САТИРА
«Барсакелмес» аралында жаңа базар ашылыпты, адамның жанынан басқаның бәрін сатады» дегенді естіп, сонда бардым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген саудагерлер саудасын қыздырып жатыр. Базарға кірер ауыздағы кезекті көрсең, шашың тік тұрады. Совет үкіметі құлағаннан кейінгі кезеңдегі дүкенге арақ алуға тізіліп тұрған адамдар сияқты. Жағаласып жағам жыртылып, түймем үзіліп, әйтеуір базарға кірдім. Мұндай базарды туғалы бірінші көруім. Аралап жүріп «АТАҚ» сататын бөлімге келдім. О, тоба іздегенім де, іздеген адамдарым да алдымда тұр. Қолына микрофон ұстаған әнші-асабалардың бәрі осында жүр. Япырай, сөреге кәдімгі өнер адамдарына, ғалым, академиктерге берілетін атақтар қойылыпты. Мені әрине, өнер адамдарына берілетін атақ қатты қызықтырды.
— «Өнер қайраткері» қанша тұрады? — дедім көзім жайнап.
Сатушы қыз басын қайқаң еткізіп:
— Бес мың доллар тұрады.
— Ал, «Театр қайраткері» атағы ше?
— Он мың доллар, банкі арқылы несиеге де бере аламыз.
Қап, атаңа нәлет, басымдағы бес кредит болмағанда, атақты сатып алғым-ақ келіп тұр еді. Бір кезде аузы апандай, қарны қабандай болып аудан әкімі Талтаңбай келді. Қолында бір сөмке ақшасы бар. Қолын ербеңдетіп:
— Қарындас, маған көтерме сауданың құнымен бес «Өнер қайраткері», жеті «Театр қайраткері» атағын және үш «Қарын» жастар сыйлығын беріңіз, мінеки, долларыңызды санап алыңыз, — деп көк қағазды жайып салды.
Ее.., жұрттың бәрі атақты қалай алып жатыр десем, енді түсіндім. Атақтарға қызығып кете алмай тұрғанда, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ауылдың бас асабасы Қопан келді. Аю құсап арсалаң-арсалаң етеді. Ол тек қалтасы қалыңдардың және сот, прокурорлардың тойын ғана басқарады. Қарапайым халықтың оның қызметіне төлейтін ақшасы жетпейді. Даусын көтеріп:
— «Халық Батыры» атағы бар ма? – деді.
— Таусылып қалды, — деді әлгі сатушы жұлып алғандай.
— «Ардақты Асаба» деген ше?
— Ондай атақ болмайды. «Ардақты Ана» деген бар.
— Жарайды, онда «Өнер қайраткерін» бере салыңыз, — деп, Қопан ақшасын санап берді.
Қопан базардан өлеңін айтып мәз болып шығып бара жатыр. Елге еңбегі сіңгендей, омырауындағы төсбелгісі жалтырап, кеудесін керіп қояды. Әлгі атақтарға ұзақ қарап тұрдым да, ары қарай базарды араладым. «Барсакелмес» базарының шеті көрінбейді.
Енді «АБЫРОЙ» сататын жерге келдім. Бұл жерде адам-қара өте көп. Айғай-шу. Алдыңғы кезекте беті-аузы үскірік аяздан үсіп кеткендей, қап-қара болып Жүнбет тұр. Жүнбет – бұрынғы аудандық полиция бөлімінің бастығы. Талай адамға жазықсыз жала жауып, түрмеге қамаған еді. Бүгінгі күні мойны салбырап, шалбарының ауы ашылып, бәтеңкесінің бауы жерге басылып, адам аяғандай күйге еніпті.
— Қызым, «абырой»-дың қандай түрлері бар? — деді ол сыбырлып.
— Бір күндік, бір жылдық «абырой» бар. Сосын, мың жылдық «абырой» бар. Бірақ, сіз қай салада қызмет жасадыңыз?
— Заң орнында…
Жүнбет беруді емес, тек алуды білетін алақанымен бетін басып, қызға тіке қарай алмай тұр. Тура қарайтын бет жоқ. Өлімнен ұят күшті екенін енді ұққан секілді. Жазықсыз адамдардың жанайқайы оған тыным бермегенге ұқсайды.
— Ағай, заң саласында қызмет еткендерге мың жылдық «абырой» сата алмаймыз. Базар қожайыны рұқсат етпейді. Тек қана бір күндік, не бір жылдығын аласыз.
— Жарайды, қызым бір жылдығын бере ғой, бір жыл болса да елдің бетіне тура қарап жүрейін, — деп, Жүнбет «абыройды» сатып алып, қуанып үйіне қарай зытты.
Бір кезде манағы аудан әкімі Талтаңбай талтаңдап тағы келді. Ол бірден мың жылдық «абыройды» алғысы келіп еді. «Атақ» сатып аламын деп жүргенде, қалтасы ортайып мың жылдық «абыройға» ақшасы жетпей өкініп қалды. Мен «Абырой» сататын жерден барлық мекеме басшыларының кезекке тұрғанын көріп жағамды ұстадым. «Абырой» жұқпай өтіп жатыр. Қандай табысты бизнес. Масқара, сонда бәріміз де абыройдан жұрдай болған екенбіз дедім ішімнен. Қазіргі заманда «абыройдан» қас қағымда айырылуың мүмкін. Болмаса еріксіз айырып беретіндер көп-ақ.
Мен әрі қарай базарды аралап кеттім. Мәссаған, қызықты қара, мында қып-қызыл «ӨТІРІК» сататын жер бар екен. Бұл арада депутат мырзалар орын берер емес. Мұнда аудандық депутаттан бастап, мәжілістің депутаттарына дейін осында сенделіп жүр. Арасында шекелері жылтырап, бастары қылтиып бірен-саран облыс әкімдері де бар. Халық қалаулылары өтірікті «оптом» алып жатыр. Біздің ауданнан түскен депутат Қарсақбай тісін шұқып, екі қапшық өтірікті саудалап тұр. Ол былтыр «ауылға газ құбырын, ауызсу құбырын тартып берем» деп уәде берген еді. Алдыңғы жылы Арал теңізін Шалқар көліне қосамын дегені тағы бар. Шалқар қаласын жер жанаты Жетісуді айтпағанда, кіші Швейцарияға айналдырамын деп, елді аузына қаратқан. Аңқау қазақ оған сеніп, сенім артып жүр. Ал, ол болса «Барсакелместің» базарында өтірік саудалап жүр. Енді мына сатып алып жатқан екі қап өтірігі бес жылға азық болатын болды. Қарсақбай сатушыға көзін адырайтып:
— Қарындас, өтіріктердің гарантиясы бар ма? — деді.
— Бар ағай, бес жылға дейін жарамды.
— Ыммм, онда жақсы болды, Қытайдан шыққан емес пе?
— Жоқ, таза өзіміздікі, ағай, — деді сатушы.
Базардағы у-шудан басым қазандай болды. Миым ашып кетті. Сәл тынығатын оңаша жер іздедім. Құлағымның түбінен қатын дауысты бір жігіттің айғайы шошытып жіберді. Аузы жабылмай былай дейді:
— Сақал алыңдар, қара сақал алыңдар, қара сақал, — деп айғайлап тұр.
— Неге қара сақал, ақ сақал бар ма? — дедім.
Ол сықылықтап күліп жіберді.
— Айналайын, неге күлесің? — десем, ол айтады маған:
— Қазір қауғадай қара сақал мода, мектептегі оқушыдан бастап бәрі алып жатыр. Ақ сақал кімге керек? –дейді.
— Ақ сақал біздің зиялы ақсақалдар қауымына керек қой, — деп едім.
Сақал сататын жігіт одан бетер ішін ұстап тарқылдап базарды басына көтерді.
— Ағасы, қазір бізде ақыл айтар зиялы қауым бар ма, айтшы маған? — деді…
— Неге жоқ, бар… Мысалға мен саған айтайын құлақ салып тыңда десем, тілімнің ұшына ешкім ілігер емес, міңгірлеп дем арасында сақау болдым да қалдым. Япырай, сонда бұл қалай болғаны дедім ішімнен. Әлгі жігіт маған текенің сақалындай бір қара сақалды тегін қалтама салып жіберді. Сақалды ұстап басым салбырап базардың шетіне келдім. Шөлден тамағым кеуіп бара жатыр. «Барсакелместің» базарында емес, Сахараның шөлінде жүргендей болдым.
Қарсы алдымда «ШЫНДЫҚ» сатып отырған бір қарияны көрдім. Бір түрлі шаршап отыр.
— Ата, саудаңыз қалай? — дедім.
— Ой, балам, қазір шындық ешкімге керек емес. Сауда жүрмей тұр, — деді мұңайып.
Шынымен шындықтар сөреде көгеріп жатыр. Қарияны аяп кеттім.
Бір кезде көзім жоғарыда ілулі тұрған «СЫПЫРҒЫШТАР» деген үлкен жазуға түсті. Қасына барсам үсті-басы өрім-өрім әбден қажыған, шаршаған бір кейуана кемпір сыпырғыш сатып отыр. Жоқшылықтың зардабын тартқаны жүзінде жазылып тұр. Сұлбасы жиырма жыл бұрын мүжіліп, сарайдың төбесінде жатқан қаусаған кәрі жіліктің сүйегіндей көрінді. Тісі жел қаққан таудың үгітілген тасындай опырылуға қалған. Сіңірі шыққан күс-күс қолы машинаның моторын жөндеген механиктің қолы сияқты. Енді мен күлдім.
— Неге жетісіп күлесің, шырағым, — деп әлгі кемпір ұрысып тастады.
— Әже, мынандай крутой базарда қайдағы бір сыпырғыштарды сатып отырсыз, — дедім, күлкімді тия алмай.
— Әй, адамдар-ай, сендер ішкен-жегендеріңе мәзсіңдер. Бұл – базар емес, басқа түскен тажал. Қазір қоғамда қылмыс көп. Жер-жаһанды жалмаған жемқор көп. Таудай азаматтардың сағын сындыратын бәлеқор жексұрындар да жетерлік. Түк бітірмей санын сипап отырған намыссыз нансоғарлар қаншама, сан жетпейді. Менің сатып отырған сыпырғышым жер сыпаратын емес, қарағым, — деді, кемпір көзіне жас алып.
Ыржиып күліп тұрған екі езуім есектің артындай бір уыс бола қалды.
— Сонда мұнымен не сыпырады?
— Балам, бұл сыпырғыш қоғамдағы болып жатқан лас әрекеттерді, ағайын-тумасын жиып алып әкімшілікте отырған бюрократ бастықтарды түп-тамырымен қоғамнан сыпырып тастайды. Аластайды. Менің таңғалатыным базар ашылғалы адам баласы мойнын бұрып бір сыпырғышымды саудаламады…
— Әже, сыпырғышты мен сатып аламын, — деп, сұраған ақшасын санап беріп, сыпырғышты қойныма қыстырып базардың сыртына шықтым. Ойым – аудандағы шаруасын шалқайта алмай отырған қозы қарын мен мес қарындарды алты қабат әкімшілік үйінен айдап шығу. Шақша басыма бір арам ой сап ете қалды. Ең алдымен елді бүлдіріп жатқан мына базардағыларды сыпырғым келді. Жүгіріп барып «АТАҚ» пен «АБЫРОЙ» сатып тұрғандарға сыпырғышымды қатты сермеп қалып едім:
— Ойбай, ойбай, — деп, бақырған бір әйелдің ыңғайсыз дауысы шықты.
Таныс дауыс. Қатты айғайдан ұйқыдан оянып кеттім. Масқара, бетім-ай, «Барсакелместегі» базарым түсім екен.
— Оңбаған, қайыршы, — деп, әйелім Қатира жағымнан шапалақпен салып жіберді.
Көзімнің жанары жарқ ете қалды. Сүйтсем, сыпырғыш деп төсекте жатқан әйелімнің шашынан мықтап ұстап алыппын. Ұйқымның қатылығы сонша, мана сыпырғышты қыстырып базардың сыртына шыққанда, әйелімді шашынан сүйретіп ас бөлмеге апарыппын. Үйде қайын атам мен қайын енем қонаққа келген еді. Олар жарты сағат бойы мені ұйқыдан оята алмапты. Абыройдан айырылу деген міне, осы. Нағыз қатын сабайтын бетсіз мен болдым. Қап, әлгінде көрген түсімдегі абыройдан бір-екеуін сатып алғанымда деймін ішімнен. Үйдегілер «Барсакелместегі» базар туралы ештеңе білмеді. Олар мені ұйқыға емес, араққа мас деп ойлапты. Әйелім білсе, ол сондай базар бар екен деп, ел кезіп кетуі мүмкін. Бұл түсімді ешкімге айтпауға сөз бердім. Және мұндай базарлардың өңімде, яғни қазақ жерінде болмауын Құдайдан қатты тіледім…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!