Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда баспана бөлу тәртібі өзгереді

24.08.2026, 11:30 41

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының ережесіне өзгерістер енгізілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 14 тамыздағы бұйрығы 31 тамыздан бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 14 қыркүйектен қолданыла бастайды.

Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қорының немесе әкімдік жеке тұрғын үй қорынан жалға алған баспананың кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Тағы кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады. Олардың қатарында ардагерлер, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер және көпбалалы отбасылар бар. Қалған тұрғын үйлер баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылған азаматтар мен қандастар арасында бөлінеді.

Баспана алуға үміткерлердің табысына да талап қойылады. Үш және одан көп адамнан тұратын отбасыларда соңғы алты айдағы жан басына шаққандағы табыс екі күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. Екі адамнан тұратын отбасылар үшін бұл шек 3,5 күнкөріс минимумы, ал жалғыз тұратын азаматтар үшін 5,5 күнкөріс минимумы болып белгіленген.

14 қыркүйектен бастап тұрғын үйдегі бөлмелерді бөлу тәртібі де өзгереді. Ерлі-зайыптыларға бір бөлме беріледі. Бір жынысты отбасы мүшелері бір бөлмеге екі адамнан артық орналастырылмайды, ал әртүрлі жынысты отбасы мүшелеріне, ерлі-зайыптыларды қоспағанда, жеке бөлме қарастырылады. Кейбір ауыр созылмалы ауруы бар азаматтарға және мүгедектігі бар бала тәрбиелейтін отбасыларға қосымша жеке бөлме беріледі.

Жеңілдетілген ипотекаға да осыған ұқсас үлестік талап енгізіледі. Оның кемінде 20 пайызы жетім балаларға, ал кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал санаттарға беріледі. Тұрғын үйді бөлу және оны беру туралы шешімдерді Отбасы банктің ақпараттық жүйесі автоматты түрде қабылдайды.

Сонымен қатар баспана кезегінде тұрған белгілі бір санаттағы азаматтар мен қандастарға жылдық 2, 5 және 7 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: