Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еркексіз үйдің еңсесі

25.06.2026, 6:40 61

Таң әлі атпай, әтеш шақырмай тұрып Бибігүл оянады. Шынында оянбайды, өйткені бұл үйде ұйқы деген баяғыда  қашқан. Қараңғыда қол сермеп шамды жақпай-ақ киінеді, әбден жаттыққан қол өзі біледі. Терезеден сығалаған ай сәулесіне қарап, бүгін де сол баяғы тірлік басталғанын ішінен түйеді. Сыр бойының қай ауылында болсын мұндай үй көп. Сырттай қарасаң, түтіні түзу шығып тұрған, бала-шаға у-шу қаз-қатар өсіп жатқан үйдей көрінеді. Ал есігін ашсаң, ішінде бір әйел бүкіл шаңырақтың жүгін жалғыз көтеріп жүргенін көресің. Ері – алыста, вахтада. Айына бір рет, кейде екі айда бір рет қана хабарласады. Ал күнделікті тіршіліктің бар салмағы – осы әйелдің мойнында. Бибігүлді  тұтас қазақ  отбасындағы  әйел  портреті  ретінде  қабылдасаңыз  да  артық  емес.

Бибігүл бұл ауылға келін болып түскенде мұндай күй кешем деп ойлаған жоқ еді. Ат шаптырып, ұлан-асыр жасалған тойдан кейін екеуі бір-бірінің көзіне қарап, өмір сүреміз деп уәделескен. Алғашқы жылдары солай болды да. Бірақ ауылда жұмыс таусылды. Күріш атызы суға жарымай, шаруашылық қысқарып, ер-азамат қол қусырып қалды. Ауылдағы жал­ғыз тұрақты жұмыс мектеп пен дәрігерлік амбулатория, ал ол жерге бәрі сыймайды. Содан ерлер бірінен соң бірі түйіншегін арқалап, қалаға, кенішке, шеткі облысқа аттанды. Бибігүлдің жары да бір көктемде «балаларымның болашағы үшін» деп жолға шықты. Сол кеткеннен мол кетті. Ауылда қалғандар тек әйелдер мен қарттар, бірде-бір жас жігіт көрінбейді көшеде. Енді Бибігүл­дің бір күні былай өтеді. Таңмен таласа тұрып, әуелі малын суара­ды. Сиырын сауып, бұзауын ағытып, қо­йын өріске қосады. Бұл шаруаны бұрын ері істейтін, енді өзі үйренді. Қолы қатайды, иығы салбырады, бірақ шаруа бітпейді. Содан үйге кіріп, балаларын оята­ды. Үшеуінің киімін реттеп, шашын тарап, нанын қолы­на ұстатып мектепке жібереді. Кенжесі – әлі бөбек, оны көршідегі енесіне қалдырады. Қарт енесінің өзі күтімге зар, бірақ бар амалы сол кемпір болғасын, баланы соған тапсырады. Сосын өзі атызға, не қарасу маңындағы егінге барады. Әйел кісінің күрек ұстауы, су тоғыту, шөп оруы бұрын ерсі көрінетін, ал қазір әдетке  айналды. Қажыған денесін ауыр жұмысқа салып, күн ұясына батқанша  еңбек  етеді.

Кешке үйге оралғанда тағы бір күн басталады. Балаларының сабағын тексеру, кешкі ас, кір-қоқыс, ертеңгі дайындық. Жатарда ғана сәл тыныстайды. Сол кезде ғана телефонын алып, ерінің суретіне ұзақ қарайды. Кейде хабарласа алмай, тек хабарламамен амандасады. «Балалар аман ба, өзің қалайсың?» деген  бір  ауыз сөзге зар. Ері де қиналып жүр, оны Бибігүл біледі. Алыста, бөтен жерде, бөтен төсекте жатып, баласын сағынып, әйелін аңсап жүргенін сезе­ді. Бірақ амал қайсы? Тіршіліктің тауқыметі екеуін екі айырып тастаған. Кейде Бибігүл жастыққа басын қойып, жасырын жылайды. Балаларына білдірмейді, өйткені ананың көз жасы бала жүрегін жаралайды. Сондықтан күндіз күлімдеп, түнде  егіледі.

Мұндай тағдыр Бибігүлдің ғана басындағы күй емес. Сыр өңірінің талай ауылында дәл осындай жайт қайталанады. Бір ауылда отыздан астам жігіт үйленбей, бойдақ жүр, оның алды қырыққа таяған деген деректі қоғам белсендісінің әлеуметтік желідегі жазбасынан оқып қалдық. Себебі ауылдан оқуға кеткен қыздар қалада қалып, кері оралмайды, ал балық аулап, мал бағып отырған ауыл жігітінің үлкен қалаға барып жар таңдауға мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп бір ауылда жесір де емес, ері бар да емес, аралықта жүрген әйел­дер көбейді. Ері бар, бірақ қасында жоқ. Үйі бар, бірақ жайлы емес. Мұны халық «сабаған тұл» демейді, бірақ жүрегінде сондай бір орны толмас бостық сезінеді. Бұл үрдістің ресми атауы болмаса да, олар туралы статистка жасалмаса да, дария жағасын пана қылған қауымның көбі осы тіршіліктің иінінде жүр.

Сарапшылар мұны әрине түрлі өлшеммен қарас­тырады. Жұмыс іздеп кеткен азаматтардың саны, вахтаға қатынайтындардың үлесі, ауылдағы жұмыссыздық деңгейі секілді статистика – сұранып тұрмаса да, зерттеу керек тақырып. Ал сол тағдырдың артында Бибігүл сияқты мыңдаған әйелдің таңатты тіршілігі өтіп жатқанын байқап жүргендер кем. Шынында, бұл тақырыпты қолға алып, нақты жайын білген, неше әйел күйеуінсіз күн кешіп жүргенін, неше бала әке мейіріміне зар өсіп жатқанын бажайлағандар бар ма? Жоқтың қасы. Сырттай қарасаң, бұл ауылдардың тұрмысы тұрлаулы, отбасылары аман сияқты. Ал шаңырақтың жартысы алыста, жартысы ауылда қалғанын, бір үйдің кереге-уығы екіге бөлініп жат­қанын ешкім аңғара бермейді. Себебі мұндай тағдыр­дың салмағын таразыға тартатын өлшем жоқ. Сағынышты, жалғыздықты, ананың түн ішінде сыртқа шығармай жұтқан запыранын қандай таразы көтерсін? Адам баласы көзге көрінгенді, қолмен ұстағанды ғана бажайлайды. Ал Бибігүлдің иығына түскен жүкті, ұйқысыз түндерін, балаларына білдірмей еткен сабы­рын кім байқайды? Дабырасыз өткен өмірдің құнын кім бағалайды? Биліктің есеп-қисабында ол бір жол ғана болар, ал шынайы өмірде бір шаңырақтың бүтін тірлігі, бір ананың бүкіл ғұмыры тұр. Кейде «осы жандардың төзімі мен бейнеті лайықты бағасын алып жүр ме екен?» деп ойлаймыз. Олар жайлы жыр жазылмайды, той үстінде есімі аталмайды, мере­кеде төрге озбай­ды. Ел көзіне түспей, бар ауыртпалықты үндемей арқалап, өз тірлігін өзі тындырып жүре береді. Бұрын ауыл әйелі ерінің қасында, қанаттас жүретін. Енді сол ердің жүгін қоса арқалап, қос өгіздің артқанын жалғыз сүйреп келеді. Мұның өзі ерлік емес пе? Бірақ оны ешкім ерлік демейді, өйткені көзге үйреншікті, күнге таныс боп кеткен. Адам әдеттенген дүниенің қадірін тез ұмытады. Ал сол қарапайым күнделікті төзімнің астында мұқалмас бір қайрат, майыспас бір тек  жатқанын  ұғар  жан  сирек.

Кешкі  шай  үстінде кенжесі анасының тізесіне  басын қойып, «Апа, әкем қашан келеді?» деп сұрайды. Бибігүл баланың шашынан сипап, көзіне жас алмау­ға тырысып, «Жақында келеді, балам, жақында» дейді. Шынында  өзі де білмейді, әкенің қашан оралатынын. Сосын  күрсініп, баласын құшағына қысып, терезеден көз алмай ұзақ отырады. Ауыл ұйық­тайды. Ал ері кеткен үйдің  оты сөнбей, бір әйел­дің  демімен түн  бойы  жанып  тұра  береді.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: