Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институт. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, оның әдеп нормаларын сақтауы да ерекше маңызға ие. Себебі азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі көбіне мемлекеттік қызметшінің күнделікті іс-әрекеті, мәдениеті мен қарым-қатынасынан қалыптасады.
Мемлекеттік қызметші өз міндетін атқару барысында заңдылықты, адалдықты, әділдікті, ашықтықты және жауапкершілікті басшылыққа алуы тиіс. Азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне құрметпен қарап, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қызмет көрсету – мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі.
Әдеп нормалары қызметтік міндеттерді орындау кезінде ғана емес, әрбір азаматпен қарым-қатынаста көрініс табады. Сыпайы сөйлесу, азаматтарды мұқият тыңдау, мәселені объективті қарау, қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдаланбау – мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің көрсеткіші.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметші қоғам алдында өзін жоғары жауапкершілікпен ұстауы қажет. Қызметтік әдеп талаптарын сақтау мемлекеттік органның беделіне тікелей әсер етеді. Бір қызметшінің орынсыз әрекеті немесе әдепке жат қылығы тұтас мемлекеттік органға деген қоғамдық көзқарасқа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекеті арқылы мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыратынын түсінуі маңызды.
Мемлекеттік қызметшілер үшін сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, мүдделер қақтығысын болдырмау, қызметтік өкілеттіктерді адал пайдалану және азаматтардың құқықтарын құрметтеу – негізгі қағидаттардың бірі. Бұл талаптардың барлығы халықтың мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық пен халықпен тиімді коммуникацияға ерекше мән берілуде. Осы ретте мемлекеттік қызметшінің мәдениеті мен әдептілігі азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының сапасын арттырады. Халыққа жақын, ашық әрі жауапты мемлекеттік қызмет қалыптастыру – ортақ міндет.
Әдеп нормаларын сақтау тек белгіленген талаптарды орындау емес, ең алдымен, мемлекеттік қызметші бойындағы жоғары адамгершілік пен кәсіби жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір қызметші өз қызметін халықтың игілігіне бағыттап, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қараған жағдайда ғана мемлекеттік қызметке деген сенім арта түседі.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауы – мемлекеттік қызметтің сапасы мен беделінің маңызды көрсеткіші. Адалдық, әділдік, жауапкершілік және халыққа құрмет – мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы болуы тиіс. Өйткені халық сенімі – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі.
Ұ.Оразгелдіұлы,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!