты бетте 483 234 өтініштің 464 663-іне жауап жолданғаны жазыл­ған. Екі көрсеткіштің арасындағы 18 571 өтініштің қаншасы қаралып жатыр, қаншасының мерзімі өтіп кеткен немесе басқа органға жолданғаны жиынтық кестеде жіктелмейді. Портал арқылы 5371 интернет-конференция мен 2713 сауалнама өткізілген. Алайда оған қанша азамат қатысқаны, қандай ұсыныс қолдау тапқаны және сауалнама қорытындысынан кейін қай шешім өзгергені бір жерге жинақталмаған. Жауаптың берілгені есепке түседі, сол жауаптан кейін мәселенің шешілгені  есептен  тыс  қалады.

Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау порталы да уақытылы жаңартылмайды. 2026 жылғы тамызда оның үш негізгі бөліміндегі соңғы ортақ қорытынды 2022 жылға тиесілі болды. Кейін­гі бағалаулар әр министрліктің жеке сайтында жарияланған. Мәселен, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2024 жылғы ашықтығы 85,58 балға бағаланып, есеп 2026 жыл­ғы 17 ақпанда шыққан. Онда ашық деректерді уақытылы жаңарту, бюджет талқылауын алдын ала хабарлау, өтінімдерді күн сайын бақылау және интернет-конференциялар өткізу ұсынылған. Алайда осы есеп орталық порталға енгізілмеген. Сондықтан бірнеше мекеменің нәтижесін бір жерден  салыстыру  мүмкін  болмай  отыр.

Бес портал да атқарылған жұмыстың көлемін көрсетеді. Қанша файл жүктелгені, неше пікір жазылғаны, қанша жауап берілгені және қанша есеп жарияланғаны саналады. Бірақ азаматтың ұсынысынан кейін қандай тармақ өзгергені, бюджеттен қанша қаржы қайта бөлінгені немесе көтерілген мәселенің шешілгені көрсетіл­мейді. Мемлекеттік орган рәсімнің орындалғанын хабар­лайды,  ал оның нәтижесін азамат әр құжаттан  өзі  іздеуге  мәжбүр.

Қолданыстағы порталдарға нәтиже көрсеткіштерін қосу мәселені шешуге көмектеседі. Бюджет жобасында талқылауға дейінгі және кейінгі сома қатар көрсетілсе, қоғамдық пікірдің қаржы жоспарына қаншалық әсер еткені белгілі болар еді. НҚА бетінде қабылданған ұсыныс пен соған байланысты өзгерген тармақ берілген жағдайда, азамат өз пікірінің нәтижесін көре алады. «Ашық деректерде» жаңарту мерзімі, жұмыс істейтін API және ескірген дерек жиынтықтары белгіленсе, мәліметтің сапасын бағалау жеңілдейді. «Ашық диалогта» жауап берілген және мәселесі шешілген өтініштер бөлек есептелсе, көрсеткіш нақтырақ шығады. Мемлекеттік орган­дардың тиімділік бағасын жыл сайын орталық порталға жинау да мекемелердің жұмысын салыстыруға мүмкіндік берер  еді.

Мемлекеттік құпия, дербес дерек және қауіп­сіздікке қатысты ақпарат заң бойынша шектеле­ді. Дегенмен, құпия белгісі бюджеттің жалпы сомасын немесе қоғамдық талқылауға қажетті құжаттың толық мазмұнын жабуға себеп болмауы керек. Қай бөлігі құпия екені нақты көрсетіліп, қалған мәлімет ашық жарияланғаны дұрыс. «Ашық үкімет» порталдарында құжат пен статис­тика жеткілікті. Ендігі мәселе сол дерек­тердің мемлекеттік шешімдерге қалай әсер еткенін көрсетуге байланысты. Азамат қай ұсынысының қабылданғанын, қай тармақтың өзгергенін және бюджетке қандай түзету енгізілгенін бір жерден көре алса, жүйенің нақты пайдасы да түсінікті болар еді. Ашықтық ақпаратты жариялаумен аяқталмайды. Мемлекеттік орган қабылдаған шешімнің себебі мен орындалу нәтижесі де қоғамға қолжетімді болғанда, «Ашық үкімет» өз міндетін  толық  атқарады.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Коллаж: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: